«Орталық Азия басшылдары тарихи мүмкіндікті тиімді пайдалану керек»

Наурыздың 29 күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Алматы қаласында бейресми кездесті. Дәл қазіргі уақытта қос елдің басшылары не үшін кездесті және  Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтың арасындағы байланыс Орталық Азияның бірлігіне қалай әсер етеді? Осы және өзге де сұрақтарды саясаттанушы Нұрболат Нышанбайға қойдық.

«Бейресми жүздесулер біздің байланыстарымызға тың серпін береді»

Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманның Алматыға сапармен келгеніне ризашылық білдіріп, мұндай бейресми кездесулер жақсы дәстүрге айналғанын айтты.

– Бұл – бауырлас, достас мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмысты іскерлік сипатта тағы бір талқылауға орайлы сәт. Біз – одақтас елдерміз. Екі ел арасындағы ықпалдастық тұтас Орталық Азия өңіріндегі жағдайға тікелей әсер етеді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бауырлас халықтарды жақындастыруға, аймақтың орнықты және қауіпсіз дамуындағы ортақ мақсаттарды ілгерілетуге Шавкат Мирзиёевтің зор үлес қосқанын атап өтті.

Өз кезегінде Өзбекстан Президенті екіжақты байланыстарды нығайтуды көздейтін бүгінгі кездесудің маңызына тоқталды.

– Мені өзіңіздің туған жеріңіз, атап айтқанда, Алматы қаласында достық пейілмен, екі халықтың дәстүріне сай ілтипатпен қарсы алып жатқаныңызға рақмет. Өзімнің және халқымның атынан ризашылығымды білдіремін. Соңғы жылдары қарым-қатынасымыз мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Біз – одақтаспыз. Өзара сыйластығымыздың арқасында көптеген мәселе шешімін тауып келеді, екеуара уағдаластықтардың барлығы іске асырылып жатыр. Нақты нәтижелер бар. Сізді Қазақстанның зор табыстарға жетуімен құттықтаймын. Экономикаларыңыз дамып келеді, жетістіктеріңіз жоғары. Бірінші тоқсанды 5,4 пайызбен қорытындылап отырсыздар. Бүгінгі кездесуіміздің сипаты ресми болмаса да, мен үлкен құраммен келдім. Дегенмен әрбір осындай бейресми жүздесулер біздің байланыстарымызға, барлық келісімдеріміздің орындалуына тың серпін береді, – деді Шавкат Мирзиёев.

«Саммит алдында бейресми талқы болған секілді»

Саясаттанушы Нұрболат Нышанбай Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтың Алматыда бейресми кездесуінің екі түрлі себебі бар екенін айтады.

«Біріншісі, 31 наурыз күні Тәжікстанның Худжанд қаласында үш елдің яғни Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанның арасында шекаралық дамуды реттеу бойынша достық келісімі орнады. Егер символикалық жағынан алатын болсақ, осы мәселеде алдын ала Қазақстанның пікірімен санаспағанда Орталық Азияда бірліктің төмендегенін көрсететін еді. Менің ойымша, 29 наурыз күні Шавкат Мирзиёевтың Алматыға келуі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдынан өтіп, оның пікірін білу бойыша дипломатиялық қадам болған секілді. Бұл бір.

Екіншіден, Шавкат Мирзиёевтың сапарын саралап қарасақ кездесуде меморандум не болмаса қандайда бір құжаттарға қол қойылған жоқ. Тек Алматы қаласындағы мемлекеттік Әбілхан Қастеев атындағы музейде Қазақстан мен Өзбекстанға ортақ суретшілердің мұражайы мен жасанды интеллектіге байланысты көрмеге арнайы барды. Сондай-ақ тағы бір мәселе Самарқанд қаласында өтетін  «Орталық Азия – Еуропа одағы» саммитінің алдында Қазақстан мен Өзбекстанның позициясын анықтаған бейресми талқы болған секілді», – дейді ол.

«Қос президенттің арасында ұтымды саясат қалыптасып келе жатыр»

Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің арасында достық қарым-қатынас жақсы секілді.  Саясаттанушы бұл байланыс Орталық Азия елдерінің бірлігіне оң ықпал ететінін ескертті.

«Негізі Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтың арасында бөлетін қасиеттерден қарағанда біріктіретін ортақ құндылықтар көп секілді болып көрінеді. Себебі екеуінің де саяси типажы ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте екінші адам болып жүріп кейін билікті қолына алған адам болып есептеледі. Қос президент ұзақ жылдардан қалыптасқан тарихи мәселенің шешімін тез шешуге бейім саясаткер деп ойлаймын. Себебі Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтың екеуі де елде өте ықпалды саясаткер ретінде танылды. Бұл бір.

Екіншіден, соңғы кездері екі президентті байланыстырып жүрген мәселе Шавкат Мирзиёевтың Орталық Азияға байланысты ұстанымының Қасым-Жомарт Тоқаевпен үндес шығуы дер едім. Президент Тоқаев сыртқы саясатта Орталық Азияны негізгі приоритетті орынға қойған. Ал 2016 жылы Ислам Каримов биліктен кеткеннен кейін билікке келген Шавкат Мирзиёев те осы саясатты жалғастыра түсті. Нақтырақ айтсам бұған дейін жабық болған Өзбекстанды өңірлік маңызы бар мемлекетке айналдырды. Яғни, көпвекторлы саясатты дамытып, ашық саясат ұстануға көшті. Осы және өзге де себептерге байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтың арасында ұтымды саясат қалыптасып келе жатыр», – дейді саясаттанушы.

«Орта Азия басшыларының бір ауызды болуы тарихи қажеттілік»

Нұрболат Нышанбай Орталық Азия мемлекет басшыларының бір ауызды болуы өте маңызды екенін айтады.

«Менің ойымша қазіргі таңда Орталық Азия мемлекеттерінің кез келген сыртқы мемлекеттермен ортақ ұстанымда болып, бірлесіп шешім қабылдауы өте маңызды. Бұл тек олардың таңдауы емес, қазіргі күрделі геосаяси жағдайдағы уақыттың талабы дер едім. Себебі экономикалық қысым артқан кезде өңір басшылары бірін-бірі мойындамай, көшбасшылыққа ұмтылып, араздасып жатса, үлкен империялардың ойын алаңына айналып кетуі мүмкін. Сондықтан Орта Азия басшыларының бір ауызды болуы тарихи қажеттілік.

Осыны Орталық Азия басшылары дұрыс түсініп, өзара байланысты нығайтып жатыр және бұл сәт аймақ елдері үшін мүмкіндік кезеңі деп айтуға да болады. Егер осындай кезең билік транзиті уақытында келгенде кішкене мәселе болатын еді. Тәжікстаннан басқа аймақта институционалдық түрде толықтай билік транзиті өтті. Тіпті соңғы ақпараттар бойынша «Тәжікстан алда болатын билік транзитіне дайындалып жатыр. Яғни, Эмомали Рахмонның орнына оның баласы Рустам Эмомали билікке келеді» деген жаңалық бар. Ұзын сөздің қысқасы осындай тарихи мүмкіндікті Орталық Азия басшылдары тиімді пайдалану керек», – дейді ол.