«Көкпар» ма, «Көкбөрі» ме?
Көкпар тарихына жүгіну
Көкпардың атауы өзгелерде ертерек, өзімізде ХХ ғасырдың ортасынан бастап сөз бола бастады. Даму жолына түсіп, ес жиып, етек қымтаған халық ретінде өз танымын қолға алу – заңдылық.
Бұл үдеріс төрк (түркі) халықтары егемен бола бастаған өткен ғасырдың 90-жылдары ерекше деңгейге көтеріле бастауы да табиғи құбылыс еді. Алайда, енді егемен болған елдердің бастапқы кезеңі «солшылдықтың балалық ауруы» деп Ленинше айтқанда, «жетілудің балалық ауруына» да тап болды, ол да белгілі бір қисыны бар үрдіс. Бірақ сол асқына келе жалпы төрк танымын мүлдем басқа бағытқа ала қашып барады, кей жағдайда тәрк етуде. Оған басты себеп — соңғы 30-40 жыл бойғы гуманитарлық сала ғылымдарындағы тоқыраудың кесірі және оның ықпалының жоғалуынан, бұған қоса өз алдына «бас болған» елдердегі «ұлтшылдықтың есебінен бой көтергіш» сезімнің бас көтеріп, өз ұлтын ұлықтау үрдісінің әсіре кетіп бара жатқандығынан. Абайшалағанда, «бас басына би болған» дәуірдің шалығы.
Бүгінгі ғылыми деңгей мен мазмұн «әлеужелі деңгейі мен ауқымын» меншіктеп алды,тіпті соның ықпалына түсті, айналма ауруға ұшырап, бір аумақтан шықпай қалды. Шынайы әрі академиялық ғылымның бұған қарсы тұрар шамасы мен қауқары, абыройы жетпей отыр. Сондықтан, жалпытөрк танымы әркімнің ала қашатын көкпарына айналды. Журналист те, блогер де, шала сауатты ұлтшыл да, ғылымды төңіректеген сауатты да осы «майданға» қойып кетіп, әркім өз балығын аулауға жан ұшыратын ахуалға тап болдық.
Әрине, ғылым деген ерекше жаратылғандар үшін жасалған, шегарамен шектелген аула емес, оған әркімнің де таласы бар. Тіпті ғылымтанушы, «Тұран-Астана» университетінің вице-президенті, Ресейдің түрлі ғылым академияларының академигі, профессор Орақ Жолмырзаұлы Әлиев айтқандай, ғылымда серпіліс жасайтын «Дилетанттар болады, оларға мойын бұрмауға болмайды» дейтін уәжі әбден орынды. Дегенмен тақырып пен кездейсоқ жолыққан деректі өз дегеніне талғажау етіп қана қоймай, қоғамдық пікір туғызып, ақыры жұртты дақпыртқа жетелейтін «идеологтардың» да бар екенін ажырату керек!
Әңгіме тақырыбы – көкпар ойынының «көк бөрі» тіркесінен шыққандығын қайткенде де дәлелдеуді мақсат еткен көрқарас турасында болып отыр. Жалпы ғылымды өз мақсатың мен мүддеңе барыңды салып бағындыру, қолжаулық ету – абырой емес, тіпті ғылымға да, ілімге де, ізденіске де жатпайды. Тарихи мән-жай мен дерек-дәйекке талдау жасамас бұрын, «көкпар» сөзінің генезисін іздестіру – қисынды әділ ізденіс те, ал оны орайы келмесе де, б, арды-жоқты үйіп-төгіпқайткенде де «көк бөрі» сөзінен шыққандығын «дәлелдеп», бұдан арғы барлық идеология мен іс-әрекетке сол шала-жансар «аргументті» ала жүгіріп пайдалану – жақсылықтың нышаны еместігін бірден басын ашып алғанымыз жөн.
Ең әуелі, «көкпар» атауының шығу тегін індету – ойынның туындау және қалыптасу жолына тікелей тәуелді екеніне назар аударайық. Сол себепті, қолда бар, тарихи жазбалар мен деректерге, басқа да дәйектерге иек арта отырып, көкпар ойыны қалай туындады, қалай қалыптасты дегенге ой жіберіп, көз жеткізуге тырысайық. Шындығында, көкпардың туындауы турасында дерек мардымсыз. Жазбалар жағы мүлдем сараң. Алайда, бұл ойын түрін зерделеушілер оның қалыптасу жолын бірнеше мың жылдықтарға апарып тірейді.
Жалпы бұл атты ойынның қалыптасуын жылқысыз елестету мүмкін емес. Егер де адамзат тарихының жылқыны қолға үйрету үлгісін Евразия даласына қарасты Ботай елді мекеніндегі 6 мыңжылдық атты мәдениеттің ашылуымен қарастырсақ, ендеше бұл ойынды да соған жетеқабыл мерзіммен өлшеуге қақымыз бар. Өйткені, көкпардың қалыптасуына қажетті ең бірінші жарақ, ол – ат. Жылқыны қолға үйретуден бастап, оны көлік ету мен азық етуден басқа, түрлі сала бойынша оны техникалық жараққа жарату мүмкіндігі өмірде орын ала бастағанын ескерсек, көкпар ойынының туындауына да Атты мәдениеттің ойып орын алатын маңызы жеткілікті.
Көкпардың таралу кеңісін алсақ, Орталық Азия халықтары арасында кең тараған ойын. Атап айтқанда, қазақ, қырғыз, тәжік, өзбек, башқұрт, алтай, әзербайжан, түрікпен, ауған халықтарына таралған, мысалы ирандағы қашқайлар көкпар ойнамады дей алмаймыз. Ал ертеректе ойынның таралған аясы бұдан да кең болған, осыған ұқсас атты ойын кейбір Азия елдерінде, сондай-ақ, Аргентина халқының да көкпарға ұқсас ат ойыны болған деген ақпар бар. Алайда, көкпардың қалыптасу дәуірін тап басып айту қиын, оны әлі күнге ғылыми түрде зерделеу жағы кемшін.
