Мәзір
Жаңалықтар

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы үй алғалы отырмын»

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы үй алғалы отырмын»
Үкіметтің «Дипломмен ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы арқылы мыңдаған азамат ауылға барып, үйлі болды. Солардың бірі Жамбыл облысы Жуалы ауданына қарасты Көлтоған ауылының дәрігері Ақсәуле Әбілахатқызы.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ауылдық жерлерге жұмысқа келетін аса тапшы медицина қызметкерлеріне біржолғы ақшалай төлем жасалатынын айтады. Сонымен қатар Ақмарал Әлназарова ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау мамандарына «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі. Нақтырақ айтсақ медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру мақсатында әлеуметтік кепілдіктер мен ынталандырушы төлемдер пакеті кеңейтілді.

Денсаулық сақтау министрі айтқан әлеуметтік кепілдіктер мен ынталандырушы төлемдер пакетін алған маманның бірі 27 жастағы Ақсәуле Әбілахатқызы. Ол Жуалы ауданындағы Қоңыртөбе ауылының тумасы болғандықтан Көлтоған ауылынан еңбек жолын бастағанын айтады.«2016 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданына қарасты Қоңыртөбе ауылындағы жалпы орта мектеп бітіріп, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жалпы медицина мамандығына түстім. Жеті жыл бойы аталған университеттен білім алып, медицина саласының қыр сырын үйрендім. Халықаралық университетті 2023 жылы бітірген соң Жуалы ауданына қарасты Көлтоған ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда отбасылық дәрігер ретінде жұмысымды бастадым. Қазіргі таңда өзім жетекшілік ететін мекемеде екі медпунк бар.

Шыны керек «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы жас маманның материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Мысалы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы бір реттік 800 мың теңге көлемінде төлемақы алдым. Енді алдағы уақытта осы ауылдан үй аламыз ба деп жоспарлап отырмыз. Яғни үкіметтің жеңілдетілген 7 миллион теңге несиесін алып, үй алуға мүмкіндік бар.

Көлтоған ауылында дәрігер болып жұмыс істеп жатқаныма үш жылға жуықтады. Осы жылдар да әр түрлі науқастың диагнозы бойынша өз бетімше әрекет етіп, тәжірибе жинадым деп ойлаймын. Кейбір күрделі жағдай кезінде жауапкершілікті мойыныма алып, теория жағынан алған білімімді күнделікті практикада іске асырып жатырмын. Бір сөзбен айтқанда дәрігер болып жұмысқа орналасқалы біраз дүниені үйрендік. Дәрігерлік амбулаторияда жалпы саны 16 адам жұмыс істейді. Оның ішінде тіс дәрігері, акушер, фельдшер, балалар медбикесі мен дәрігер бар. Дәрігерлік амбулаторияға ауылдағы 1 670 адам тіркеліп, ем-дом алып жатыр», – дейді ол.

«Ауыл аманаты» бағдарламаның негізгі мақсаты – ауылдық жерлерге жас мамандарды тарту, олардың кәсіби тұрғыда дамуына жағдай жасау және ауыл халқының әлеуметтік жағдайын жақсарту болып саналады.