Кабо-Верде ұлттық құрамасының қақпашысы Жозимар Диаш, жанкүйерлер арасында «Возинья» («Әже») деген лақап атпен танымал футболшы, 2026 жылғы әлем чемпионатында күтпеген жерден әлемдік деңгейдегі жұлдызға айналды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Турнирдің алғашқы турында Кабо-Верде құрамасы Испаниямен 0:0 есебімен тең түсті. Әлем чемпионатына алғаш рет қатысып отырған команда үшін бұл тарихи нәтиже болса, 40 жастағы қақпашы матчтың басты қаһарманы атанды.
Ойыннан кейін берген сұхбатында журналист Возиньядан әлем чемпионаты басталғанға дейін Instagram парақшасында қанша жазылушы болғанын сұрады. Қақпашы шамамен 40 мың адам болғанын айтты. Журналист оның алдында 50 мыңға жуық жазылушысы болғанын нақтылап, қазіргі көрсеткішті білетін-білмейтінін сұрады.
Футболшы жазылушылар саны 500 мыңға жеткен шығар деп болжады. Алайда журналист телефон экранын көрсеткенде, оның парақшасында сол сәтте-ақ 1,9 миллион жазылушы болғаны анықталды. Бұған қатты таңғалған Возинья күліп жіберіп, басын шайқап, мұның бәрін «нағыз ессіздік» деп бағалады.
Қақпашының танымалдығына Испанияға қарсы тамаша ойыны себеп болды. Испания құрамасы матч барысында Кабо-Верде қақпасына 27 рет соққы бағыттағанымен, бірде-бір гол соға алмады.
Возинья 7 сейв жасап, Ферран Торрес, Аймерик Ляпорт, Микель Оярсабаль және алаңға кейін шыққан Ламин Ямальдың қауіпті соққыларын қайтарды.
Матч аяқталғаннан кейін қақпашы эмоциясын жасыра алмай, алаңда көз жасына ерік берді.
Бұл оқиғаны одан әрі әсерлі еткен тағы бір жайт бар. Кейін белгілі болғандай, футболшының анасы АҚШ визасының қымбат болуына байланысты тарихи матчты өз көзімен тамашалау үшін Америкаға бара алмаған.
Возинья қазір Португалияның «Шавеш» клубында өнер көрсетеді. Команда елдің екінші дивизионында ойнайды. Алайда Испаниямен өткен матчтан кейін тәжірибелі қақпашы әлем чемпионатындағы ең көп талқыланған футболшылардың біріне айналды.
Қазір Возиньяның Instagram желісіндегі жазылушылар саны 6 миллионға жуықтап қалды.