Көкпар ойыны сонау зороастризм дәуірінен бар екенін алға тартатындар баршылық. Бірнеше мың жыл бұрын шыққан ойын болса, оның бұл күнге дейін бірнеше сатыдан өтіп және түрлі сипатта ойналуы да ғажап емес. Бұлай деуімізге аталмыш ойынға қатысты түрлі интерпретацияның болуымен қатар алуан айғақтардың бір бірімен қабыса бермеуі дәлел.
Берідегі мәлімет бойынша, Голливудта 1971 жылы экрандалған, француз жазушысы Жозеф Кессельдің «Аттылар» романында көкпардың кең таралған нұсқасын жазады: «Бұл ойынды Шыңғысханның сарбаздары олардың аттарының тұяғы жеткен жерге жайды. Содан бері жеті ғасыр өтсе де, біздің жазығымызда ежелгі дәуірдегідей әлі де сақталып келеді». Демек, көкпар ойыны Шыңғысхан дәуірінен бар екеніне куәлік бар деген сөз.
Жазушы, этнограф А. Қалиұлы (Көк бөрі мен көкпардың қандай байланысы бар? https://adyrna.kz/post/9798): «Көкпар тарту – әскери жаттығулардың бір түрі. Түрік қағанатындағы «Дербес бөрі жасақ» дегеніміз осындай жаттығудан өтіп сайланған батырлар тобы еді», – деп тұжырымдайды.
Белгілі қазақ ғалымы, академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан өзінің «Мир казаха» кітабында: «Сырдарияның төменгі сағасы мен Арал маңын мекендеген сақ тайпалары жыл сайын бөріні кие тұту құрметіне арнап, қасқыр терісін жамылып, бетперде тағынып, атты сайыстар өткізетін болған. Бұл дәстүр түркі-моңғол тайпаларында әлі күнге дейін сақталды. Қазақ, түрікпен, қырғыз елдерінде бұл ойын «көкбор» (как бар) — сұры қасқыр деген атаумен сақталған. «Көкпар» атты ойынның қазақ халқындағы бір нұсқасы «Қыз бөрі» – қасқыр терісі мен бөрілі бетперде тағынатын дәстүрлі сақ ойынының бір түрі болып табылады» деп В.В.Радлов (Опыт словаря тюркских наречий. T.II, ч.1. С.888. ) пен С.В.Киселевтың (Древняя история Южной Сибири. С.481, табл. XIV.) еңбектеріне сілтеме жасайды. Соған қарағанда сақтарда қасқырды көкпар тарту емес, керісінше бөрі кейпіне енген ойыншылар серкені тартатын нұсқасы да болған. Ендеше сақтар дәуірінде көкпар ойыны бөрі киесін паш етудің бір жоралғысына жараған. Ал, С.В. Киселевтың жазған «қыз бөрі» ғұрпы бүгінгі «қыз қуу» ойынының этнографиялық бір сипаты екендігінде сөз жоқ.
Көкпардың туындауына бір айғақты аңшылық кезден тартуға қатысты қисынды да қарастыруға болады. Өткен ғасырдың 80-жылдары советтік этнограф Г. Н. Симаков (Общественные функции киргизских народных развлечений в конце XIX — начале XX века. Историко-этнографические очерки. Издательство: Л.: Наука. Переплет: мягкий; 230 страниц; 1984 г.): «Қырғыздың оңтүстіктегі де, солтүстіктегі де қарттары бізге қырғыздар арасында қасқыр аулаудың кең таралғанын айта келіп, қалың қарда омбылаған қасқырды қуалаған аңшылар, қуып, жетіп, шоқпармен басқа ұрып, соғып алатынын бірнеше рет әңгімеледі. Бұл ежелгі аң аулау тәсілі онымен бірге қасқыр соққан аңшының алдына өңгерген аңына басқалары таласып, одан тартып алуға ұмтылысатын болған. Осылайша, әзілдесе, таласа-тармаса отырып, айылға жеткенше «көк бөрі» ойнасатын болған. Бірақ айылға жеткенде қасқырды соққан жігіт алады екен.»
Енді осы келтірілген деректерді пайымдай кетейік. «Көкпар тарту – әскери жаттығулардың бір түрі» деген тұжырымға қатысты, көкпар тарту мен соғыс жаттығуы бір біріне қабыса бермейтін дағды деген пайымды қарсы қоймақпыз. Себебі, аттылардың соғыста кемінде бес қаруды қолдана алудың шеберлігін меңгеру дәстүрі мен қажеттілігі бар. Ал атқа отыру мен ат үстіндегі қимыл әрекеттің қайсысы соғысқа жарамды деген сауалға келгенде өлген аңның не өлтірілген жануарға таласудың аса сапалы әскери топты баптауға ішінара болмаса, соншалықты сарбаз даярлаудың мектебі болатындай сабақ деу қиын. Әлгі «бөрі жасақтың» ең әуелі мықты көкпаршылардан құрылғандығында емес, оның аталуында ғана интрига болар; атағымен бөріні еске түсіріп қана, қасқыр секілді ойда-жоқта қарсыласқа ылаң салып, белгілі бір ерекше дағдымен дұшпанды састырып, писхологиялық әсер қалдыратындай, күтпеген жерден ойсыратып кететін шеберлігінде болар. «Бөрі жасақ» деген атауына қарап, оларды шетінен көкпардың майталманы деуге көңіл сене қоймайды. Дегенмен де түркі қағанаты заманына қарасты 6-7 ғасырларға да лайық ойынның түрі болғандығын бағамдауға болады.
