Алматының жаңа әкімі жоспарымен бөлісті

Бүгін Мемлекет басшығының Жарлығымен Дархан Сатыбалды Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды.
Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай қатысқан Алматы мәслихаты жиналысында жаңа әкім Алматының басты мәселелерін атап өтті.
– Алматы – бұл еліміздің ірі мегаполисі ғана емес, сонымен қатар мәдени, экономикалық, ғылыми және білім беру орталығы. Бұл бай тарихы бар, рухы ерекше және үлкен мүмкіндіктер қаласы. Сондай-ақ қаламызда бірқатар сын-қатерлер бар. Бұл, ең алдымен, экологиялық проблемалар, көлік жүктемесі, сапалы және тұрақты сумен жабдықтау мәселелері, инженерлік желілердің тозуы, тығыз құрылыс. Біздің алдымызда қаланың одан әрі тұрақты дамуы және әрбір алматылықтың өмір сүру сапасына байланысты міндеттер тұр, – деді ол.
Алматы қаласының жаңа әкімі келесі бағыттарға басымдық беретінін атап өтті:
1. Көлік жүйесін дамыту және экологияны жақсарту
Оның айтуынша, қоғамдық көлікті дамыту әкімдік қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Күнделікті көлік кептелісі, жолдардың шамадан тыс жүктелуі, атмосфералық ауаның ластануы сынды мәселелерді шешу үшін заманауи және экологиялық автобустарды сатып алу, автобус және троллейбус желілерін кеңейту, маршруттарды оңтайландыру және қозғалыс аралықтарын қысқарту қамтамасыз етілетін болады.
– Метрополитен құрылысы қарқынды жүргізіліп, BRT желілері кеңейтіледі.
Алматы экологиялық тұрақты мегаполиске айналуы тиіс. Ол үшін сапалы көгалдандыру, қоғамдық кеңістіктерді дамыту, қоқыстарды бөлек жинау және кәдеге жарату, энергия тиімділігі және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану жөніндегі бастаманы қолдау, электромобильдер мен экологиялық таза технологияларға көшу үшін ынталандыруды енгізу қамтамасыз етіледі, – деді әкім.
2. Тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігі
Дархан Сатыбалды сумен қамту, жылумен жабдықтау, электрмен қамтамасыз ету желілерін жүйелі түре жаңартылатынын атап өтті. Одан бөлек айтуынша, тұрғын үй қоры мен қоғамдық ғимараттардың сейсмикалық қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді.
– Аудандарды абаттандыру, аулаларды, көше жарығын, тротуарларды, халықтың жүріп-тұруы қиын топтары үшін қолжетімді ортаны құру – мұның бәрі жәй ғана уәде емес, нақты мерзімдері мен нәтижелері бар жоспар болады, – деді ол.
3. Экономиканың тұрақты дамуы және кәсіпкерлікті қолдау
– Алматы – бастамашыл және тапқыр адамдардың қаласы. Біз шағын және орта бизнеске жаңа қаржы құралдары, жеңілдетілген әкімшілік рәсімдер және индустриялық аймақтарды дамыту арқылы қолдау көрсетеміз, – деп уәде етті әкім.
Дархан Сатыбалды қала IT-саланы, стартаптарды, креативті индустрияларды, туристік және білім беру қызметтерін дамыту алаңына айналатынын айтты.
4. Қолжетімді және сапалы білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау
Алматы әкімі белсенді дамып келе жатқан аудандарда жаңа мектептер мен балабақшалар салуға, жұмыс істеп тұрған оқу орындарын жаңғыртып, цифрлық білім беру технологияларын енгізуге уәде берді.
Айтуынша, денсаулық сақтау жүйесі – емханаларды жаңарту, шалғайдағы шағын аудандарда жаңа медициналық пункттер салу, қызметтерді цифрландыру және салалық мамандарға қолжетімділік арқылы күшейтілетін болады. Ал Халықтың осал топтары – көпбалалы, қарт, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауға ерекше назар аударылады.
5. Алматы – жастар қаласы
– Алматы – білім алуды, дамуды, жасампаздықты, елді өзгертуді қалайтындар үшін тартылыс нүктесі. Жастарды, олардың бастамаларын қолдау, білім алу, бизнесті бастау, шығармашылық жобаларды іске асыру үшін инфрақұрылымды дамыту — менің жұмысымның негізгі басымдықтарының бірі болады, – деді қала әкімі.
6. Ашықтық, диалог және есеп беру
Дархан Сатыбалды алдын ала дайындалған маршруттарға емес, аулаларға, мектептерге, базарлар мен көшелерге, яғни шынайы Алматыға үнемі шығып тұратынын атап өтті.
– Басқарудағы менің басты қағидаттарымның бірі – жергілікті атқарушы органдардың ашықтығы және тұрғындармен тұрақты диалог жүргізу болады. Қарқынды дамып келе жатқан мегаполисте тек кері байланыс, азаматтардың сенімі мен қолдауы арқылы тұрақты және әділ қалалық саясат құруға болады, – деді ол.