Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың айырмашылығы неде? – Мәдениеттанушы
Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпы бай деп жиі айтамыз. Алайда ұлттық құндылықтарымызды қаншалықты тұрмыс-тіршілігімізде пайдаланып жүрміз. Сондай-ақ салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптың қандай айырмашылығы бар?
Мәдениеттанушы Серік Ерғали әдет-ғұрыптың шағындау екенін айтады. Яғни, ол «Ғұрыптың» ритуал, рәсім екенін ескертті.
«Салт» дегеніміз түркіше «дәстүр» деген мағынаны білдіреді. Екі ұғым да салтқа да, дәстүрге де жатады. Мысалы, тұсаукесер ғұрыпқа жатады. Бірақ бұл – салттың бір бөлігі. Беташар әдет-ғұрыпқа жатады. Бірақ, салтымыздағы әдет-ғұрыптар болып есептеледі. Мен этнограф емеспін, бірақ сөздің мағынасына қарағанда әдет пен ғұрып шағын бір этнографиялық халықтың, этнографиялық ғұрпы, салтқа байланысты бір іс-әрекеті. Салт деген мағыналас сөздер. Мысалы дәстүрді «традиция» деп атай береді. Традицияның баламасы салт-дәстүр деп айтып жүрміз. Мысалы, тұсаукесер, беташар деген әдет-ғұрыпқа жатады. Ал, әдет-ғұрыптардың жиынтығы ол енді дәстүрге келеді. Жалпы кең білімде соның барлығы – дәстүр. Әдет-ғұрыптардың жиынтығы – салт-дәстүр деп аталады.
Наурыз мейрамы дәстүрге жатады. Оның ішінде бірнеше ғұрыптар бар. Мысалы, алтыбақан – ғұрып. Советтік көзқарастағылар оны «Ұлттық ойын» дейді. Ол дұрыс емес. Алтыбақан ойын болса, онда оның ереже болуы керек. Онда ереже жоқ. Мысалы, жаңа жылды тойлау – дәстүрге, ал көрісу – ғұрыпқа яғни, дәстүрдің ішіндегі ғұрып жатады. Демек, белгілі бір нақты әрекет дәстүрге сәйкес ол ғұрып болып есептеледі. Әдет деген ол қалыптасқан нәрсе. Ал жалпылама соның барлығы кіретін жиынтық ғұрыптардың барлығы кең көлемде салт-дәстүр болып саналады», – дейді мәдениеттанушы.
«Қалалы жерде салт-дәстүрді сақтау қиын»
Серік Ерғали жаһандану кезіңінде қала халқы ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты сақтамайтынын айтады. Өйткені ол қаланың тіршілігі – этнографияға қарсы екенін ескертті.
«Себебі қалалық азаматтар үшін салт-дәстүрдің керегі жоқ болып есептеледі. Сол себепті ол дұрыс сақталмайды. Біз барлығымыз қалаға ауылдан келіп отырмыз. Осы 30 жылдың ішінде естен танып қалдық. Әр қазақ бір ғұрып пен дәстүрді әр түрлі ұстанады, әр түрлі атайды. Мысалы, қазақтың жаңа жылы 14 наурызда келеді. Сол жаңа жылды амал мерекесі, көрісу дейді. Ойына келгенді айтып жатыр. Қалалық болған түріміз – осы.
Негізі қалада дәстүрлерді сақтауға болғанымен ғұрыптарды сақтау қиын. Мысалы, қазіргі үлкен буын кетсе тұсаукесер де, беташар да қалады. Барлық салт-дәстүр шоуға айналып кетеді. Мысалы қазірдің өзінде кішкентай баланы сүндетке отырғызу мен тұсау кесу шоуға айналды. Оны патша қылып таққа отырғызып көтереді. Ал, шындап келгенде біздің халықтың дәстүрінде ондай болған жоқ. Қазір сол дәстүр сияқты жасалады», – дейді ол.
Серік Ерғали белгілі бір салт-дәстүр ұмытылып, оның жаңасы шығатынын айтады. Бір сөзбен айтқанда ол этнография ермекке айналатынын ескертті.
