«Ұлттық болмысымызды ұлттық рухта қалыптастыру керек»

Жер жаһанда сан түрлі ұлт пен ұлыс өмір сүреді. Олардың өзіне тән болмыс бітімі бар. Ал қазақ халқының өзінің болмысы қандай?
«Адамдар жұқпа мінезбен өмір сүріп жатыр»
Этнограф Болат Бопайұлы қазақ халқының болмысы 7 атадан қыз алыспаған салт-дәстүрі арқылы қалыптасқанын айтады. Сондай-ақ ол жер бетіндегі адамның мінезі екіге бөлінетінін ескертті
«Қазақ халқы физиология, психология, рухани дүниесі мен заттық мәдениетін керемет ұйыстыра білді. Содан кейін адамдардың мінезінің өзгеріп отыруын тума мінез және жұқпа мінездегі күре тамырдан алуға болады. Тума мінез деген болмысқа қатысты дүние. Ал болмыс дегеніміз мінез, батырлық, көсемдік, шешендік, даналық, дарқандық, жомарттық, көрегендік, ептілік, қайрымдылық, мейрімділіктің бәрі тума мінезге жатады. Жеті атадан келе жатқан қандық, тектік жағынан сіңген көргенді мінез. Ал жұқпа мінез дегеніміз оқыған кітап пен көрген кинодан, ұлт пен ұлыстан, бақыт пен байлықтан, мансап пен саудагерліктен, жолдас-жора мен көрші-қолаңнан жұқтырып алған коронавирус секілді дүние тума мінез болып саналады.
Қазіргі адамдардың болмыс бітімі, мінезі тума мінездің астында қалды да, жұқпа мінезбен өмір сүріп жатыр. Рухани мәдениеттің орнын жалпы заттық мәдениет билеп кетті. Себебі қазір экономикалық дүние бірінші орынға шыққаннан кейін үлкен бол, кіші бол, адамдарды бағалау байлығына қарай яғни мінген көлігі мен киген киіміне қарайтын заман болып кетті. Бұл дегеніміз қандай мінез? Әрине бұл жұқпа мінезге жатады.
Міне болмыстың өзгеруі осыған әкеліп соқты. Сондықтан анау ата-бабадан қалған тума мінез жұқпа мінездің астында қалып тұр. Қазір ғаламтор ғасыры болғаннан кейін, ортақ жер астында бәріміз өмір сүріп жатқаннан кейін қазіргі ұрпақты өсіріп, тәрбилеудің өзі отбасында қиын болып кетті. Себебі қолындағы телефон мен айпад арқылы әлемдегі барлық ақпаратты қас-қағым сәтте алып отыр. Өкінішке қарай соның ішінде жақсылықтан гөрі жамандықты көп қабылдап жатыр», – дейді этнограф.
«Заманауи ұрпақ тәрбиелеген кезде ғана ұлттық болмысымыз сақталады»
Болат Бопайұлы ұлттың болмысы сақталатын отбасындағы салт пен дәстүр секілді ата-бабамыздың құндылықтары назардан тыс қалып жатқанын айтады.
«Бірақ нәрсені айтуға болады, қазір ғылым ғасыры болып отыр. Ғылым ғасыры болып, техниканы өзіміз өндіріп, жаңартып шығара алмағандықтан «Дайын асқа тік қасық» болып отырмыз. Сондықтан да біз жастарды ата-баба рухына суғара отырып, бүгінгі жетілген ғылым мәдениетті үйретуіміз керек. Бірақ ұлттық болмысымыз бен бітімімізді үй салған кезде іргетасын мықтап салған секілді ұлттық рухта қалыптастыруымыз керек. Іргетасы ұлттық рухта, ал үстін заманауи ұрпақ тәрбиелеген кезде ғана ұлттық болмысымыз сақталып, мемлекетіміз дамып, экономикамыз өседі. Сол арқылы ғылымымыз дамып, мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түседі», – дейді ол.
Болат Бопайұлы мүшел жас деген түсінік қазақтан бөлек өзге халықтарда да кездесетінін айтады. Себебі этнограф уақыт екі кезеңмен яғни григорян күнтізбесі мен һижра күнтізбесімен жүретінін ескертті.
«Көпшілікке белгілі жұлдыздық уақыт белгісі бар. Қазақ халқы жұлдыздық уақыт белгіні жақсы пайдаланған. Ал мүшел жас деген адамзаттың бәріне ортақ дүние. Ол Еуропа және Азия халықтарында да бар. Мүшел жас мұсылман немесе христиан деп бөлінбейді. Барлығыда адамның жасын мүшел жасқа қарап белгілейді. Кейбір адамдар мүшел жас қай жаста болатынын білмей жатады. Мүшел жас 13 жас, 25 жас, 37 жас 49 жас, 61 жас 73 жас, 85 жас, 97 жас деп 109 жасқа дейін жалғасады. Мүшел жасқа тақ санда кіріп, жұп санда шығады. Алғашқы мүшел жас 13 жас болса, одан кейінгісі 12 жылдан қайырылып отырады. Өзінің туған күні өтіп келесі жаңа жыл келгенде ол мүшелден шығады. Мысалы 37 жасқа толатын адам мүшелге кіріп, 38 жасында шығады.
Мүшел қайыру бағзы заманнан келе жатқан жас санатына кіретін қасиетті, киелі ұғым. Өскен қамыста буын, бунақ болады және жел соққанда қамыс сол буын, бунағынан сынады. Адамның мүшел жасы өскен қамыстың буын, бунағына ұқсайды. Осыған қарап қазақ мүшел жасын қатерлі, қауіпті жас қатарына кіргізген. Бірінші 13 жасқа дейінгі бала толық физилогиялық, психологиялық, ойлау қабілеті жетіле қоймағандықтан тез алданады, ақ пен қараны толық ажыратып болмайды. Сол себепті 13 жасқа дейінгі кезең балалық шаққа кіреді. Осы жасқа дейін ата-аналар баласын көзінің қарашығындай қорғай білуі керек. Баланы қырқынан шығарып, бесікке салу, тұсауын кесу, тұлым қою, 7 жасқа келгенде қолына қамшы беріп атқа отырғызуға дейінгі әр түрлі әдіспен тәрбиелеп отырған. Бірақ алыс-жақын қауіпті жерге жалғыз, жарым жібермейтін болған», – дейді ол.
Болат Бопайұлы мүшел жасқа келген азамат абайлап, сақтанып жүруі керек екенін ескертті. Себебі бұл кезеңдер адам баласының ең жауапты уақыты болып саналады. Сондай-ақ этнограф мүшел жастағы адам өзінің ең қымбат киімін немесе дүниесін сыйлыққа бергені жөн екенін айтты.