Г.Н.Симаков келтірген көкпардың қасқыр аулау кезінде туындау мүмкіндігі барын келтірген көрініске қарап, атты аңшылар қалай болғанда да, соққан аңды ермек қылып таласу дәстүрі болғандығын аңғартады. Бірақ бұны көкпар секілді ұлттық ойынның туындауына негіз деуге де асықпаған жөн. Себебі, ежелгі ойындар ермектен туындамайды, сол уақыттың идеологиялық наным-сеніміне бағына қалыптасады. Ежелгі дәуірдегі көшпелі елдер мен тайпалардағы идеологияны, руханиятты әсіресе абыздар басқарғанын ұмытпайық және оның билігі мен абыройы белгілі бір қалыптасқан таным мен қалыпқа сәйкес болмаса – өмірге сыйыса бермейді, сіңісе де бермейді. Яғни әр дәуірдің өз цензурасы болғандығын ұмытпаған абзал. Бұған қарап, әр кезеңнің өз көкпары болуы әбден мүмкін және ол соған сәйкес таным мен тұжырымның үдесінен шығуға тиісті тарихи-рухани өнім болып табылады. Руханияттың бұл түрленісі сәйкесінше қоғамның да түрленуінде көірініс табатын нысандар – көкпар да соның бірі. Бірнеше жүздеген ғасыр бұрын пайда болған ойынның уақыт тезіне шыдап, не формасы, не мазмұны өзгермеуі мүмкін емес.
Көкпар атауларының тарихи көріністері
Г. Н. Симаковтың мына жазбасын қарайық: «… Кейбір ойындарда бұл ойынға үй жануарын болмаса оның бір бөлігін қолдану да кездеседі. Мысалы көк бөрі сайысына солтүстікте лақ тартылса, оңтүстікте торпақтың мүрдесі тартылады, содан да бұл ойынның басқа да атауы бар: ұлақ тартыш немесе торпақ тартыш». Енді одан әрі Г. Н. Симаков былай жазады: Бұл ойынның екі түрі белгілі – көк бөрі және чаб ұлақ, біріншісіне қатысушылар мен көрермендерді еліктіретін қызу сайыс тән. Сайысатын күйеу жігіттің туыстары мен қалыңдықтың төркін жағы. Ұтқан тарапқа қызын ұзатып жатқан әке қомақты сыйлық тарту етеді. Ал ойынның екінші нұсқасы – чаб ұлақ, бұнда ойынға тән сайыс болғанмен, ғұрыптық/ритуал сипаты басым. Чаб ұлақты күйеу жігіт жағы қалыңдықты алуға келе жатқанда ұйымдастырады. Ойын шартты түрде ғана күйеу жігіттің болашақ қайын атасының аяғына қара қолға түсірген олжа-лақты тастай салатын болған. Оған жауап ретінде қайын атасы мал,ақша, киім сыйлайтын болған. Көк бөрінің бұл түрінде сайысатын тараптар жоқтың қасы. С.П.Толстовтың нұсқауына қарағанда,қырғыздарда ХІХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасыр соңында бұл ойын өзінің ритуалдық сипатын жоя қоямаған болатын. Біріншіден, көк бөрі ойынының неке тойға арналған сипаты бар, және де екіншіден,оның көптеген түрлерінің бірі анық ғұрыптық мәнге ие болды.(С. П. Толстов. Пережитки тотемизма и дуальной организации у туркмен.— «Проблемы истории докапиталистических обществ», № 9—10, М.— Л., 1935, с. 14, 15, 20, 21, 23 и др. 85-стр)»
Келтірілген мәліметке қарағанда, біз ойлағандай тиянақты ойынның ережесі жоқ, бірақ оның бірнеше түрі бар және ғұрыптық сипатқа ие, оның үстіне бірнеше атауы тағы бар. Байқағанымыз, ойынның сипатына түрлі танымдар мен ғұрыптар араласып, алуан сипат орын алған. Әрине, біз тиянақты дайын күйіндегі ойынның нұсқасын күтуге де қақымыз жоқ. Дегенмен де тартылатын нәрсеге байланысты «ұлақтартыш», «торпақтартыш» немесе «көк бөрі» атаулары болғандығы. Ал енді «көкбөрі» аталатын ойынның соншалықты ерекшелігі жоқ. Қасқыр да тартылмайды не қасқыр терісін жамылғандар турасында да ақпарат жоқ.
Дегенмен, келтірілген мәліметтер бұл нұсқалармен шектеліп, соның әсерімен «көк бөрі» аталды деуге де негіз шамалы. Себебі, біздің тақырыпқа талғажау болған көкпардың мысалдары мен мәліметтері әрі кетсе, екі жарым мыңжылдықтың шамасын ғана қамтиды және сол кезеңдегі халықтардың таным-түсінігі мен наным-сенімдерін, салттарын байқатады. Бұларға қарап «бөрі» сөзінің соншалықты ежелгі сөз екенін және оның тіпті нақты қасқыр ұғымын бергеніне де көз жеткізген мақұл. Өйткені, қыпшақ төрктер әдетте қасқырды «құрт» атағаны мәлім. Бұған баш+құрт (арлан қасқыр), құрт+қа (қасқырдың қаншығы) секілді сөздер дәлел. Біздің пайымымызға қарағанда «бөрі» сөзі айуанның түсін білдірген болу керек. Шамамен алғанда, бөрі — сұрғылт көгілдір түс, бөрте – ашық көгілдір. Бұл сөздерге тақылеттес «буырыл» сөзі де ақшыл-көгілдір ұғымды береді. Орыстың «бурый» сөзі – құба, сұрғылт кейде қоңыр түсті береді, біздің «бөріден» туындап тұр. Демек, «көк бөрі» тіркесінің өзі ең әуелі хайуанның түсі. Соңғы 5-6 ғасырдың шамасында ғана бөрі мен бөрте түс атаулары қасқыр мен лаққа сіңісті болған сықылды. Ал енді көкпарға сондай көгілдір-сұрғұлт түсті серкені/лақты/торпақты тарту әу бастағы талап болса ше? Себебі, ол Көк аспанмен түстес ұғымдарды білдіреді.
Біздің бұл пайымымызды бекіте түсетін Мұқаш Байбатыров жыршының жырлауындағы грампластинкаға (Ташкент грамзапись фабрикасы) жазылған «Алпамыс батыр» жырында мынадай жолдар бар:
…Көк бөрі қылдың егеспен,
Жұртым мені жылаттың,
Мұның қалай деместен.
……………………………………..
Ағайын, саған не жаздым,
Көк бөрі қылып тартқандай?
………………………………………..
