Үржарлық азамат 61 млн қарызын өтемеген

Абай облысы Үржар ауданының прокуратурасы мемлекет пайдасына өндіріп алу туралы сот шешімін қасақана орындамау дерегін анықтады.
— Аудан тұрғыны соттың 61 миллион теңге көлеміндегі қарызды өтеу туралы шешімін орындаудан жалтару мақсатында, жалпы құны 12,5 миллион теңге болатын тұрғын үйі мен ауыл шаруашылығы техникасын басқа тұлғаларға рәсімдеген, — делінген Абай облысының прокуратурасы хабарламасында.
Аталған мәмілелер жалған сот актілері негізінде, сот орындаушыларының қатысуынсыз жүзеге асырылған. Түскен қаражатты борышкер мәжбүрлі өндіріп алу рәсімін айналып өтіп, жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Осы дерек бойынша аудан прокуратурасы ҚК 430-бабының 3-бөлігі (сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін не атқарушылық құжатты орындамау) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Аталған баптың санкциясы бес жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.