«Ресей мен Қытай секілді елдермен қарым-қатынас сақтау керек»

Әлемдегі геосаяси жағдай құбылып тұр. АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің Ақ үйдегі дауынан кейін жағдай тіпті күрделене түсті. Бұған дейін қырғи-қабақ болып келген АҚШ пен Ресейдің қарым-қатынасы жақсара ма? Сондай-ақ АҚШ-тың Украинаға көмек беруден бас тартуы қазақ қоғамын неге тіксінтті? Осы және өзге де сұрақтарға дипломат әрі еліміздің Оңтүстік Кореядағы бұрынғы төтенше және өкілетті елшісі Дулат Бақышев жауап берді.
«Дональд Трамптың алдын ала не істейтінін болжап білу мүмкін емес»
Дулат Бақышевтің айтуынша, қазіргі таңда геосаясат аумалы төкпелі болып тұр.
«Бүгінде АҚШ-та, жалпы әлемде саяси жағдай өзгерді және Дональд Трамптың өзі көп өзгерді. Мысалы 2016-2020 жылдары президент болғанда ол әлі саясаттың исін әлі толық сезбеген тәжірибесі аз адам еді. «Бір адам таққа отырса, қырық адам атқа отырады» демекші, оның айналасындағы адамның бәрі дәстүрлі саясатпен айналысып келген, түрлі мемлекеттік қызметте, департамент пен инстиут басқарған республикалық партияның «Сен тұр, мен атайын» деген өкілдері болатын. Ал 2024 жылғы президент сайлауында жеңгеннен кейін ол тәжірибелі адамдардың бәрін ысырып тастады. Сол себепті қазір президенттің ойындағы дүние тек Дональд Трамптың өзіне ғана белгілі болып отыр. Әлі ол өзінің саясатын ашып көрсеткен жоқ әрі оны түпкілікті концепциясы мен жол картасы жоқ.
Жалпы Трамптың саясатында тұрақсыздық байқалады. Мәселен ол бұған дейін яғни 2016 жылы президент болғанда Владимир Путин туралы жақсы пікір айтқан болатын. Бірақ жеме жемге келгенде Дональд Трамптың алдын ала не істейтінін болжап білу мүмкін емес. Нақтырақ айтсам ол қанша жылы сөз айтса да Украинаға сын сағатта көмек болған джавелин қаруын берген болатын. Аталған қару арқылы Украина 2022 жылғы ауқымды соғыс басталғанда Киевті қорғап қалды. Менің ойымша, Дональд Трамп өте күрделі әрі қиын адам. Бұл жолы оның қай жағына шығатынын дәл қазір ешкім болжап білмейді. Тіпті не істеу керек екенін Трамптың өзіде білмейді», – дейді ол.
«Қазақстан мен Украинаның геосаясаты екі түрлі»
«Әу баста қазақ қоғамы Украинаның тілеуін тілеп, «Қазақ билігі Ресейге байланысты саясатта Укриана секілді батыл болуы керек» деген пікір айтты. Әйтсе де АҚШ президенті Украинаға көмектесуден бас тартқан кезде қазақ билігінің Ресеймен қарым-қатынас сақтауы дұрыс екен-ау деген ойға келдік. Биліктің Ресеймен байланысын қалай бағалайсыз?» деген сұраққа дипломат жан-жақты жауап берді. Дулат Бақышев көршімен, оның ішінде алпауыт мемлекетпен қарым-қатынаста аса сақ болу керек екенін ескертті.
«Бұл жерде екі маңызды мәселе бар. Ресей мен Қытай болсын немесе тағы басқа мемлекет болсын жақсы қарым-қатынасты дамыта беру керек. Әр елдің өзіне тән геосаясаты бар. Мысалы Қазақстан мен Украинаның геосаясаты екі түрлі. Украина Шығыс Еуропада орналасқандықтан Польша мен Венгрия секілді мемлекеттермен көрші болып отыр. Ал біздің шығыста Қытай, солтүстікте Ресей, оңтүтсікте Қырғызстан мен Өзбекстан секілді елдермен шекараласып жатырмыз. Сондықтан қалай болған жағдайда да көрші мемлекеттермен тату-тәтті болу керек.
Әсіресе Ресей мен Қытай секілді алпауыт ірі елдермен жақсы қарым-қатынас сақтау керек. Өзің барып бірінші ұрынып, отты тұтатуға болмайды. Бұл деген жеңіл-желпі қарап, ойнайтын нәрсе емес. Ойсыз іс-әрекеттерден кейін жер мен тәуелсіздіктен айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Қанша жерден ұнатпасаңыз да Ресеймен де, Қытаймен де жақсы қарым-қатынас керек. Егер қандай да бір қақтығыс болса, оған әскеріміздің күш-қуаты жете ме? Небәрі 20 миллион халықтың күші ұлан-байтақ жерімізді қорғауға жете ме? Ұзын сөздің қысқасы бұл жерде ешкімге ұрынбай, дипломатияны барынша сақтауымыз керек. Бұл бір.
Екіншіден, «Укриананы Дональд Трамп қолдамай отыр» деуге әлі де ерте. Ол 28 ақпан күні Ақ үйде болған даудан кейін Украинаға құпия ақпараттарын бермейтін болып қалды. Бірақ кейін ол ойын өзгертіп, барлаудың құпия ақпараттарын беретін болды емес пе? Дональд Трамп бүгін былай айтса, ертең басқаша айтады. Ол тауарын арзан бағада алып, қымбатқа сататыны саудагер секілді әрекет етеді. Бірақ Украинадан бас тартып отырған Вашингтон жоқ. Бірақ Трамп бұрынғыдай ешқандай сұраусыз әрі келісімсіз көл-көсір ақша мен қару-жарақты үйіп төгіп беруді тоқтатып отыр. Бұл тек Украинаға ғана емес, бүкіл әлемге қатысты дүние», – деді дипломат.