Көк бөрі деп тартқан соң,
Екі өкпем бірдей қабынды.
……………………………………….
Тарта бер, жұртым, тарта бер,
Көк бөрі қылып тартасың,
Ұлтан құлдан қорқасың,
Ертең әкем келгенде,
Балам қайда дегенде
Не деп жауап айтасың?
……………………………………….
Бұл – Алпамыс батырдың жеті жасар ұлы Жәдігердің өзін көкпарға тартқысы келген жастарға айтып зарланғаны. Осы жырдың үзігіндегі «көк бөрі» тіркесін біршама зерделеушілер мен зерттеушілер қасқыр деп қабылдайды. Шын мәнінде, егер қасқырды даланың сайыпқыран аңы ретінде қабылдап, оны бір жағынан қадыр тұтқан ата-бабамыз сақтардың салтында келтіргендей, арнайы жыл сайын қасқыр терісін жамылып, ғұрыптық сайыс өткізетін болса, ал енді Алпамыс жырындағы мына «қасқырдың» өзі көкпарға түсіп тартылып жүр ғой. Сонда не болды? Және де жырда ойынның атауы ап-анық «көкпар» ретінде аталады. «Көкпарға тарту», «көкпар бер» сықылды қолданыс сөздері айтылады. Неге «Көкбөріге тарту», «көкбөрі бер» деген тіркестер айтылмайды? Неліктен? «Ағайын, саған не жаздым, Көк бөрі қылып тартқандай?» деп Алпамыстай арыстың 7 жасар баласы неге қорсынып жылайды, ол «мен қасқырмын, тартсаңдар тарта беріңдер» деп неге қасқайып тұрмайды? «Көк бөрі деп тартқан соң, Екі өкпем бірдей қабынды.» деп ол қорсынады! Яғни, Жәдігер өзін қасқыр сезінбейді, керісінше көк бөрі түсті құрбан мал (лақ) сезініп қорсынады, содан екі өкпесі қабынып, ренжиді!
Ал бұл жолдарды зерттеушіміз Нұртас Сафуллин өзінің «Көк бөрілер ойыны» (https://argymaq.kz/archives/2384) атты мақаласында келтіріп, әлгі 7 жасар баланы құрбан малдай қорлағандарды қасқырға теңеп, ойынның атауын «көкбөрі» деу үшін аргумент етеді. Мақала авторы «…Көкпар ойынының мағынасы да Көкбөрінің тартуы – көк бөріше тарту – Көк бөрі тартуы – Көк бөрі тарту – көкпар тарту деген мағынаға сайып шыға келмей ме?» деген пайыммен «көкбөріден» «көкпарды» туындата салады. Бірақ жырдағы көкбөрі-Жәдігердің көкпарға тартылғанын аңдамайды – өзіне өзі қайшы шыққанын аңғармастан «көк бөріні» насихаттайды.
Бір қызығы, «Алпамыс батырдың» (https://emirsaba.org/alpamis-batir.html?page=5) басқа нұсқасында «көк бөрі» тіркесі атымен жоқ, керісінше «көкпар қылып» деген тіркес жүр:
Айналайын көкелер,
Не жазығым бар еді,
Көкпар қылып шапқандай?!
Көкпар ойынының атауын «бөрте» мен «бөріден» тапқысы келіп, «көкпар» сөзі тақиясына тар келген азаматтар бүгін ғана шыққан жоқ. Бұрыннан бар. Оған кешіріммен де қарау керек, себебі, көкпарға қасқырдың қандай да бір қатысы бар және «көк бөрі» тіркесі «бөрі» сөзімен қатар келеді, оның үстінде «бөрі» сөзі бүгінде қасқыр ұғымы ретінде де қолданылады. Шын мәнінде «бөрте» сөзі де малдың түсін білдіретінін ескеру керек. Ол да «буырыл» сөзіне мағынасы жуық сөз. Қазақтың киелі хайуанды жұмбақтап атайтынын ескерсек, «бөрі», «бөрте» сөздері сын есімнен зат есімге бертініректе ауысып кеткен. Тіпті Шыңғысханның бәйбішесінің есімі Бөрте болуы оның ажарының ақшылдығы ашық аспандай келбетін байқатады. Ежелгі дәуірдегі ата-бабамыз қадырды биіктеткісі келгенде жердегі нәрсеге емес, көктегі бояуға еліктеп зорайтқан, биіктеткен. Тіпті Бөрте анамызды шын есімі басқа болуы мүмкін, Бөрте – оның титулы іспетті елдің бертініректе берген лақап аты болар.
Белгілі жазушымыз Сәкен Жүнісов «Ақан сері» романында губернатордың қызы Аннаға Ақан серінің ауызымен «көкпар» атауының шығуын «көкбөрі-көкбөр-көкбар-көкпар» деген тізбекпен айтқызып, қасқырға қатысты екенін айтқызады. Әрине бұл көркем әдебиет, бірақ жазушы осындай пайымдармен лингвистикалық насихатты кейіпкердің ауызына салып, «көкпардың» генезисі шынымен қасқырға ғана қатысты болғандай пікір қалыптастырады. Ал бұны Нұртас секілді жас зерделеушіміз ғылыми дәйек ретінде қабылдай салады да жарияға таратады.
Бүкіл төрк әлемінің мақтанышы, қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматов, «Прощай, Гульсары!» хикаятында көкпар ойынының атауын «козлодрание» деп «ұлақтартыш» сөзінің кәлкісін алады. Талай дүниеден хабары бар және өз ұлтының білгірі саналатын Шықаң неге «көкбөрі» сөзін қолданбады?! Мәселе оның ұлтшыл еместігінде емес, керісінше осыны келтіріп, онымен бірге аңыздарды қосып, одан әрі шығарманы қоздыра түсуге болар еді ғой. Өйткені, көкпар атауы қазақтарда әбден сіңісті де қалыптасқан сөз болса, қырғызда «ұлақтартыш» сондай атау болатын!
