Желіде «Нұр-Мұқасан» тобының жаңа мүшесі Ғалымжан Сүлейменді соққыға жықты деген күдікке ілінген танымал әнші Мұқасан Шахзадаевтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Бұл ақпаратты ең алғаш болып оқиғаға қатысты мәлімдеме жасаған журналист және қоғам белсендісі Жан Ахмадиев жариялады. Оның сөзінше, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Ахмадиев желідегі видеосында былай деді:
«Қайырлы күн, қасқыр мінез қазағым! Күні кеше бізге Мұқасан Шахзадаевтың ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалғаны жайлы ақпарат келіп түсті. Ғалымжан мырза да «соңына дейін барамыз» деп отыр. Мен оның әрекетін дұрыс деп санаймын. Оның әділдікке жетуіне бар күшімізді саламыз. Сіздерден де қолдау керек, қазақ елі», – деді журналист.
Бұған дейін Ғалымжан Сүлеймен өзінің топ құрамына қосылғаннан кейін бұрынғы солист Мұқасан Шахзадаев пен бірнеше адамның тарапынан соққыға жығылғанын айтқан еді. Желіде тараған ақпарат қоғамда үлкен резонанс тудырып, көпшіліктің ашу-ызасын туғызған.
Қазіргі уақытта оқиға бойынша құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізуде. Оқиғаның нақты мән-жайы мен Шахзадаевқа қатысты түпкілікті шешім тергеу аяқталғаннан кейін белгілі болады.