<?php wp_head(); ?> «Қасым ханның кезінде халықтың саны 1 миллионнан асты» - Alashorda ақпараттық-сараптамалық сайты

«Қасым ханның кезінде халықтың саны 1 миллионнан асты»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен ұлттық құрылтайда қазақтың әйгілі ханы Қасым ханды еске алғаны белгілі. Нақтырақ айтсақ президент «Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар» деді. Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы қаншалықты күшейіп, қуаттылығын қалай арттырды?

«Бұрындық ханның беделі түсіп, Қасым сұлтанның рөлі жоғарылады»

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаевтың айтуынша, Қасым ханның қазақ тарихында алар орны жоғары.

«Жалпы Қазақ хандығының тарихында, әсіресе оның бірінші кезеңінде 17 ханның еңбегін ерекше атап өткен жөн. Ол Керей ханнан бастап Тәуке ханға дейінгі аралықтағы хандар. Олардың ішінде Керей мен Жәнібек, Қасым мен Хақназар, Тәуке және Есім хан сынды хандар өте танымал. Бұлардың әрқайсының орындары ерекше. Сол сияқты Қасым ханның қазақ тарихында алатын орны ерекше. Қазақ хандығының құрылу кезеңі 1442 және 1470 жылдардың басында яғни Керей мен Жәнібек хандар тұсында болды. Ал одан кейінгі кезең Қазақ хандығының күшею, нығаю кезеңі деп аталады. Бұл шамамен 1470 жылдардың басынан 1521 жылдардың аралығы деп аталады. Міне осы жылдары қазақта айтулы екі хан болды, оның біріншісі Керейдің ұлы Бұрындық, екіншісі Жәнібек ханның ұлы Қасым хан.

Осы жерде Бұрындық ханның тұсында Қазақ хандығының күшею белгілері пайда болды. Сыр бойындағы қалалар мен өңірлер Қазақ хандығының құрамына қосылды. Сондай-ақ батыс жақта ноғайларға қарсы күрес болды. Бірақ та ол жұмыстар толығымен аяқталмай қалды. Әсіресе ХVІ ғасырдың басында яғни, 1505-1506 жылдардан 1910 жылдар аралықта Бұрындық ханның саясаты өте нәтижесіз болды. Мысалы Әбілқайыр ханның немересі Мұхамед Шайбани ханның жасаған жорықтарына қазақтар тарапынан онша қарсылық болмады. Міне осындай кезде Бұрындық ханның беделі түсті де, есесіне Қасым сұлттаның рөлі жоғарылайды.

Мәселен 1510 жылы Мұхамед Шайбанидың қазақтарға қарсы Ұлытаудағы жорығы Қасым сұлтанның қолбасшылығының арқасында жаудың тас талқан болып жеңілуімен аяқталады. Осы жеңістен кейін Қасым сұлтанның беделі шарықтап, есесіне Бұрындық ханның беделі түседі. Бұрындық ол кезде Батыс Қазақстан аймағында яғни Сарайшық қаласы жақта болатын. Ол Батыс аймақта Ноғайлармен күресте Жайық пен Еділден жерді қайтару керек еді. Бірақ оның жорықтары нәтижесіз болды», – дейді ол.

«Қасым ханнан кейін Қазақ хандығы әлсіреді»

Тарихшы 1511 жылдан бастап Қасым хан Қазақтың ханы болып белгіленін айтады. Ал Бұрындық хан беделінен айырылып, амалсыздан Мәуренахрға кетті. Себебі халық оны емес Қасым ханды қолдады.

«Қасым 1513 жылға дейін Ташкентке дейінгі Қазақ хандығының оңтүстіктегі жерінің бәрін Қазақ хандығының құрамына қосты. Сайрам алынғаннан кейін Сайрам мен Ташкенттің ортасы шартты түрде шекара болып қалды. Ал батыс жақта болса, 1516 жылдан бастап Ноғайлардың арасында саяси дағдарыстың болуына байланысты ноғайдың мырзалары Қасымды өздері шақыра бастады. Батыстағы жағдайды пайдаланған Қасым хан 1521 жылға дейін Қазақ хандығының шекарасын Жайықтан асырып, Еділге дейін жеткізді.

Осы жерде ең алдыменен Заһир ад-Дин Мұхаммед Бабырдың еңбегінде Қасым ханға саяси баға беріледі. Ол «Дешті Қыпшақты дәл Бати хан кезіндегідей ешкім басқара алмады. Қасым хан жеке дара билеуші болды. Қасым ханның билігін осындағы барлық Шыңғыс сұлтандары мойындады. Халқының саны миллионнан, ал әскерінің саны 200-300 мыңнан асты» деп жазады. Ол кезде мемлекеттің қуаттылығы мен күштілігі әскердің санымен байланысты болатын. Қасым ханның кезіндегі Қазақ хандығының жағдайы осындай болды.

Заһир ад-Дин Мұхаммед Бабыр жазған қысқа осы пікірді Мұхамед Хайдар Дулати да жазды. Одан кейінгі тарихшылардың бәрі Қасым хан туралы жағымды пікір жазды. Яғни Қасым ханның кезінде Қазақ хандығының халқы 1 миллионнан асып, әскерінің саны 300 мыңға жеткенін жарыса жазды. Яғни бүкіл Дешті Қыпшақта оған тең келетін хан болмай, оның билігін бәрі мойындағанын баяндайды. Яғни биікті мойындату тек қана күшпен емес, ақылмен де жүзеге асты. Нақтырақ айтсақ «Қасым ханның қасқа жолы» деген заңдар жинағы арқылы да өзін мойындатты», – дейді ол.

Берекет Кәрібаев Қасым ханның ордасы Жайықтың жағасындағы Сарайшық қаласында болғанын айтады. Бұл ақпарат нақты жазба деректерде жазылған.

«Өкінішке қарай Қасым ханның өмірі ұзақ болмады. Бір дектерде Мұхамед Хайдар Дулати 1518 жылы, ал нақты деректе 1521 жылдың қыс айында Қасым хан қайтыс болады. Өзі Жайықтың жағасында болғандықтан ол Сарайшық қаласында жерленген екен. Өкінішке қарай Қасым ханның қазасынан кейін оның орнына келген Мамаш хан әкесіндей тегеурінді бола алмады. Себебі Мамашқа Қасым ханның ағасы Жәдік сұлтанның ұлдары қарсы шығады. Осыдан кейін Қазақ хандығының тарихында 15-16 жылдай уақытша әлсіреу кезеңі болады», – дейді ол.