ALASHORDA Мәзір
Саясат

АЛМАТЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ: ЖАЙЛЫ, ҚАУІПСІЗ ЖӘНЕ ЗАМАНАУИ МЕГАПОЛИС

АЛМАТЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ: ЖАЙЛЫ, ҚАУІПСІЗ ЖӘНЕ ЗАМАНАУИ МЕГАПОЛИС

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының "Алматы ақшамы"  газетіне көлемді мақаласы шықты, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Алматының халықаралық рейтингтерде жоғары орындардан көрінуі – қаланың экономикалық қуаты, адами капиталы, іскерлік ортасы мен инвестициялық тартымдылығының нәтижесі. Мыңжылдық тарихы бар шаһар бүгінде еліміздің рухани, ғылыми, мәдени және экономикалық орталығы ретінде жаңа даму кезеңіне қадам басты.

Қазіргі таңда экономикасының көлемі 72 миллиард АҚШ долларына жуықтайтын Алматы – Қазақстанның ең ірі экономикалық орталығы. Елімізге тартылатын тікелей шетелдік инвестицияның 40 пайыздан астамы осы қалаға тиесілі. Алматы жалпы ішкі өнімнің төрттен біріне жуығын өндіріп, мемлекеттік бюджет кірістерінің үштен бірін қалыптастырады. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім 30 мың АҚШ долларынан асады.

Алайда экономикалық өсімнің нәтижесі тұрғындардың күнделікті өмірінен көрінуі керек. Қала халқы көбейген сайын көлік жүйесіне, инженерлік желілерге, мектептерге, балабақшаларға, медициналық және қоғамдық нысандарға түсетін жүктеме артып келеді. Сондықтан Алматыны дамытудың негізгі мақсаты – қаланың аумағын жай ғана кеңейту емес, өмір сүру сапасын жақсарту.

Осы мақсатта Алматының Бас жоспары аясында қолайлы қоғамдық орта қалыптастыру қағидатына басымдық берілуде. Жаңа аудандарда тұрғын үйлермен қатар мектеп, балабақша, емхана, дүкен, саябақ, кеңсе және демалыс орындары бірге қарастырылуы тиіс. Көшелерді жөндеу жұмыстары да «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша жүргізіледі. Яғни жолмен бірге тротуар, жарықтандыру, көгалдандыру, ғимараттардың қасбеті мен шағын сәулет нысандары біртұтас жоба ретінде жаңартылады.

Алматының келесі даму кезеңі полицентрлік модельге негізделмек. Бұл жүйе қаланың негізгі қызметтерін бір орталыққа шоғырландырмай, бірнеше ауданға тең бөлуге мүмкіндік береді. Әрбір полицентрде жұмыс орындары, білім беру және медициналық мекемелер, мәдениет, сауда мен демалыс орындары орналасады. Соның нәтижесінде тұрғындар қажетті қызметтердің басым бөлігін үйіне жақын жерден ала алады.

2030 жылға дейін «Шығыс қақпасы» және Сайран көлінің шығыс бөлігіндегі Almaty Downtown полицентрлерін қалыптастыру жоспарланған. Кейін оларға «Батыс қақпасы», Оңтүстік-батыс және Солтүстік полицентрлері қосылады. Бұл жобалар «15 минуттық қала» қағидатына негізделеді. Оның басты мақсаты – тұрғындардың уақытын үнемдеп, көлік кептелісін азайту.

Қоғамдық көлік жүйесі де кешенді түрде жаңғыртылады. Метро желісін батыс бағытта «Барлық» көлік торабына дейін 5,3 шақырымға ұзарту және үш станция салу жоспарланған. Шығыс бағыттағы желі әуежайға дейін жалғасып, ұзындығы шамамен 14 шақырым болатын сегіз станцияны қамтымақ. Сонымен қатар Индустриялық аймақ пен Алматы-2 вокзалын байланыстыратын 18,3 шақырымдық ЛРТ желісі қарастырылған. Болашақта жалпы ұзындығы 42 шақырым болатын Sky Train жүйесін іске қосу мүмкіндігі де зерттелуде.

Қаланың туристік әлеуетін дамытуға да ерекше көңіл бөлінбек. 2025 жылы Алматыға шамамен 2,5 миллион турист келсе, олардың 750 мыңнан астамы – шетелдік қонақтар. 2030 жылға қарай шетелдік туристер санын 1,7 миллионға, ал 2050 жылға қарай 4 миллионға жеткізу көзделген. Шымбұлақ, Кимасар, Бутаковка және басқа нысандарды біріктіретін тау кластері жыл бойы жұмыс істейтін туристік жүйеге айналуға тиіс.

Алматының тарихи мұрасы да туризмнің маңызды бөлігі болады. Боралдай мен Есік өңіріндегі Сақ қорғандарын, Ұлы Жібек жолының іздерін және тарихи сәулет нысандарын байланыстыратын тұтас туристік кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік бар. «Сақ қорғандары» аумағында рекреациялық парк құру – осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі.

Қаланың болашағы экологиялық және инженерлік қауіпсіздікпен тікелей байланысты. Инженерлік желілерді жер астына көшіру, су жүйесін жаңғырту, жауын-шашын мен еріген қар суын тиімді пайдалану, күн энергетикасын дамыту жоспарланып отыр. «Қала-сорғыш» тұжырымдамасы бойынша Алатау ауданындағы Бент көлдері аумағында пилоттық жоба жүзеге асырылмақ.

Алматыға жай ғана үлкен қала емес, мүмкіндігі мол, ауасы таза, көлік жүйесі дамыған және тұрғындарына қолайлы мегаполис болу міндеті қойылып отыр. Қаланың басты байлығы – ғимараттары мен жері ғана емес, оның адамдары, білімі, мәдениеті және болашаққа деген сенімі. Алматыны жаңарту – ең алдымен адамның өмірін жақсарту, уақытын үнемдеу және мүмкіндігін кеңейту.