<?php wp_head(); ?> Атырауда су тасқынына қарсы оңтүстік өңірлерден техника тартылды - Alashorda ақпараттық-сараптамалық сайты

Атырауда су тасқынына қарсы оңтүстік өңірлерден техника тартылды

Атырау облысында су тасқынына қарсы дайындық жұмысына оңтүстік өңірлерден 250-ден астам көлік тартылды.

Атырау облысының жедел штабынан мәлім еткендей, Жамбыл облысынан 58, Шымкент қаласынан 200 техника жеткізілген.

Жамбыл облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Ерболат Сейітбековтің айтуынша, 15 сәуірден бері арнайы техникалар 10 елді мекенде жағалауды бекіту жұмысына тартылған.

Техника
Фото: Әнуар Әбілғазиев

«Халқымыздың қанында қиналған жандарға қамқорлық таныту, көмек беру секілді қасиеттер бар. Осы тұрғыдан айтқанда, біз мұнайлы өңірдегі елді мекендерді су тасқынынан қорғауға көмек беру үшін келдік. Біз – бір елдің азаматымыз. Біз қиындықтың бәрін бірлесе еңсереміз. Өйткені, біздің күшіміз – бірлікте. Елдің бірлігі осындай сәтте көрінеді», -дейді Ерболат Сейітбеков.

Ал, Шымкент қаласынан жеткізілген көліктердің арасында 140 жүк көтергіш, 40 жүк тиегіш, 5 Газель, 2 экскаватор, 2 бульдозер, 10 су таситын құрылғы, 2 «Беларусь 80» тракторы бар.

Техника
Фото: Әнуар Әбілғазиев

«Қазір оңтүстік өңірлерден көмекке жеткізілген арнайы техникалар Атырау қаласында, оның маңындағы Дамбы, Қызылбалық, Еркінқала елді мекендерінде, Исатай, Махамбет, Индербор аудандарында бөгет салу жұмыстарына пайдаланылды. Ал, 6 техника Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласындағы тасқын судың зардабын қалпына келтіру, тазалау жұмыстарына жіберілді», -деп хабарлады облыстық жедел штабтан.