Елге Ресейден 30 тонна жұмыртқаны заңсыз кіргізбек болған

Ресей Федерациясымен шекарадағы «Сырым» ветеринариялық бақылау-өткізу бекетінде Самара қаласынан Атырау облысына бағыт алған 30 тонна (30 000 кг) тағамдық жұмыртқаларды Қазақстан Республикасына заңсыз әкелу әрекеті анықталып, жолы кесілді. 

— Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің мамандары екі жүк көлігіне ветеринариялық тексеру жүргізу барысында ветеринариялық-санитариялық заңнаманың талаптары бұзылғанын анықтады. Атап айтқанда, жүкті сүйемелдейтін міндетті ветеринариялық құжаттардың жоқтығы тіркелді, бұл — қолданыстағы ережелердің тікелей бұзылуы. Сонымен қатар, аталған өнімге уақытша шектеулердің енгізілуіне байланысты оны әкелуге тыйым салынған, — делінген АШМ хабарламасында.


Фото: АШМ
Тексеру нәтижелері бойынша, жүк тиелген көліктер Қазақстан Республикасының аумағынан кері қайтарылды. Ветеринариялық заңнаманы бұзғаны үшін жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.


Фото: АШМ
Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен мемлекеттік шекара арқылы өнімдерді тасымалдау кезінде ветеринариялық бақылау-өткізу бекеттерінде ветеринариялық талаптардың бұзылуы бойынша 377 жағдай тіркелді. Өткізілген тексерістердің нәтижесінде 163 тұлғаға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, жалпы сомасы 7,6 млн теңге айыппұл салынды.