Жаңа медиа көкжиегі: «Salem Entertainment» феномені

ХХІ ғасырдағы техникалық жаңашылдықтар өнер саласына өзгеріс енгізбей қоймады. Дәстүрлі формат түрлері жаңашылдықтарға сай трансформациялана бастады. Ғаламтордың ашқан мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануды конвергенттілік үдеріс деп қарастыра аламыз. Егер бұрынғы ақпараттық технологиялар бірте-бірте тарих сахнасынан кететін болса, онда бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) мүлде жойылып кетпей, керісінше, жаңа заманға бейімделіп, мүлде жаңа форматта өз жалғасын табады. Осылайша, жаңа медиа экожүйесі қалыптасып, ақпарат алмасудың жаңа тәсілдері кеңінен қолданылуда. Бұл ұғымның қалыптасуы өз бастауын Генри Дженкинстің теориясынан алады. Генри Дженкинс 2000 жылдардың басында «Convergence Culture» атты кітабында трансмедиалық сторителлинг концепциясын егжей-тегжейлі зерттеген болатын. «Конвергенция» термині латын тіліндегі «convergo» сөзінен шыққан, бұл «жақындату» немесе «біріктіру» деген мағынаны білдіреді. Ағылшын тілінде «convergence» сөзі «бір нүктеде түйісу» немесе «бір арнаға тоғысу» дегенді білдіреді. Кең мағынада конвергенцияны тек бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы өзара ықпалдасу ғана емес, сонымен қатар технологиялардың өзара енуі, олардың шекараларының жойылуы және түрлі медиа құралдарының бір-бірімен үйлесуі деп анықтайды.

Веб-сериалдардың да қалыптасуын осы термин астарымен түсіндіруге болады. Телесериалдар форматы заман талаптарына бейімделіп, «веб»-ке айналды. Дегенмен, аталмыш үдеріс дәстүрлі форматтардың жоғалуын меңземейді. Керісінше, бізге үйреншікті дүниенің өзіндік бөліністері пайда болды. Себебі «жаңа» «бұрынғының» табиғатынан шығады.

Жалпы әлемде веб-сериалдардың іргетасы 2000 жылдары қойылды. Ал Қазақстанда аталмыш үрдіс шамамен 2019 жылы басталды. Цифрлық кеңістіктің трансформациялануы барысында елімізде де өндірістік ошақтар мен жергілікті тұрғындардың тұтынуына ыңғайлы платформалар қалыптасты. «Aitu dala» компаниясының қарамағынан «Aitube» платформасы шықты. Алғашында веб-сериалдар үшін аудитория жинайтын аумақ «Youtube» болса, кейіннен отандық өнімдерге бағытталған арнайы платформалар қалыптасты. Қазіргі таңда веб-сериалдар өндірісі бойынша жетекші орында тұрған – «Salem Entertainment» медиахолдингі. Холдингтің бұрынғы директоры Рустам Юсупов контент-мейкерлер үшін «Aitube» әлдеқайда қолайлы екенін ерекше атап өткен. Себебі монетизациялық мүмкіндіктер тұрғысынан бұл платформа табыс табудың тиімді жолын ұсынады. Сонымен қатар, «АО Қазақтелеком» компаниясы да онлайн көрсетілімдерді арттыру мақсатында «TV+» атты онлайн кинотеатрды көпшілікке ұсынды.

«Salem Entertainment» медиахолдингінің өндірісі «веб-сериал» форматының үстемдік етуіне негіз қойды. Осы орайда форматтық ерекшеліктерді анықтау үшін компанияның мансабын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады:

  1. Бастапқы кезең;
  2. Дамушы кезең;
  3. Қазіргі кезең.

Бастапқы кезеңге оралсақ, алғашқы қадамдар «Suikimdi stories» пен «Қарапайым Қайрат» жобаларымен байланысты. «Suikimdi stories» – романтикалық қарым-қатынастар төңірегіндегі жеңіл, көңіл көтеретін хикаяны ұсынды. Әрбір бөлім заманауи жастардың күнделікті өміріндегі сезімдері мен ішкі қайшылықтарын суреттеді. Бұл сериал арқылы медиахолдинг аудиторияның эмоциялық қажеттіліктеріне ден қойды.

«Қарапайым Қайрат» болса, ауылдан шыққан қарапайым жігіттің үлкен қаладағы өмірге бейімделу жолын баяндайды. Қайраттың қарапайымдылығы мен өмірге деген аңғал көзқарасы арқылы туынды әлеуметтік өзгерістер мен урбанизация тақырыптарын жеңіл әзілдер арқылы қозғады. Бұл сериал көрерменнің ауыл мен қала арасындағы менталитет айырмашылықтарын тануына мүмкіндік берді. Сонымен қатар, ұлттық болмысты сақтай отырып, жаһандану ықпалын да көрсетеді. Аталып өткен екі жобаның өзі көрермендердің талғамы туралы түсінік қалыптастыруға ықпал ете білді. «Қарапайым Қайрат» арқылы өндірісті тиімді етудің жолдары анықталды.

Дамушы кезең деп туындылардың жоғары танымалдылыққа қол жеткізе бастаған уақытын атауға болады. Бұл уақытта Алишер Утевтің шығармашылығы үлкен серпіліс жасады. Оның «5:32» және «1286» сияқты веб-сериалдары халық арасында кеңінен таралды.

