Қазақстан мен Иран екіжақты қатынастарды жан-жақты нығайтуға бейілділігін растады

Иранға ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Аракчимен келіссөздер өткізді.
Министрлер екіжақты өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Сауда-экономикалық серіктестікті тереңдетуге ерекше назар аударылып, ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге шығару қажеттілігі аталып өтті.
– Біз екі ел арасындағы сындарлы әрі қарқынды диалогты кеңейтуді жалғастырамыз. 2024 жылы екіжақты тауар айналымы 12,3%-ға өсіп, 340 миллион АҚШ долларынан асты. Ал 2025 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 82%-ға артып, 129 миллион долларды құрады. Біз осы оң қарқынды сақтап, өзара сауданы 3 миллиард долларға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз, – деп мәлімдеді М.Нұртілеу.
Қазақстан және Иран сыртқы саяси ведомстволарының басшылары Каспий өңірін дамыту мәселелері бойынша күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығына назар аударды. Сондай-ақ Қазақстанның шекара маңындағы облыстары мен Иран провинциялары арасындағы ықпалдастықты кеңейту және екі елдің Каспий порттарының әлеуетін толық пайдалану маңызды бағыт ретінде аталып өтті.
Тараптар халықаралық алаңдардағы өзара іс-қимылды оң бағалап, аталған бағыттар бойынша жұмысты жалғастыруға уағдаласты.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша екі елдің сыртқы істер министрліктері арасында Ынтымақтастық бағдарламасына және Дипломатиялық архив саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Сапар аясында Қазақстан Сыртқы істер министрі ИИР Жоғарғы көшбасшысының Халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Али Акбар Велаятимен кездесу өткізді. Саяси, экономикалық және мәдени салалардағы байланыстарды нығайту талқыланды. Сондай-ақ өңірлік пен халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ықпалдастық және өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Бұдан бөлек М.Нұртілеу Иранның «Kaveh» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мохаммад Садег Кавені қабылдады. Сұхбат барысында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, соның ішінде өнеркәсіп пен логистика салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективалары қаралды. Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымын арттыру және халықаралық көлік дәліздері аясында транзиттік мүмкіндіктерді пайдалану мәселелері де күн тәртібінен тыс қалған жоқ.