Әрине, кешегі езілген халық бостан болғасын тамырын тереңге тартып, ата-бабасымен мақтанғысы келеді, содан қуат-жігер алуға талпынады. Бірақ оны қарабайыр түсініктің алданышы ету ұзаққа бармайтын дақпырт екенін ескерген мақұл. «Біз – көк бөріміз» деп өздері кие тұтқан азулы аңның әрекетіне еліктеуден туса керек» деп көкпардың шығу нұсқасын желік сезімге айналдырғанмен, одан рухымыз биіктеп, бойымызға күш-қайрат құйылмайды, ата-бабамыздың асқақтығы ондай қайшылықты тұжырымға тәуелді емес. Тереңірек тани түсетін шынайы зерттеу жұмыстары керек-ақ.
Төрк-қазақтың тілінде тырп еткізбейтін үндестік заңы бар. Яғни сөздің бірінші буыны жуан болса, келесі буын да жуан, жіңішке болса, тете буын да жіңішкеретін қасиет дарыған тіл. Егер де әу баста «көкпар» сөзі «көк бөрі» тіркесінен шықса, бұл сингормонизм заңына қайшы деген сөз. Қысқасы, көкбөрі сөзі өңкей жіңішке буындардан құрала тұрып, екінші буыны жын ұрғандай «пар» болып жуандап кетпейді! Керісінше, «көкпар» сөзінен «көкбөрі» шығуы әбден мүмкін: Көкпар/көкпәр/көкбәр/көкбөр-көкбөрі. Бұл — түйткілдің лингвистикалық шешімі! Сондықтан Ақан серінің ауызына салынған «көкбөрі-көкбөр-көкбар-көкпар» тізбек тіліміздің заңдылығына мүлдем қайшы, келіспейді! Бұл агглютинатив емес, флектив тілдерге тән, біздің тілге жат құбылыс.
Демек, осы кезге дейін бұлжымай, бұзылмай, «көкпар» күйінде сақталған сөзді басқаша бұзылуға жол бермейтін халқымыздың танымында әлдебір біз аңғармаған қасиетті де киелі ұғымы мен танымы болды деген сөз. Ол не? Соған бас қатыру керек.
Бүгінгі көкпардың шығуы мен оның сипатына қарабайыр, тайыз таныммен қарау қалыптасқан. Көкпар ойыны аттыларға тән болғандықтан атты өркениеттің бірнеше мыңжылдық тарихымен сабақтас қарап, оның философиялық танымын жоймай, одан әрі нақыштай түсу арқылы ойынға деген терең көзқарас орнықтыру қажет. Осы орайда көкпар ойынының түпкі түрткісі ежелгі аттылардың Көкке мойынсұну, Күнге басты өмір көзі ретінде қарауға негізделген тәңірлік дүниетанымнан бастау алатын тұжырымнан қымсынудың керегі жоқ. «Көк+пар» сөзі Көктің бөлшегі, парағы түрінде сіңген бүгінгі несібе, ырзық, олжаға, батаға ие болу, таласу танымынан бастау алған жорамалын алға тартқымыз келеді. Әрине, ол әрбір дәуірде түрлі сипат алып, ақыры «көкбөрі», «көкбөрте» сықылды атауларға да көшкен болар. Тіпті оның басқа түрлері де түрліше аталуы кәдік.
Негмати, «Праздник Навруз»: «Самыми увлекательными любимыми развлечениями публики повсюду в Средней Азии являлись популярные состязания-козлодрание («бузкаши») и борьба – «гуштингри», которые демонстрировали силу, ловкость и сообразительность участников и всегда привлекали внимание зрителей…». Сайып келгенде, Күн мерекесі саналатын ежелгі Наурыз мейрамының басты тартысының бірі «көкпар» аталуы тегін емес және оны обаста командалық сипат емес, әркім өз ауылына, өз ошағына тартудың көрінісі де, әр көкпаршының Көк ырзығына таласу секілді мәнінде жатыр. Бұнымен көкпардың тарихын бірнеше мыңжылдықты және этнологиялық жағынан аса күрделі қырлары барын байқап, бұл ойынды бір немесе бірнеше ғана этностың, халықтың емес, жалпы ебразиялық Ұлы далада қалыптасқан Аттылар мәдениетінің көрінісі ретінде қабылдаған абзал.
Көкпарды зерттеушілер ойын жарағына татитын бірден бір нәрсе – мүйізді малдың мүрдесі, ол не ешкі, не сиыр яғни торпақ екендігіне жіті назар аудару керек. Көкпар тартысы үшін ешкі терісінің қаттылығы деген талап, соншалықты сендіре қоймайды, себебі серкені жтерісінен, жүнінен тартып ие бола алмайсың. Не болса да қолға мығым ұстауға оңтайлы бөлігіне жармасасың.
Мүйізді малды құрбандыққа шалу – Айды Күннің жолында құрбан ете отырып, оның сәйкес кеңісі — Түнекті Күнекке жеңгізу жоралғысынан көрінеді. Ал құрбан малдың жаны Көкке жөнелгендіктен, оның тәні Жердегі олжа ретінде Көктің бір бөлшегі болып табылады. Және де «құрбандық жыртысқа» кім қол жеткізсе, Ордаға (ауылға, көмбеге, бүгінде — қазанға) жеткізу – Жарықтың, барлық ырзықтың көзі болып табылатын Тәңірден бата алатындай басты мұратқа жеткізеді-міс деген сенім болмады ма… Бізде әлі күнге ырым етіп, жақсы адамның жаназасына жыртылған жыртысты тарату бар емес пе?! Ал бұның сыры Уақыттың тұңғиығында. Сол секілді, бүгінде спортқа айналудағы жамбы ату ойыны бұрын Түнекті Жарыққа жеңгізу ырымы ретінде, Түннің өкіліндей айға ұқсаған дөңгелек күмісті күннің шашағындай жебемен атудан шыққан жоқ па?! Бұл дегеніңіз – Түнекті әлсіретіп, Күнекті қолдаудың ритуалы болатын. Наурыз мерекесінде, әлі күнге дейін төрктектес қашқай халқы бақанның басына керілген теріге жамбы (ай) суретін салып, соны кезек атқылайды.
