Алаша хан кесенесі мемлекеттік рәміз секілді – Жамбыл Артықбав

Еліміздің мемлекеттік рәміздері Тәуелсіздік алғаннан бұрын сан ғасыр бойы қалыптасып, дамыған. Бұл тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевтың пікірі. Қазақ хандығы мен Алашорда үкіметі тұсында мемлекеттік рәміздеріміз қандай болды?

«…Әкең де болса ұрып жық»

Тарихшы кез келген халық мемлекет құрған уақытында мемлекеттің басты белгілерін жасайтынын айтады.

 – Негізі мемлекет құрған халықтың ұлттық идеясы мен арман-мақсаты ұлттық рәмізден көрініс табады. Біздің Қазақ хандығы құрылған уақытында Ұлытау мен Түркістанның арасында «Таңбалы жар» деген жер бар. Сығанақтың жайлауында қазақтың игі жақсылары бас қосып, әр ру «Таңбалы жарға» өзінің таңбаларын салады. Бұл біздің мемлекеттілігіміз бен сол мемлкетке біріккен халықтың бірлігінің белгісі болып саналады. Аталған жерде қолдарын қанға малып, «Халық болдық, ел болдық» деп ант береді. Яғни, «Алаш деген ұранға қосылмағанды әкең де болса, ұрып жық» деген сертке келіседі.

Енді мемлекет болғаннан кейін сол мемлекетті мекендейтін халықтың тарихы мен түп тегі болуы керек. Халықтың түп тегінің белгісі ретінде Ұлытауда Алаша ханның кесенесін салады. Бұл Қасым хан заманында басталып, Хақназар ханның заманында аяқталған үлкен құрылыс. Аталған кесене Жошы хан мен Домбауыл кесенесінен бірнеше шақырым жерде тұр. Осы Алаша хан кесенесі біздің мемлекеттік белгіміздің көрінісі яғни, мемлекеттік рәміз секілді болып саналады.  Өйткені біздің тарихи санамызда Алаша хан кесенесі қазақтың түп атасы болып есептеледі. Алаша хан дәуірі дегеніміз Қазақтың жылқышылық дәуірімен байланысты. Жылқыны ең алғашқы үйреткен энеолит кезеңімен сәйкеседі. Яғни, біздің барлығымыздың түп тегіміз бен тамырымыз бір дегенді көрсетіп тұрады, – дейді ол.

«Мемлекеттік рәміздерімізде проблемалар бар»

Тарихшы Қазақ хандығы кезеңінде хандарымыздың өздерінің айырма тулары болғанын айтады.

«Қазақ хандығы тұсында ақ тулы төрелер, шұбар тулы төрелер, қызыл тулы төрелер, көк тулы төрелер деген секілді дәстүрмен келдік. Кешегі ХХ ғасырдағы Алашорда Үкіметі Қазақ хандығынан келе жатқан дәстүрді қабылдады. Алашорда құрылған уақытта Алаштың ақ туы көтеріліп, Алаштың әскері жасақталды. Одан кейін Совет үкіметіне бағынышты болып, аталған империяның құрамына кірдік. Ал ол кезде біздің ұлттық рәміздеріміз болған жоқ. Ол кезде Советтік рәміздерді амалсыз қабылдауға тура келді. Туымыз бен елтаңбамыздан бастап әнұранымызға дейін Мәскеудің мақұлдауымен жасалды. Яғни, мемлекеттік рәмізден ұлттық мазмұнның бәрі алынып тасталды.

Ал осыдан 30 жыл бұрын Азаттық алғанда мемлекеттік ту мен елтаңба, әнұран мен ұлттық валютаны қабылдадық. Қазіргі уақытта Тәуелсіздікдің алғашқы жылдары қабылдаған мемлекеттік рәміздерді пайдаланып жүрміз. Бірақ мемлекеттік рәміздерімізде проблемалар бар. Нақтырақ айтсам жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Елтаңбаны қайта қарайық» деп көпшілікке ұсыныс тастады. Бірақ елтаңбаны бірден өзгерте салуға болмайды. Ол үшін мемлекет белгілі бір сатыға көтеріліп, халық та үлкен сапалық өзгеріс болуы керек. Бір сөзбен айтқанда ұлттық идея дұрыстап қалыптасуы қажет. Сондықтан да қазіргі уақытта бұл мәселені асығыс қабылдауға болмайды. Мемлекет басшысының өзі ақылдасып, барып бір шешімге келейік деп айтпады  ма?

Дәл қазір біздің негізгі мақсатымыз ұлт ретінде өзіміздің бағыт-бағдарымызды анықтап алу керек. Біз өзі қандай халық болуымыз керек, білім мен мәдениетіміз қалай дамуы керек деген секілді жүздеген сұраққа жауап табуымыз керек. Ғалымдардың ішінен шыққан идеяны халық қабылдап жатса, соған байланысты елтаңбаны өзгерте салуға болады, – дейді ол.

«Елтаңба басқаша мазмұнда болуы керек»

Қоғамда  кейде «Мемлекеттік туымыз қаншалықты ұлттық нақышқа сай?» деген сұрақ қойылады. Жамбыл Артықбаев егер біз ұлттық мәселені көтеретін болсақ, онда біз ұлттың дәстүріне көңіл аударуымыз керек екенін ескертті.

– Мәселен Алаша хан кесенесін салған кезде оның іргесіне кәдімгі қазақтың алаша оюын салды. Яғни, кесенені өзгеден айырып тұратын ұлттық мазмұн берді. Ал біз Тәуелсіздік алған кезде ұлттық құндылықты өзімізде әлі танымай жатқан уақыт еді. Себебі біз ол кезде Совет үкіметінің шекпенінен шыққаннан кейін тарих, этнография, мәдениеттану секілді салалар енді қалыптасып жатқан болатын. Сол себепті мемлекеттік рәмізде бізді тарихпен байланыстырып тұратын анау айтқандай ұлттық мазмұн бар деп айта алмаймын. Бірақ болашақта ұлттық идеялар пайда болады. Мысалы мен «Елтаңба басқаша мазмұнда болуы керек» деген пікірмен келісемін Бірақ бұл бүгін немесе ертең шешілетін асығыс мәселе емес.

Егер де бізге тәуелсіздік ұлттық күрес пен ұлттық қозғалыстың барысында келсе, онда біз мемлекеттік тудан бастап, елтаңба мен әнұранды ұлттық мазмұнда жасап алар едік. Өкінішке қарай ұлттың бетке ұстар азаматтарын Совет үкіметі қырып-жойып жіберген соң жоғары деңгейде ұлттың көзі ашық азаматтары болған жоқ. Біздің басшылар Советтің номенклатурадан қалған азаматтар болды, – дейді ол.

Тарихшы соңғы жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің аясында Геральдикалық зерттеулер орталығы құрылып, жұмыс жүргізіп жатқанын айтады.

– Аталған орталықтың ұйымдастырған жиналыстарына қатысып, өзімнің пікірімді айтып жүрмін. Геральдикаға байланысты ізденісті бүгінгі күнмен шектелмей тереңірек зерттеу керек. Мысалы Бетпақдаладағы «Таңбалы жар» құлап, быт-шыт болып аяқ асты болып жатыр. «Таңбалы жарды» қалпына келтіріп, неге арнайы экспедиция ұйымдастырмаймыз? «Таңбалы жарда» біздің 1000 жылдық, 3000 жылдық рәміздеріміз бар. Соларды мемлекеттік рәміздердің қоры ретінде неге көркейтпейміз, – дейді тарихшы.