«Шыны керек халық қалалық болған жағдайда этнографиялық құндылықтар ермекке айналып кетеді. Себебі қалалы жер жалпы этносты жояды. Мысалы, қалада 20-30 жыл тұрған адамға қазақтың этнографиясын сақтау қызық емес. Ол жалпы адамзаттық деңгейге мәселені ойлайды. Қала деген бөлек тіршілік кеңістік болса, ал ауыл дәстүрсіз болмайды. Сонда, қала мен ауыл баяғы аңшылық пен терімшілік, Абыл мен Қабыл сияқты антиполюстер, яғни қарама-қайшы ұғым болып қалады» – дейді Серік Ерғали.
Салт-дәстүр мен дін қарама-қайшы ма?
Кейбір діни ағым өкілдері қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жоққа шығарып жатқаны жасырын емес. Дін өкілдері қазақтың ұлттық құндылықтарын неге жақтырмайды?
«Діннің өзі жалпы халықтың кейбір этнографиялық құндылықтарын өзіне бұрмалап, өзіне икемдеп тұрады. Сөйтеді-дағы әлгі халықтың таза этнографиялық құндылықтарына қарсы шығады. Енді бұл сол діннің өзінің табиғатына сәйкес нәрсе. Қай дін болмасын солай. Мысалы, орыстар православияны қабылдағаннан кейін оның бұрынғы, оған дейінгі «масленица» деген ғұрыпын шеттетті. Бірақ орыс халқы бұл мейрамын азаматтық деңгейде атап өтеді. Ислам совет өкіметіне дейін көп нәрсені жоя алған жоқ. Мысалы біздің «балаға ат қою» дәстүрі сақталып қалды. Айталық Жаңбырбай, Ауылбай деген қазақи есімдер қойылып, ұлттық құндылықтарымыз сақталып қалды. Ал, енді ислам кіргеннен кейін соның құндылықтары болып есептелетін пайғамбар мен сахабалардың есімдері, «қожа» деген жалғау, титулдарды қосып адамның есімдері де өзгеріп кетті. Бұл енді халықтың бойында болып тұратын этнологиялық құбылыстар» – дейді ол.
«Бешбармақ қайдан шықты?
Серік Ерғали әр дәуір сайын, қауым мен қоғам өзгерсе, сонымен бірге барлығы да өзгеретінін айтады. Тіпті ол этнографиялық құндылықтар да өзгеретінін ескертті.
«Тіпті, тамақ ішудің өзі өзгереді. Мысалы, «бешбармақ» деген сөзді көптеген адамдар, кейбір тарихшылардың өзі «Қазақтың сөзі» ғой несіне сонша қиналасыңдар?» деп қолын бір сілтейді. «Бешбармақ» деген қазақта болған сөз емес, бұрын малды құрбандыққа сойып, ас берген. Ас деген аспандағы әруақтарға берілетін құрмет. Жілік-жілігімен, мүше-мүшесімен солай берген. Бертін келе патшалы Ресейдің шенділерінің ықпалымен сол ас «Бешбармаққа» айналып кеткен. Оған нан қосылды. Жайма деген бұрынғы шелпек секілді, бірақ, ол етпен және дәмдеуіштермен қосылып бешбармақ пайда болды. Ол 19 ғасырдың басынан қалыптаса бастады тағам. Содан кейін ол тағам біздің даму жолымызда қалыптаспағаннан кейін оның аты да болмай қалды. Қазақ оны ет деп кетті.
Кезінде орыстар, еуропалықтар яғни, Даль, Пасмер, Левшин барлығы «бичбармак» деп жазып алады. Сол жазбаны қазір біздің зерттеушілеріміз «Қазақта бешбармақ деген сөз болған. Міне мыналар жазыпты» деп бет бақтырмайды. Егер ол сөз бар болса, «Бешбармақ» біздің академиялық сөздіктің бірде біреуінде неге жоқ. Яғни, біздің санамыз өзгеріп жатыр. Бұрынғы қазаққа тән құндылықтарды құндылық ретінде қабылдамайтын жағдайға жетті», – дейді ол.
Мәдениеттанушы қазақ туғаннан бастап өлгенге дейін өзінің бірнеше мың ғасырлар бойғы салт-дәстүрін сақтап келе жатқанын айтады. Сондықтан да ол салт-дәстүрді сақтаудың маңызды екенін ескертті.