«Ешкімге керексіз боп қалдық». Табылды Досымов Алматыдан неге кетті?

Бүгін, 17:46 / Alashorda

Қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымов естелігінде өзіне қиын кезде қоғам және мемлекет қайраткері Иманғали Тасмағанбетовтың көмек бергенін жазады, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

***

Алматыда жүріп ауылға кeтiп қалғанымды әркім сан-саққа жүгіртеді. Менің елге кетуіме тек қана бір себеп болды. Мен – кемпір-шалдың жалғыз баласымын. Біріншіден, бағып-қаққан, өсірген-жеткізген ата-анамды тастап кетуге қимадым. Оның үстіне қазақтың салтында жалғыз бала әке-шешесінің қасында болуы керек. Аздаған талантыма малданып, Алматыда жүре берсем болатын еді, бірақ, перзенттік борыш деген маза бермеді. Ата-анам жағынан «балам, бізге алаңдама, болатын жағыңды ойла!» деген әңгімелер болды. 1990 жылдары Фариза апай «ауылға кетсең отырып қаласың, сен одан да осында қал, екі жылда үй мәселесі де шешіліп қалады, сосын кемпір-шалыңды көшіріп алып келесің» деп «Ақжелкен» журналына жұмысқа шақырған. Бірақ, олар Алматыға келуге қарсы болды, мен де қара басымды күйттеп, олардың ұясын, отанын, ошағын бұзғым келмеді. Оларды мұнда әкеп жүргенше, есесіне өзім барып тұрайын деп шештім. Әбіш Кекілбаевтан бір француздың журналисі «сіздің қолыңызда анаңыз бар екен ғой» деп сұрапты. Сол кезде Әбекең «жоқ менің қолымда анам бар емес, мен анамның қолында тұрамын» деген екен. Сол айтпақшы, кемпір-шалдың қолында тұрамын.

 Әкем – экспедицияда көлік жүргізуші, шешем – мәдениет саласында қызмет жасаған адам. Жастары сексенге келіп қалды. Өте қарапайым, ел сыйлайтын, халық құрмет тұтатын отбасында өскенмін. Менің шешем жетім өскен. Әкесі Құлман деген кісі кәмпескеге ұшырап кеткен көрінеді. Бірақ өнер маған түп нағашымыздан дарыған. Жайықтың бойында «төрт беріш» деген ел бар. Беріштен Бегіс таралады. Сол елде Қиса Көпжанұлы деген ақын бар, әрі айтыскер, көптеген өлеңдер, әндер шығарған. Балсан қызбен айтысқан, батыс жыр мектебінде «Қисаның әні» деген ән айтылады. Маған өнер сол кісіден «жұқты» деп есептеймін.
 Атырауға барғаннан кейін, біразға дейін үнсіз жатып қалдым. Мен елге барған кезде заман өзгерді, біз ешкімге керексіз боп қалдық. Атырау үшін жаңадан талантын бастап келе жатқан жас – оқу бітіріп келген көп баланың бірі ғана болатынмын.

Атырау қаласында үш жыл тұрдым. Ешкімді ешкім біліп жатпады, үй беру, жағдай жасау болған жоқ, қолдау таппадым, ақыры үй-күй жоқ болғаннан кейін туған жерім Индер ауданына кетіп қалдым. Онда менің жұмысым да болған жоқ, амалсыз кез келген жұмыстарды істедім. 2000 жылы елге Иманғали Тасмағамбетов облыс әкімі болып келді, сол жылы «Мәдениетті қолдау» жылы да басталды. Менің өнерге қайта жақындауыма сол кісінің үлесі бар. Мені мәдениет саласындағы үлкен жұмысқа қойды, жолымды ашты, көмек көрсетті. Осыдан бастап, баяғы жігіттермен, халықпен қауыша бастадым, әдеби, мәдени ортада көріндім...

Атырау облысы Иманғали Тасмағанбетов Табылды Досымов