Қазақтың салт-дәстүрі діннен де мықты – Этнограф

Талай ғасырдан бері жалғасып келе жатқан қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпы заман талабына сай жаңғыра түсті. Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық құндылықтарымызды тануға ден қойып, бай тарихымызбен қауыштық. Алайда әр түрлі діни ағым өкілдері ұлттық салт-дәстүрімізді жоққа шығарып, қазақты шариғат заңымен басқарғысы келетіндей.
«Салт-дәстүр заманға сай дамиды»
Белгілі этнограф Ырза Тұрсынзада ғасырлар бойы қалыптасқан әрбір ұлттың өзінің әдет-ғұрыпы болатынын айтады. Бірақ ол әдет-ғұрыптың қатып қалған заң емес екенін ескертті.
«Әдет-ғұрып тұрмыстан, қара шаңырақтан әр адамның бойына үнсіз ғана сіңетін дүние. Ол ұзақ уақыт бойы қалыптасады. Бесіктегі балаға ананың айтқан бесік жырымен қалыптасатын дүние. Ал салт-дәстүр дегеніміз әдет-ғұрыптан шығады. Қыз балаға «Қатты күлме, тізеңді құшақтама, шалқайып отырма» деген тыйымдар арқылы қыздың салт-санасы қалыптасады. Салт-санасы арқылы салт-дәстүр қалыптасады.
Жалпы, салт-дәстүр тарихқа да байланысты болады деп ойлаймын. Әрбір ұлттың өзінің тарихи-мәдени қалыптасқан дүниесінің айналасында салт-дәстүр, әдет-ғұрып қалыптасады. Мысалы, Наурызды тойлауды 60-70 жылдай біздің санамыздан әдейі шығарып тастады. Бірақ ол кезінде дәстүрлі түрде жасалатын мейрамымыз еді. Бұл мейрамды қоғам және мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібек ағамыз қайта жаңғыртып кетті. Сондықтан ол қайта дәстүрге айналды.
Мұхтар Әуезовтың «Әрбір қолөнерші өзінің заманында қолөнерге өз үлесін қосумен қатар салт-дәстүрге де өзінің үлесін қосады» деген әдемі сөзі бар. Негізі салт-дәстүрді заманға сай дамытқан жөн. Қазір тіпті балаларымыздың әдет-ғұрыптарын да заманға сай дамытып жатырмыз. Бірақ қанша заманға дамытамыз дегеннің өзінде негізін сақтау керек деп ойлаймын», – дейді ол.
«Салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын сақтаған ел жеңіске жетеді»
Этнограф ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымыздың өзгермегенін қалайтынын айтады.
«Бағзы заманнан келе жатқан ұлттың классикалық өзінің қалпы болады. Он жерден нарық болсын, заман өзгерсін тамыры терең дәстүрдің өзгергенін қаламайтын едім. Өзгеріске өзім онша жақын емеспін. Барынша салт-дәстүрдің негізгі қалпын сақтап қалғым келеді. Жаһандану заманында әлем алпауыттарының құлы болғымыз келмесе, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымыздың негізгі қалпын, қаймағын сақтауымыз керек.
Біз жеке ерекшелігімізбен, ұлттық мінезімізбен, болмысымызбен өзімізді сақтай аламыз. Оған мен кәміл сенемін. Сақтанбағандар тілін, салтын, ғұрпын ұмытып кетеді. Жаһандану деп барлығымыз ерекшелігімізді жоғалтпауымыз керек. Менің ойымша, тілін, ділін, өзінің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын сақтаған ел түбінде жеңіске жетеді. Себебі, ол терең тамырмен келген дүние. Сол терең тамырды сусындатса ғана әлемнің, адамзаттың төрінде отырады. Оған әлі жетеміз. Қазір неше түрлінің барлығы бойымыздағы нәрді сорып жатыр. Ол алпауыттардың ісі. Бұл саясат бұрыннан бар. Совет үкіметі кезіндегі 70 жылда біздің «Наурызымыз» ұмытылып кете жаздады. Оның алдында қаншама дәстүріміз жоғалды. Соның барлығын қайтаруымыз қажет», – дейді этнограф.
Діндарлар салт-дәстүрді неге жоққа шығарады?
Кейбір діни ағым өкілдері қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жоққа шығарып, тек шариғат заңымен өмір сүруді дәріптейді. Бұл ұстаным қаншалықты дұрыс?
«Менің ойымша, әсіре діншілдерге салт-дәстүріміз қарсы тұра алады. Жалпы қарсылық қай кезде пайда болады? Төтеп бере алмайтын кезде, қарсылық пайда болады. Салт-дәстүрді, ғұрыпты қанша құртамын десе де, адасады да ол қайтадан орнына қайта келеді. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып, мәдениет ол да бір өз алдына ұлтқа тән дін деп есептеймін. Ол да дінге пара-пар дүние. Сондықтан діндарлар оған қарсы шығады. Тұғыры, тамыры биік халықты жығу қиын. Оны билеу, басыну қиын. Сондықтан олар қорқады.
Қазақ даласын зерттеген ресейлік зерттеуші «Қазақ халқына мәдениетті үйретудің керегі жоқ. Бұл елдің өзінің қалыптасқан рухы ментальності бар. Ұлы даланың жазылмаған протоколы бар. Соны сақтаған. Сондықтан да сіздер бұл жерге бөтен мәдениетті әкеліп, «мәдениетті» қыламыз деп ойламаңыздар. Бұларға өз мәдениеті жетеді» деген екен.
Менің ойымша, қазақтың болмысында діннен бұрын дәстүр басым сияқты. Егер біз оны дұрыстап сақтасақ ол бізді адастырмайды. Мысалы мен дінмен емес, апамның тәрбиесімен, дәстүрмен өстім. Өздеріне қауіп болған соң діндарлар салт-дәстүрге қарсы шығуы мүмкін. Жалпы қазақтың жаратылысында, күні-түні намаз оқымаса да, Жаратқан иеге, Тәңірге сыйынған ғой.
Мәселен жапон халқының ұстанымы, дәстүрі мықты. Бірақ олар белгілі бір дінді ұстанбайды. Қазіргі таңда аталған халықтың кімнен қай жері кем? Тіпті әлемдегі ең өркениетті ел болып отыр емес пе? Ислам дініне қарағанда жапондықтардың ұстанымы, болмысы мықты. Енді қалай осыдан кейін дәстүр мықты ма, дін мықты ма дейсің? Мен үшін қазақтың бағзы заманнан келе жатқан, тұла бойында тұнып тұрған дәстүрі діннен де мықты» – деді ол.