Жуалыда «Ауыл аманаты» бойынша 1 130 адам тұрақты жұмыспен қамтылды

Елімізде ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасып келеді. Соның ішінде тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартуды мақсат еткен «Ауыл аманаты» жобасын айрықша атап өтуге болады. Аталған жоба халықтың табысын арттыруға арналған кешенді шара ретінде ауыл тұрғындарына тиімді несие ұсыну, үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану, жеке қосалқы шаруашылықты дамыту, қолынан іс келетін азаматтарды кооперативке топтастыру арқылы жергілікті жерлерде тұрақты табыс көзін қалыптастыруды көздейді. Қазіргі таңда бұл бастама еліміздің бірқатар өңірлерінде нақты нәтиже беріп, ауылдағы ағайынның шаруашылығын тіктеуіне мол мүмкіндік беруде. Өз кәсібін ашып, мал өсіріп, жер емген шаруалардың қатары күн өткен сайын артып келеді. Әсіресе жастардың ауылға бет бұруына түрткі болған жобаның әлеуметтік маңызы зор.

Облысымызда «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 2019-2023 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы 42,2 миллиард теңге бөлініп ол қаржыға 62 ауылдық округтен 8028 жоба несиелендіріліпті. Тарқата айтсақ, 37 миллиард теңгеге 252 мың мал сатып алу үшін 7 890 несие берілген екен. Құрылған 57 кооперативтерге жергілікті бюджет есебінен 3,5 миллиард теңгеге 533 дана ауыл шаруашылығы техникалары лизинг жүйесімен үлестірілген. Аталған кооперативтер 946,9 миллион теңге айналым қаражатын алыпты.

Ауылды елді мекендерде өз кәсібін ашу бағытында 730 миллион теңгеге 97 жоба қаржыландырылған.

– Былтыр аталған жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен қаржы бөлінген жоқ. Осы жылға «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға 5 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға 700 аса жоба несиелендірілуде. Жобаны тиімді іске асыру және жоспарланған қаржыны игеру мақсатында 2023 жылғы облыс әкімінің өкімімен арнайы жұмысшы топ бекітілген болатын. Сонымен қатар аудан әкімдіктері толығымен аудандық деңгейде жобалық топтар құрды. Сондай-ақ 153 ауылдық округтерде жұмысшы топтар бекітілді. Бұл мақсатта арнайы жұмыс алгоритмі және құрылған топтардың жұмыс жоспарлары әзірленді. Скрининг жұмыстары барлық 153 ауылдық округтерде жүргізіліп, олардың нәтижелері бірыңғай ақпараттық жүйеге енгізілді. Зерделеу кезеңінде жергілікті жерлерде қосалқы шаруашылықтардың өнімдерін орталықтандырылған сатып алу, сақтау, бастапқы өңдеу, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және басқа да ұйымдастыру шараларының жоқтығы анықталды. Бұл қаржыны игеру мақсатында ауыл шаруашылығы және саладан тыс бағыттағы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 50-ден астам үлгілік жобалар тізбесі жасақталып, ауыл тұрғындарына ұсынылды. Үлгілік жобаларда, жобаның жалпы құны, сатып алынатын қондырылғылардың тізімі, технологиялық және экономикалық процесстері толық көрсетілген, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов.

«Ауыл аманаты» жобасы облыс аудандарында жемісті жалғасуда. Оның ішінде Жуалы ауданында да жоба жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. 2019-2024 жылдар аралығында осы бағдарлама аясында аудан бойынша 6 ауылдық округ қамтылып, барлығы 3 263 аула жобаға қатысқан. Жоба бес бағыт бойынша іске асырылып, ауыл тұрғындарының тұрмысын тіктеуге, еңбекпен қамтылуына және табыс табуына мол мүмкіндік беріп отыр.

