Балғынбек Имашевтің ұлы алаяқтық бойынша күдікке ілінді

Желіде qazaq_travel туристік компаниясына алдандық деген бір топ адамның наразылығы қызу талқылануда. Умра сапарына баруға ниетті азаматтар компания басшылығы тарапынан алданғандарын айтып, Алматыдағы кеңсеге жиналып, полиция шақырған, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
TikTok-та marjuka92 есімді қолданушы жариялаған видеода ашулы жұрт компания кеңсесіне басып кіріп, ондағы жағдайды түсіріп көрсеткен. Оның айтуынша, компания өкілдері қажылыққа апарамыз деп уәде беріп, адамдардан миллиондап ақша жинаған, алайда сапар да, ақша да жоқ. Ал компания директоры айтыскер ақын Балғынбек Имашевтің баласы екен.
“11-шағын аудандағы 3/1 мекенжайындағы кеңсеге келгенде, ешкім жоқ. Қызметкерлерге айлық та төленбеген. Бұл компанияның директоры – танымал айтыскер ақын Балғынбек Имашевтың ұлы Данияр Имашев. Ол қолхат жазып, белгілі бір соманы қайтарамын деп уәде бергенімен, нәтиже жоқ. Әлеуметтік желідегі парақшаларында пікір қалдыру мүмкіндігін жауып тастаған”, – дейді видео авторы.
Сонымен қатар, Мадина Жеңісқызы есімді азаматша да алданғанын айтып, жәбірленушілер бірігіп, құқықтарын қорғауға шақырды.
“15 жылдан бері жұмыс істеп жатырмыз деп Алланың атымен ант етіп, халықты алдады. Ақшамыз қайтарылмаса да, өзгелер алданбасын деп ескертіп жатырмыз”, – деді ол.
Ал компания директоры ретінде таныстырылған Заур Сыздықов Instagram парақшасында пікірлерді өшіріп, әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Видеоларда полиция қызметкерлерінің кеңсеге келгені көрсетілгенімен, қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тарапынан ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Айтыскер ақын Балғынбек Имашев те жағдайға қатысты пікір білдірген жоқ.