«5:32» қылмыстық драмасы 2021 жылы жарық көрді және көп ұзамай «Salem» – нің ең танымал туындыларының біріне айналды. Сериалда полиция қызметкерінің аса қауіпті қылмыскерлерді ұстау жолындағы күресі мен оның жеке өміріндегі трагедиялар қатар өрбіді. Мұнда қылмыскерлер романтизацияланбай, шынайы және қатыгез бейнеде ұсынылды, ал бас кейіпкердің трагедиялық тағдыры әділдік пен сенімнің күйреуі арқылы ашылды. Нәтижесінде басты кейіпкердің трансформация жолы айқын көрсетілген. Ол қаһарман ретінде ақыр аяғында өзінің дамуының жоғары нүктесіне жетпейді. Керісінше тағдыры трагедиялық сипат алады. Уақыт кеңістігінің екіге бөлінуі оның өзгерісінің контрастын байқауға мүмкіндік береді. Сенімі мол мен әділдікке ұмтылған адам барлық жақындарынан айырылып қалған, өмірде жоғалған кейіпке иеленді. Және мұндай өзгеріс тек кейіпкерді түсініп қана қоймай, идеялық концепцияны толыққанды ұғынуға көмектесе алады.

«1286» веб-сериалы болса әлеуметтік мәселелерді қозғайды. Дәрігер Аманның құлдыққа түсуі арқылы сериал қоғамдағы шеттетілген топтардың мүшелері қандай қауіптерге душар болатынын көрсетті. Зұлымдық пен әділетсіздік сипаты өмірдің қараңғылыққа толы бөліктерінде ашық түрде көрсетіледі. Жалпы айтқанда, туынды диктаторлық мәнер адамдардың өз-өздерін идентификациялау қабілетін жоғалтуға жеткізетінін байқауға итермелейді. Еркіндік маңызды құндылықтардың бірі екендігін еске салатындай. Өздерінің бұрынғы өмірлерін айырылған кейіпкерлер белгілі бір деңгейде Шыңғыс Айтматовтың «Маңқұрт туралы аңызын» еске салады. Иесінің бұйрығына ғана құлақ асатын, өзінің кім екенін ұмытқан адам бейнесі Ш. Айтматовтың шығармасында да, А. Утевтің сериалында да көрініс тауып тұр.

Қазіргі кезеңде Salem Entertainment компаниясы жанрлық әртараптандыруға басымдық беруде. Қалыптасқан жанрлық бағыттар:

  • Комедия («Күйеу балам депутат», «Завод»);
  • Драма: әлеуметтік («1286», «С любовью аферист»), қылмыстық («Қарға»), лирикалық («Няня: бизнес по-қыздарски»);
  • Драмеди («Сержан братан», «Первая отрицательная»);
  • Хоррор («Алас»);
  • Детектив («Шахристан»).

Бұл жанрлық ізденістер нәтижесінде медиахолдинг өз аудиториясын тереңірек түсініп, тұрақты тұтынушысын қалыптастырды. Осы үрдісті бас продюсер Қуат Садықов жүйелеген болатын. Оның «осында және қазір», «өз көрермендеріңді тани біл», «жаһандықтан жергіліктендіруге көшу» деген ұстанымдары «Salem» өнімдерінің өзіндік стилін айқындайды.

«Бажа» сериалы – осы тұрақтану кезеңінің жемісі. Бұл туынды комедия жанрының танымалдығын тағы да дәлелдеді. «Бажа» полиция генералының үш күйеу баласының түрлі мінез-құлқы мен өмірге деген көзқарастарының қақтығысын күлкілі әрі шынайы түрде көрсетеді. Әр күйеу баланың өзіндік мінезі арқылы отбасылық және әлеуметтік стереотиптерді әжуалайды. Сериалдың жалғасы – оның аудиторияға шынымен ұнайтындығының белгісі. Бұл да «Salem Entertainment» компаниясының өнім сапасы мен көрермен сұранысы арасындағы байланысты дұрыс құра алғандығын білдіреді. «Бажа» арқылы Salem қазіргі қазақ қоғамындағы әке мен күйеу бала арасындағы қарым-қатынастың өзіндік ерекшеліктерін қызықты формада жеткізіп отыр.

Қорыта айтқанда, веб-сериалдардың дамуы техникалық прогресс пен мәдени конвергенцияның өзара ықпалының айқын көрінісі болды. «Salem Entertainment» медиахолдингі бастаған өндірістік ізденістер жанрлық және тақырыптық әртараптандыруға мүмкіндік берді. Қазіргі кезеңде тәжірибелік қадамдарға жол ашық, ал веб-сериалдарға тән еріктік пен максимализм медиа өнімдердің жаңаруына серпін бергені анық. Алайда уақыт өте келе бұл еркіндік өз шегіне жеткендей әсер қалдырады: жаңашыл идеялар сирей бастады, кейбір жобалар бір үлгіге түсіп, өзін-өзі қайталауға ұрынуда. Дегенмен, бұл тоқырау емес, жаңа сапалы ізденістерге бастайтын өтпелі кезең деп түсінген жөн. Қазақ веб-индустриясы қалыптасу сатысынан өтіп, жаңа деңгейлерге көтерілуде. Бәлкім болашақта жаңашылдық пен кәсіби шеберліктің үндесуі арқылы ұлттық медиа кеңістіктің әлеуеті одан әрі күшейе түсер.

Әзиза Қуандық,

ҚазҰӨА 2-курс студенті