Жуалы ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаевтың айтуынша, бірінші бағыт – үй іргесіндегі жер телімдерін тиімді пайдалану. Бұл бағыт аясында тиісті аула иелігіндегі 319 гектар жерді игеруге 14,7 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініпті. Ауыл тұрғындары үй іргесіндегі бос жатқан жерлерді көкөніс, бақша дақылдары мен мал азығын егуге тиімді пайдалана бастаған. Екінші бағыт – жеке қосалқы шаруашылықтарды мал шаруашылығы арқылы дамыту. Аталған бағыт бойынша 805 ауыл тұрғынына 16 140 бас мал сатып алуға 4,5 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Оның ішінде мүйізді ірі қара саны – 3 328, жылқы – 2 543, ұсақ мал саны 10 269-ға жеткен. Мал санының артуы ет, сүт өнімдерін көбейтуге де, шаруашылықты кеңейтуге де сеп болуда.Үшінші бағыт – егістік жерлерді игеру және ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру. Осы мақсатта аудан бойынша 4 394 гектар егістік алқап игеріліп, оған 155,5 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Нақтырақ айтқанда, арпа – 2 270 гектарға, бидай – 520 гектарға, мақсары – 650 гектарға, жүгері – 110 гектарға, жоңышқа – 758 гектарға, картоп 36 гектар жерге егілген. Төртінші бағыт – ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту. Жоба аясында барлығы 61 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен құрал-жабдықтары сатып алынған. Олардың қатарында 17 трактор, 1 астық жинайтын комбайн, 2 шөп оратын комбайн, 1 жүгері жинайтын комбайн, 1 сүт тасымалдайтын көлік және түрлі мақсаттағы 39 техника тіркемесі бар. Атап айтқанда, 8 соқа, 8 дән сепкіш, 7 «Кун» тетігі, 4 тыңайтқыш сепкіш, 3 тіркеме мен 3 шөп престеуіш, 2 тырма және бір-бірден картоп егетін құрал, тас тергіш, қопсытқыш, арық қазғыш құұралы бар. Осы техникалар шаруаларға озық технологиямен еңбек етуге мүмкіндік беріп, жұмыс өнімділігін арттырып жатса керек. Бесінші бағыт – ауылдық кәсіпкерлікті дамыту. Аталған бағыт аясында жалпы 102,1 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие беріліп, 8 кәсіпкер өз кәсібін жаңадан бастауға, кейбірі кәсіп аясын кеңейтуге мүмкіндік алыпты. Қазіргі таңда аудан аумағында кондитерлік цех, бал ара өсіру шаруашылығы секілді 3 жоба, наубайхана, жиһаз цехы, техникалық жөндеу орталығы, сүт өңдеу цехы, жылыжай кешені және кілем тоқу цехы сияқты өндіріс орындары жұмыс істеп тұр.

– «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылуы мемлекеттің ауыл халқына деген нақты қамқорлығы мен қолдауының айқын көрінісі. Жуалы ауданында аталған жобаның жүзеге асуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отыр. Жоба аясында мал шаруашылығы бағытында қомақты нәтижелерге қол жеткізілді. Бүгінгі таңда Жуалы ауданының 6 ауылдық округінде мүйізді ірі қара малдың саны 25 907-ге жетіп, 124 пайызға өсті. Жылқы саны 9 679-ды құрап, 130 пайыздық өсімді көрсетсе, ұсақ мал саны 96 369 болып, уақ мал саны 112 пайызға артты.  Бағдарламаның басты бағыттарының бірі – ауылдық кәсіпкерлікті дамыту. Осыған орай 6 ауылдық округте барлығы 813 жеке кәсіпкер мен 6 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Нәтижесінде 1 130 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Аталған 6 округте атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың санының осы жобаның арқасында азайып отыр. Егер бұрын 102 отбасы АӘК алып келген болса, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 49-ға қысқарды. Яғни 53 отбасы несие алып, өз кәсібін бастап, әлеуметтік көмекке тәуелді болудан бас тартты.

Жоба аясында ауыл шаруашылығы кооперативтерін техникалық жабдықтау мәселесі де назардан тыс қалмады. Бүгінде 6 ауылдық округтегі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері 61 жаңа техникамен қамтамасыз етілді. Бұл өнімділікті арттырып қана қоймай, еңбек үдерістерін оңтайландыруға мүмкіндік беруде. Сонымен қатар 105 шағын шаруа қожалығы жаңа құрылған кооперативтерге бірікті. Мұндай бірігу нарыққа еркін шығуға, өнім көлемін арттыруға және ортақ мүдде аясында тиімді жұмыс істеуге жол ашуда, – дейді Ержан Байұзақұлы.