Украинаның ең қасиетті орны – Киев-Печер лаврасы бүлінді

Бүгін, 16:43 / Alashorda
Фото: Ukrainian Culture Ministry/Handout/REUTERS

Ресей әскері түнде Киевке және Украинаның өзге өңірлеріне ауқымды әуе шабуылын жасады. Алдын ала мәлімет бойынша, кемінде бес адам қаза тауып, 35 адам жарақат алған. Бұл туралы BBC жазды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Украина тарапы Ресейдің осы жолғы шабуылынан Киев-Печер лаврасы қирағанын мәлімдеді. Ол Киев Русь дәуірінде негізі қаланған ең алғашқы монастырьлардың бірі. Ол православие дініндегі ең маңызды қасиетті орындардың бірі болып саналады. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысандары тізіміне енгізілген.

Украина әуе күштерінің хабарлауынша, түнгі шабуыл кезінде Ресей 600-ден астам ұшқышсыз ұшу аппаратын және 70 зымыран қолданған. Негізгі соққы бағыты Киев қаласы болған.

Сондай-ақ, Лавраға жақын орналасқан Мистецький арсенал музей кешенінде де өрт тіркелді. Өрт аумағы шамамен мың шаршы метрді құраған. Музейдің мәліметінше, ғимаратқа «Шахед» үлгісіндегі дрон соққы жасаған. Қызметкерлер аман қалған.

Шабуылдан Александр Довженко атындағы киностудия да айтарлықтай зардап шеккен.

Украина президенті Владимир Зеленский украиналық әскери мамандар Лавра мен «Мистецький арсенал» аумағына ресейлік дрондар шабуыл жасағанын анықтағанын мәлімдеді.

Ал Ресей тарапы бұл нысандарға ресейлік қару емес, америкалық Patriot әуе қорғаныс жүйесінің зымыраны түскенін алға тартты. Ресей әскери ведомствосының нұсқасы бойынша, кешен дұрыс жұмыс істемеген, себебі Батыс елдері Украинаға пайдалану мерзімі өтіп кеткен зымырандарды жеткізген.

Ресей Украина шабуыл Киев-Печер лавры Лавр Соққы