«Көгілдір отынның келуі ауыл тұрғындарына қуаныш болды»

Биыл жыл басында Жамбыл облысы Талас ауданына қарасты Ақкөл ауылына табиғи газ берілген болатын. Жалпы саны 2 242 адам тұратын ауылдағы 411 үй үшін көгілдір отынның келуі ерекше жаңалық болды.

Ақкөл ауылының әкімі Жандос Ратовтың айтуынша, жыл соңына дейін ауыл тұрғындарының басым бөлігі үйіне көгілдір отын кіргізеді. Қазіргі таңда ауыл әкімі әр үйге газ кіргізу жұмыстары жүріп жатқанын ескерттін.

«Шыны керек ауылымызға көңілдір отынның кіруі халық үшін ерекше қуаныш болды. Ауылға газ кіргізу көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселе еді. Қанша жылдан бері аудан әкімінің алдында газ мәселесі көтерілетін еді. Биыл жылдың басында облыс әкімі Ербол Шырақбайұлы ауылға арнайы келіп, көгілдір отынның лентасын қиды.

Ақкөл ауылындағы 411 үйдің басым бөлігіне газ кірді. Бір үйге газ кіргізу 155 мың теңге болып жатыр. Ал көпбалалы немесе аз қамтылған отбасыларға 50 пайыз жеңілдік жасалған. Осының арқасында жыл соңына дейін ауыл тұрғындарының басым көпшілігі үйіне газ кіргізіп алады», – дейді әкім.

Ауылдың бас тұрғыны Руслан Досалиев жуырда үйіне газ кіргізіп, үлкен қуанышқа кенелгенін айтады.

«Биыл Талас ауданына қарасты Ақкөл ауылдық округіне көгілдір отын кіргізу жұмыстары басталғаны баршаға аян. Әрине табиғи газдың қосылуы ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш болды. Себебі күнделікті отын жарып, көмір тасып, күл шығарып жүрген аналарымыздың мойнындағы ауыртпалық азайды. Ауылға көгілдір отынның кіруі өзім сияқты жастар үшін жағымды жаңалық болды. Неге десеңіз, бұл жастардың ауылдан қалаға жаппай көшуін тоқтатады деп сенемін», – дейді ол.

Талас ауданындағы 23 ауылдық елді мекеннің 18-і газдандырылған, яғни, 75 пайызды құрап отыр. 2027 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