Олжас Бектенов Қызылорда облысына жұмыс сапармен барды

Премьер-министр Олжас Бектенов Қызылорда облысында Президенттің сумен жабдықтау және су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша берген тапсырмаларының орындалу барысын тексерді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Олжас Бектенов Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Президенттің аграрлық секторға су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексерді және өңірдің су шаруашылығы инфрақұрылымының жай-күйімен танысты.

Олжас Бектенов заманауи су үнемдеу технологиялары іске асырылған Шиелі ауданындағы «Ақмая» шаруа қожалығының егіс алқаптарында болды. Шаруашылықта күріш, күздік бидай және жоңышқа өсіріледі, ал суару үшін суды ұтымды тұтыну жүйелері қолданылады. Қолданылған шешімдердің тиімділігі осы жылдың вегетациялық кезеңінің мысалында көрсетілді.

Премьер-министр өңірдің негізгі гидротехникалық нысандарының жұмысымен танысты. Атап айтқанда, Сырдария ауданында орналасқан «Әйтек» су торабының жұмысы тексерілді. Су торабы 2004 жылы САРАТС жобасы аясында пайдалануға берілді. «Әйтек» есебінен 13 мың гектар егіс алқабы мен 3 319 гектар көл жүйесі, сондай-ақ 120,8 мың гектар шабындық және жайылымдық жерлер сумен қамтамасыз етіледі.

Олжас Бектенов Қызылорда қаласы, Қызылөзек ауылдық округіне қарасты 120 мың гектардан астам аумақтағы көл жүйесі мен жайылымдық жерлерді сумен қамтамасыз ететін Қараөзек арнасының үстінен ұшып өтті.

Қызылорда су торабын аралау барысында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жақанов өңірдегі ағымдағы су шаруашылығы жағдайы мен қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Қызылорда су торабы 1956 жылы пайдалануға берілген және 120 мың гектар аумақты суаруды қамтамасыз етеді.

Сапар барысында Премьер-министр Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларын белсенді енгізу жөніндегі алға қойған міндетіне назар аударды. Бұл қазіргі гидрологиялық жағдайда өте өзекті. Осыған байланысты Үкіметтің басымдығы – ауыл шаруашылығы өндірушілерін тұрақты сумен қамтып, оның ішінде олардың суды тиімді пайдаланудың заманауи технологияларына кезең-кезеңімен көшуі есебінен қамтамасыз ету.

Осы тұрғыда 2024 жылы Су және ирригация министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп инвестициялық субсидиялау және суармалы су ережелеріне тиісті өзгерістер енгізді. Енді тамшылатып және жаңбырлатып суаруды енгізген шаруашылықтармен суды пайдалануға арналған келісімшарттар басым тәртіппен жасалада. Қалғандары қалдық көлем және суды үнемдейтін шешімдерге көшу міндеттемесі болған жағдайда ғана ресурстарға сене алады.

Жүйелік деңгейде егіс құрылымын әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде. АӨК-ні дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес ылғалсүйгіш дақылдардың егістігін қысқарту көзделеді. Атап айтқанда, күріш пен мақта алқабы 41 мың гектарға, оның ішінде күріш алқабы 10 мың гектарға азаяды. Сонымен бірге жүгері мен жем-шөп дақылдарының өндірісі кеңейіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу дамуда. Бұл шаралар суармалы жерлердегі су тұтынудың үлесін кем дегенде 20%-ға төмендетуге бағытталған. Өңірде су балансының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мелиорация бойынша шаралар енгізілуде: Түркістан және Қызылорда облыстарында 118 тік дренаж жүйесі және 243 сорғы агрегаты іске қосылды. Коллекторлық-дренажды суды қайта пайдалану жүзеге асырылады және кезектестіре әрі түнгі суару жүйесі тәжірибеден өтуде.

Сапар қорытындысы бойынша Олжас Бектенов суды тиімді пайдалану тәжірибесін кеңейту және шаруаларды суарудың заманауи әдістеріне көшуге ынталандыру қажеттігін атап өтті. Жалпы, Үкімет бұл бағыттағы жұмысты өңірлермен, жауапты министрліктермен және су пайдаланушылармен үйлестіре жалғастыратын болады.