«Осы өзеннің жағасында мен өзімнің ең сұлу нақсүйерімді тауыппын»

22 қыркүйек, 2025 / Alashorda
Ашық дереккөз

Жазушы Оразбек Бодықов әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовқа байланысты естелігінде «Арыс жағысында» әнінің қалай дүниеге келгенін жазады, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

***


Шәмші өз әндерінің қалай туғанын әңгімелей жүріп, «Арыс жағасынданың» қалай жазылғанын айтқан емес. Мен онан осыны сұраған едім, ол сәл ойланып, сәл жымиып, былай деді:

– Бір күні маған бір қараторы, дембелше жігіт жолықты да «Мен Қалқожа Жолдықожаевпын» деді.

– Е, болсаң бол. Оны маған несін айтып тұрсың?

– Екеуміз де Арыстың бойында туыппыз. Бір өзеннің суын ішіппіз. Артымызда Арыс тұрғанда алдымда жолыққан ешкімнен де сескенбеймін. Осы өзеннің жағасында мен өзімнің ең сұлу нақсүйерімді тауыппын. Шәмші деген атыңыз бар, қалайша осы өзеннің бойында бір сұлу жолықпады сізге?

– Неге олай дейсің? Ондай сұлу менің қиялымда осы Арыстың бойында туды.

– Олай болса, әндеріңізде неге Арыс жоқ? Айналайын ерке өзеннің аруларын неге ән етпедіңіз? Оларды әлде жақтырмайсыз ба?

– Әй бала, сен қалай-қалай сөйлейсің? Мен кімді ән қылам, кімді... онда сенің не шаруаң бар?

– Шаруам бар! Өскен жеріңіздің сұлуларын неге жырламайсыз? Мен – Қалқожа, соны айтуға келдім, – деді де тайып тұрды.

– Өй, әлгі ит не деп кетті? – деді қасымдағылар.

– Ол менің нағыз жанды жерімді түртіп кетті! – дедім мен.

Шәмшінің «Арыс жағасында» әнінің жазылуына әлгі жігіт себеп болыпты. Оның көз алдына небір аруларды келтіріпті. Бірақ, күллі қазақ халқы зор сүйіспеншілікпен іліп әкеткен осы әнді радиоға өткізу Шәмшіге зор қиындыққа түсті. Радионың музыкалық кеңесінің мүшелері бұл әнді тыңдап болып: «Ой, бұл да вальс екен... тағы да ұқсастық бар... ән секілді емес» – деп қабылдамай қояды. Әннің табиғатын шын түсінген, оның зор болашағы барын бірден сезген әншілер Ескендір Хасанғалиев пен Нұрғали Нүсіпжанов кеңеске өз сөздерін өткізе алмағаннан кейін, екеуі шығып кетеді де, музыка жазатын студияға барып «Арыс жағасынданы» жарты сағат ішінде дуэт етіп дайындап, шырқап қоя береді. Бұл әсем әнді естіген радио қызметкерлері түгел жиналып қалады. Сол сәтте Нұрғали: «бірақ, бұл әнді басшылар қабылдамай отыр» дей салады. Әлгілер көркемдік кеңес өтіп жатқан бөлмеге тұра жүгіріп, айқай шығып кете жаздайды. Бұл ән радиоға осылайша Ескендір мен Нұрғалидің азаматтығы арқасында қабылданады.

Содан 20 жыл өткеннен кейін әлгі жігіт Шәмшіге тағы да жолығыпты. Ол Бөген ауданының орталығы Темірлан да тұрады екен. Ауыл үстінен олай-бұлай өтіп жүрген Шәмшіні оқыс кідіртіп:

– Мен Қалқожамын! – дейді ол.

– Болсаң бол...

– Бірақ бүгіннен бастап Сайлыбаймын. Сондықтан сізбен қайта танысуға тура келіп тұр.

Солай дейді де, әлгі жігіт көшенің ортасында тұрғанына да қарамастан, «Арыс жағасынанды» барылдай шырқап қоя береді.

Болды, болды... Сені енді ғана таныдым, – дейді Шәмші. – Ал енді себебін айтшы, неге Сайлыбай болдың?

– Өзім қожамын, желкемде қара қалың бар. Жұрт сосын бала кезімнен Қалқожа деп кеткен-тін. Жақында аудандық газетке хабарландырып беріп, өзіме моладағылар қойған Сайлыбай атымды қайтып алдым. Содан бері сізбен қайта танысуды ойластырып жүр едім. Үйге жүріңіз. Жаңа атымды жуамыз.

– Шақырғаныңа рахмет. Бірақ, асығыспын, – дейді Шәмші.

Сайлыбай оған көнсін бе? Шәмшіні сүйрегендей болып үйіне ертіп барады. Сол күнгі кеш Шәмшінің есінде мәңгілік қалады. Себебі «Арыс жағасында» Шәмші үшін сол күні қайта туып еді.

Қайда екен қазір, сол Сайлыбай? Шәмшінің қайтыс болғанын естіп, «Арыс жағасындағыны» айтып, көзіне жас алды ма екен?

 

Шәмші Қалдаяқовқа Оразбек Бодықов композитор