Жалпы құрбандық ежелгі Ай мен Күннің тайталасы кезіндегі наным актысы деген болжамды алға тартқымыз келеді. Мәселен, ай мүйізді ақсеркені болмаса боз қасқа малды құрбандыққа шалу — Күнге табынушылардың «Айды құрбан ету» актысының көрінісі. Өйткені, ежелгі халықтар мүйізді малды – ешкі мен сиырды Айдың нышаны ретінде қабылдағандығы турасында тезистер қалыптасып отыр.Осыдан келіп, оңтүстік батыстағы ыстық аймақта айды құрметтейтіндер мен шығыстағы күнді кие тұтатындар болып бөлінген дәуір де тарихта болған. Сөйтіп, кейбір халықтарда сиырға/бұзауға табыну қалыптасты.
Мүйіз – айдың нышаны, таңбасы. Сөйтіп, Айды Күнге жығып берудің бір ісі – соның сәйкес нышаны болар малды құрбан ету болған. «Бозқасқа» мәселесіне келсек, боз – күн сәулесінің оңып, батуға айналған, іңірге қараған уақытын меңзейтін түс, яғни уақыттың Түнге қараған шағы. Ал Түннің қасқасы (қасы, қабағы) – Ай екені мәлім. Сөйтіп, маңдайы қасқа, түсі боз малды құрбандыққа шалу Айды Күнге жеңдіру ретінде ғұрыпқа айналып қалыптасқан. Тіпті «көк бөрі» тіркесінің өзі қасқырды емес, ашық аспанға ұқсайтын малдың түсін білдірмей ме?! Боз түсі де сондай — ақшыл.
Әрине, мүйізді малды құрбан ету бәлкім сиырға табыну дәуірінен, оны Түннің жарығы Аймен шендестіру заманында қалыптасуы ықтимал. Алайда, бұл құрбандықты аталған тараптардың жауығу актысы болды деп кесіп айтуға да желеу емес. Керісінше оған Жаратушының жағымды жаратындысын құрбан ету жоралғысынан шықты деуге де болады. Қалай болғанда да, көкпарға мүйізді малды құрбан етіп, оған таласу салты этнографиялық құндылықтарда сақталған.
Алайда, бертін келе көкпар серкесінің мәні өзгерген. Яғни оған жағымсыз сипат беру орныққан. Оны «Алпамыс батыр» жырындағы Ұлтан құлдың көкпарға Алпамыстың ұлы «Жәдігерді тартыңдар!» дегенінен көруге болады. Өйткені, бұл — бір жағынан қорлау, құрбан ету актысы.
Сайып келгенде, көкпарға сойылатын мал обаста Күнге табынушылардың құрбандығы болып шығады. Бір назар аударарлығы сол – көкпарға ісек не қошқар (қой) емес, міндетті түрде мүйізді серке (бәлкім, теке) шалынады. Тіпті, қырғыз нұсқасында торпақ та, кейбір нұсқа да өгіз де жүр.
Бұл айтқандарымызға тағы бір айғақты Алматы қаласының солтұс-батысындағы 170 шақырымдай қашық, Таңбалыдағы Тәңір мен Іңір киелерінің сәйкес түрде Күн мен Түннің бейнелері екендігі және де құрбан ретінде күндидарлы Тәңірге қосмүйізді ірі қараның қарап тұрғандығын келтіруге болады. Бұл: «Мен сенің құрбаның болуға әзірмін» деген ишара.
«Көкпар» сөзінің этимологиялық нұсқалары
Енді лингвистикалық айғақтарға келейік. Ойынның «көкпар» атауы оның қалыптасуы мен тарихына дендеп бойлауға мүмкіндік беретін дәйектердің бірі. Сол себепті оны айналып өтудің қисыны жоқ.
Көкпар ойынының атауларын негізін үш топқа жіктеп қарастыруға болады:
- Этнографиялық құндылыққа жататын атау нұсқалары: «ұлақ тартыш» немесе бұзауға тартуға қатысты «торпок тартыш», ұлоқ/uloq — өзбекте, бузкаши — ауған мен тәжікте;
- Тарихи құндылыққа негізделген атау нұсқалары: кёк бёру, көк-бөрү, кюк бюре- қырғызда, кöк-бöрӱ – алтайда, күк бүре – башқұртта;
- Аса ежелгі мифтік құндылыққа негізделген атау нұсқалары: көкпар – қазақта, кок-бору — қырғызда, көпкари/koʻpkari — өзбекте, купкори/кӯпкорӣ – тәжікте.
- Халықтық атауларға жатқызылған «ұлақ тартыш», «торпоқ тартыш», «ұлоқ» сөздерінің барлығы көкпар ойынының жарағы болып табылатын, серкені лақтың не бұзаудың атауына байланысты таралған халықтық атау ғана, бұған буз – ешкі, кашидан – тарту ұғымдарынан шыққан тәжікше «бузкаши» сөзі де жатады. Бұл атаулар халықтық атау болғанмен, этнографиялық құндылықтар бола алады, бірақ осы қарапайым сөз арқылы бұл атаулардың қарабайыр жағдайда қалыптасқандығын да аңғаруға болады, өйткені, бұл сөздер мазмұнды емес ойынның сыртқы формасын ғана анықтап тұр. Соған қарап, бұл атаулар бертінде ғана қалыптасқаны байқалады.Ал, ауған, тәжік халықтарындағы «бузкаши» сөзі түркі атауларының калькасы екені анық.
Алайда, төрктің ғұламасы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» еңбегінде көкпар ойынының басқаша атауы «лақ шап» — «чап ұлақ» түрінде кездеседі. Бұл нұсқа қырғызда да қалған.
