Елордада «Заң мен тәртіп» акциясы аясында «Сандық қауіпсіздік сабақтары» атты форум өтті

Бүгін, 15:24 / Alashorda
Alashorda.kz сайты

Бүгін Астанада «Заң мен тәртіп» акциясы және «Jargyn Bolashaq» жобасы аясында жастар арасында «Сандық қауіпсіздік сабақтары» атты ауқымды форум өтті, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Форумға Президент Әкімшілігінің өкілдері мен Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың жетекшілері, танымал блогерлер, медиа тұлғалар, спортшылар, әртістер және жастар қозғалыстарының лидерлері қатысты.

Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының басшысы Шыңғыс Тілеулин форумға 1300-ден астам адам қатысқанын ескертті. Сондай-ақ ол форумның мақсаты жастар үшін қауіпсіз ақпараттық орта қалыптастыру, сандық және қаржылық сауаттылықты арттыру, алаяқтық схемаларға және лудоманияға қарсы тұрақты иммунитетті дамыту екенін тілге тиек етті.

«Бүгінгі іс-шараны «Жарқын болашақ» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі мен Астана қаласы әкімдігіне қарасты «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырып отыр. Осы форумның аясында жастар әртүрлі алаяқтықтан сақтанып, цифрлық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік алады.

Себебі бүгінгі жиынға елімізге есімі кеңінен белгілі блогерлер мен «Патруль» сериалына түскен актерлер және «Спарта Астана» көңілді тапқырлар клубының мүшелері өз ойын ортаға салатын болады. Дәл осы іс-шараның арқасында жастар қаржылық алаяқтықтан қалай сақтану керектігін біле алады. Өкінішке қарай, соңғы кездері елімізде цифрлық алаяқтық оқиғалары күшейіп кетті. Сондықтан да бүгінгі форумға елорданың жастары мен әртүрлі оқу орындарында оқитын студенттер қатысып жатыр. Өз басым бұл форум жастарға пайдалы болады деп сенемін», – деді ол.

Ал «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының жастармен тәрбие жұмысы және құқық бұзушылықтың алдын алу бөлімінің басшысы Арайлым Сапарәлі болса, бүгінгі жиынның маңызы зор екенін айтты.

«Бүгінгі форумның басты мақсаты жастардың арасындағы, жалпы қоғамдағы қаржылық сауатсыздық пен интернет алаяқтықтың өршіп кетуінің алдын алу. Өздеріңізге белгілі, соңғы кездері елімізде қаржылық сауатсыздық пен интернет алаяқтық үлкен мәселе болып тұр. Сол алаяқтықтың алдын алу мақсатында жастар арасында еркін форматтағы форум ұйымдастырып жатырмыз.

Қазір жастар ақпаратты әлеуметтік желі арқылы тез әрі жеңіл қабылдайды. Осыны ескеріп, біз жастар арасында танымал, сұранысқа ие блогерлер, медиа тұлғалармен бірлесе отырып, солардың мысалында қаржылық сауаттылық пен интернеттегі алаяқтықтың алдын алу бойынша кездесулер мен танымдық лекцияларды ұйымдастырып отырмыз.

Форум лекция және талқылау форматында өткізіледі. Әрбір спикер өзіне қатысты белгілі бір тақырыптың өзектілігін ашып, сұрақ-жауап алмасу бағытында жастардың көкейіндегі сауалдарға жауап береді. Жиында спикерлер күнделікті өмірде интернет алаяқтығынан қалай сақтануға болатынын нақты мысалдармен дәлел келтіріп айтады.

Мәселен, Айдос голограммасы арқылы әрбір азамат қаржылық сауаттылық немесе интернет алаяқтыққа байланысты сұрақтарға жауап ала алады. Бұл робот қазіргі таңда жасанды интеллекті дамыған заманда жастардың санасына бұл ақпараттардың тез сіңуіне ықпал етеді деп ойлаймын», – деді ол.

 

 

Елорда «Заң мен тәртіп» акциясы «Сандық қауіпсіздік сабақтары» Арайлым Сапарәлі Шыңғыс Тілеулин «Астана жастары» «Jargyn Bolashaq» жобасы