- Тарихи құндылықтарға жатқызылып отырған кёк бёру, көк-бөрү, кюк бюре, кöк-бöрӱ, күк бүре – бұлардың барлығы да жоғарыда аталғандай, ежелгі дәуірдегі бөрінің киелік бейнесін паш ету көрінісін хабарлайтын сөздер екені анық және солардың әр тілдегі вариациялары ғана. Алайда, бұлардың көпшілігі халық арасында ұмыт қалып барып, ұлттық жадтың жаңғыруымен бертін келе қалпына келтірілгендей әсер бар. Себебі, әзірге этнография саласында дәл осылайша атаулар тіркелгендігін келтіре алмай отырмыз. Мысалы, қырғыз халқы көкпар ойынын халық арасында кең тараған «ұлақ тартыш» түрінде атағаны мәлім, бұған куә ретінде әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматов осы атаудың орысша кәлкісімен «козлодрание» атайды. Және де мифологиялық құндылықтарға негізделген бұл атаулар әзірге фольклорлық туындыларда кезіге қоймады. Соған қарағанда, халық арасында ұмыт қалып барып, ұлттық жадтың жаңғыруымен бертін келе түрлі мағына жүктеп қолданысқа түскен. Оның үстіне бұл атаулар көкпардың ритуалдық белгілі бір нұсқасына ғана тән болуы керек.
3) Аса ежелгі мифтік кезеңді қозғайтын атауларға келсек, бұларға қатысты жайттар барынша бұлыңғыр, бірақ лингвистикалық жағынан қазбалау арқылы біраз жайға қанығуға әбден болады. Бұл жерде негізінен атаулардың ішінде көкпар, кок-бору вариацияларын ғана қарастырған мақұл, себебі көпкари/koʻpkari, купкори/кӯпкорӣ сөздері «көкпар» атауынан лингвистикалық Метате́за (ежелгі грекше — μετάθεσις, аудару) құбылысы арқылы қатар тұрған дыбыстардың өзара орын ауыстыруынан өзгеріске түскені көрініп тұр. Мысалы: әпке-әкпе, айналайын-айланайын.
«Көк бөрі» атауының «көкпардан» туындағанына этнолингвистика тарапынан сенімді болғанның (шын мәнінде нағыз сенімсіздік осы салада болып тұр) өзінде, тарихи жағынан сенім жоқ. Шамасы, бұлар бір бірінен туындаған атаулар емес, екеуі екі бөлек түрде қалыптасуы ықтимал. Мәселен, сақ заманында бөріше киінген қатысушылардың ешкіні көкпарға тартқанымен, оның «көк бөрі» атауы бөріні пір тұтқан көк түркілер дәуірінде шығуы мүмкін. Бұл ойыншыларды мифтік көк бөріге теңеп, оның жемтігі етіп ешкіні тартып, таласып ойнауды дәріптеген ежелгі танымның табы бар.
Алайда, лингвистикалық қисыннан алғанда, «көкпар» сөзі кейбір жұмсартқыш, жіңішкерткіш ортада «көкпөрге» айналуы да ғажап емес, оған қоса бөрі мифологиясының ықпалымен «көк бөрі» атауы кейін туындаған деген жорамалымыз бар. Қазақ тілінде көкбар да, көкпар да болған, бертін келе соңғысы қалыптасып сіңді.Айтпақшы, қазақ тілінде атаудың бұлайша жасалу жолынан басқа нұсқасы жоқ. Демек, қазақша «көкпар» атауы барынша ежелгі және мазмұны мен формасы жағынан аса өзгеріске түспеген.
Қырғызша «кок бору» атауы да «көкпар» сөзінің бір нұсқасы, «О»-лаушы және «А»-лаушы тілдер үшін оның екі нұсқасы болуы керек: көкпар – көкпор, осыдан келіп көкбар / көкбор нұсқалары туындайды. Сондай-ақ, өзбекше-тәжікше күпкөри / көпкари нұсқалары «көкпар» сөзінің көкпөр / көкпар түріндегі нұсқаларының метатезаға ұшырауынан туындағандығы аңғарылады.Сонымен, «көкпар» нұсқасы көк бөрі/көк бөрте тіркестерінен де ертеректе қалыптасқан.
Кейбір этнографтардың нұсқасы бойынша «көкпар» – «көк бөрте» (лақ) сөзінен шыққан. Олай болса, ол сол күйінде «көкбөрте» болып неге өзгермей қалмады? Үндестік жағынан қарағанда «көкпар» сөзіне оның өзгеруінен гөрі, «көкбөрте» немесе «көкбөрі» күйінде өзгермей қалу мүмкіндігі зор еді… Мәселе «көкпар» сөзінің бөріге де, бөртеге де қатысының жоқтығында! Сонымен, мәселе «пар» сөзінде болып тұр…
«Пар» сөзі жалпыадамзаттық аса ежелгі сөздердің бірі және ол көп тілдерге жайылғанымен негізгі семантикасын жоймаған. Пар – бөлік, бөлшек.
Көз жеткізу үшін бұл сөзге қатысты біршама сөздерге тоқталсақ («Қазақ сөздігі» — Алматы: «Дәуір» баспасы, 2013. – 1488 бет. және https://sozdik.kz/kk/dictionary/translate/kk/ru) :
пар – екі бөліктен тұратын жұп;
пар – бір біріне тең, сай;
пара – түрікше ақша, «кесек», «бөлік» деген мағынада;
пара – бiр нәрсенiң бөлшегi, бөлiгi, саласы,үлесі, «Бұл жұрттың сөз тыңдамас бiр парасы» (Абай);
пара (иранша, көне зат есім) – бір нәрсенің бөлшегі, бөлігі, тармағы
пара-пара – быт-шыт, күл-талқан, дал-дал: бірнеше бөлшекке бөліну,
пар+тия – тауардың не әлеуметтік топтың бір бөлігі; жан-жаққа бөлінген топ, одақ,жік.; заттардың, тауарлардың белгілі бір көлемі.; жеке дауыспен немесе жеке музыкалық аспапта орындау үшін жазылған шығарма;
пара алды – өз мүддесі үшін жасырын түрде алынатын үлкен пұлдың/қызметтің бөлігі;
пара болды – бөлшек-бөлшек болып сынды, быт-шыты шығып күйреді.
Әрине, көкпарға тарту құрмет емес, оны қорлау, кек алу актысы екендігін «пар» сөзіне қатысты мына түсіндірмелер де дәлелдейді:
парша – жіктелгіш, бөлінгіш мата; бір кесек, бір бөлек;
паршалау – 1. Быт-шыт қылу, кескілеу, тілгілеу.2.Сойған малдың етін боршалау, мүшелеп бұзу, осу, бөлу, үлестеу;
барша – бөлек-бөлек,бөлшек-бөлшек, парша-парша
борша-борша – дал-дал,пәре-пәре,быт-шыт
борша-борша болған бет — изодранное лицо
етті борша-борша етіп тіліп тұздады — разделали мясо и посолили
киім борша-борша болып жыртылған — одежда сильно разорвана,
синоним: алба-далба, алба-жұлба, дал-дал, дал-дұл, далба-дұлба, жалба-жұлба, жұлма-жұлма, жұлым-жұлым, жыртық-жыртық, жырым-жырым, өрім-өрім, пара-пара, парша-парша, пәре-пәре, тоз-тоз, түте-түте, тілім-тілім, ұлма-жұлма, шоқпыт-шоқпыт
боршала – 1.Тұтас малдың, аңның етін мүшелеп бұз, жаймала; 2. Быт-шыт қылу, мыж-мыжын шығару, кескілеу
Ал «көкпар» сөзінің өзі әбден сіңісті болғаны сондай аллегориялық бейнелі мазмұнға ие болған лексема:
Көкпар болды – Әркімнің жұлқуында болды;
Көкпарға түспеген – Күш сынаспаған, айтыс-тартысқа түспеген;
Көкпар қылды – Әбден азаптады, қинады. «Көкбөрі» сөзіне қатысты бұндай қалыптасқан тіркес жоқ!
Бұл мағынаны башқұртша түсіндірмеде ойынның серке әбден парша-парша болып жыртылғанша тартатындығы нақтылай түседі. Көкпарға тартылатын нәрсенің қорлану жағдайы «Алпамыс батыр» жырындағы (http://bilim-all.kz/olen/4895) Ұлтан құлдың дұшпаны — Алпамыстың ұлы Жәдігерді тартқызуы да тағы бір дәлел. Яғни, «пар» — тарту, паршалау, бөлшектеу,жырту ұғымын да білдіріп тұрған сөз.
Жоғарыдағы келтіріндіден байқағанымыз «пар» сөзінің әлдебір нәрсенің бөлшегі, жапырағы, жыртысы екендігі. Және де бұл сөз әртекті тілге енуіне қарағанда оның аса ежелгілігін айқындайды. Ендеше оның қосылуынан жасалған «көкпар» сөзінің де ежелгі сөз екенін ескеруге тура келеді, мұндағы «пар» буыны бұл жерде «үлес», «сыбаға» мағынасында тұр. Дәлірек үңілсек, «көк+пар» тіркесі: «Көктің үлесі», «Көктің жыртысы» деген мағынада. Демек, көкпар тарту — ежелгі мазмұны бойынша Көктің үлесіне, несібесіне таласу болып табылады. Демек, бұл тәңірлік таным жайлаған ежелгі дәуірдегі танымның бір жоралғысы екендігі өзінен өзі шығады.
Қырғыз тарихшысы Дүйшен Керимов (Что означает кок-бору, знают все, что такое кокпар, не знают даже казахские ученые http://sport.akipress.org/news:1530834/) «Я спрашивал у ученых Казахстана, почему игру кок-бору (кок – голубой цвет, бору – волк, тотемное животное, символ) они назвали кокпар. Понятно, что значит кок, а что за слово пар? Они сами не смогли ответить на этот вопрос» дегені ақтарлық жағдай, өйткені бірнеше мыңжылдық құндылықты бірден аңғару кімге болса да оңай болмас еді. Ал анықтығы айдай болып тұрған «көк бөрі» салыстырмалы түрде «кешегі» қалыптасқан атау еді. «Көк бөрі» мен «көк бору» атауларын бір бірімен беттестіруге болмайды, екеуі екі дәуірдің атаулары.
Қорыта келе, «көкпар» атауы ойынның бастапқы мазмұнын сақтаған ежелгі нұсқасы болса, «көк бөрі» атауы бертін келе бөрінің айбынды бейнесін паш етуге бағытталған туынды нұсқасы деп есептейміз. Көкпар этноойынының туындауын қарабайыр түрде сөздердің туындау мүмкіндігімен қарастыру мүлдем жеткіліксіз. Өйткені, бүгінде ойынға, ал ертең спортқа айналғалы тұрған бұл рухани құндылық өзінің этнологиялық үдерістен өткен ежелгі танымдық жоралғының бір парасы деп бағалаған абзал.
Бұл жағдайдың бүгінгі заманға дейін де келгендігін көрсететін кейбір айғақтар бар. Ауызекі әңгімеден, Алтынемел-Игілік өңірінде тап күресі қызған кезде, есірген кедей жігіттер 12-13 жастағы Төренің қызын байдың қызы деп көкпар ғып тартпақ болғанда, бір ауыл әйелі қызды бас салып жатып алып «көкпарға өрімдей жас қызды тартқанша, мына мені тартыңдар» деп арашалап қалған екен.
Алайда, бұл көріністер мен көкпардың пайда болу турасындағы пікірлер мен көзқарастар бертіндегі дәуірді қамтитын дәйектер ретінде жеткіліксіз. Сол себепті, атүсті түрде қалыптасқан ойын атауын «көкпардан», «ұлақтартыштан» «көкбөріге» өткізе салу жеңілтектік әрі жауапсыздық.
Сөз соңы. Қорыта айтқанда, «көкпар» атауының баламасы ретінде қырғызда «ұлақтартыш» қалыптасқан. Ал «көкбөрі» атауы ғұрыптық ойын ретінде өзекті болуы мүмкін. Сол себепті көкпар спортының атауы «көкпар», ал көкпар ойынының атауына «көкбөрі» лайық болар еді. Спорт пен ойынның айырмасы мүлдем басқа екенін басқа жолы сөз етерміз.
Серік Ерғали, педагогика ғылымдарының магистрі,
мәдениеттанушы, төрктанушы