«Өңірлік университеттер де оң өзгеріс көп»

Биыл Тараз қаласында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті жаңадан құрылды. PhD дәрежесіндегі  Ерлан Ерубаев аталған университеттің Көлік және машина жасау кафедрасының оқытушысы болып жұмыс істейді. Жас ғалым соңғы жылдары Үкімет тарапынан ғылым саласын қолдау шарасы артқанын айтады.

«Ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мән беріп жатыр»

Ерлан Ерубаевтың айтуынша, ғылым саласы тиісті деңгейде қаржыландырылған кезде бәсекеге қабілетті мемелекет боламыз.

«Соңғы жылдары Үкімет ғылымға бөлінетін қаржыландыруды арттырып, жас ғалымдардың ғылыми зерттеумен айналысуына ықпал ете бастады. Мемлекеттің ғылымды қаржыландыруы зерттеушілерге эксперимент жүргізіп, деректер жинап, талдау жасау жұмыстарын іске асыруға мүмкіндік береді. Мұндай қолдау өңірлерде орналасқан университеттердің ғылыми прогресске үлес қосып, технологиялардың дамуына түрткі болады. Осының арқасында экономиканың жаңа салалары дамып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Білім саласы­ жақсы қаржыландырылған жағдайда ғана ғылыми жаңалықтар ашы­лып, жаңа технологиялар арқы­лы адамзаттың өмір сүруінің сапа­сы жақсарады. Сондықтан елімізде отандық ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсар­туға ерекше мән беріліп жатыр. Елімізде ғылыми қызметкерлердің жалақысын көтеріп, арнайы гранттар та­ғайындап, стипендиялар беру мәсе­лелері оңтайлы шешілді.  Ең бастысы жастардың ең өзекті мәселесінің бірі – баспана алуда жеңілдіктер пайда болды.

Мысалы 2023-2025 жылдарға арналған ғылымның жалпы бюджеті алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда 3,3 есе яғни, 643 млрд-қа дейін өскен. Бұл ретте 2024-2026 жылдарға көзделген бюджет тағы 13% өсіп, шамамен 730 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ бүгінде жас ғалымдарды қолдау айтарлықтай күшейтіліп, бізге қатысты 727 ғылыми жоба жүзеге асып жатыр. Себебі 2023-2025 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында ғылыми-технологиялық инфрақұрылымды қалыптастыруға 16 млрд теңге бөлінген.

Жалпы 2029 жылға дейін 7 мамандандырылған инжиниринг орталығы мен ғылыми-технологиялық парк ашу жоспарланып отыр. Бұл дегеніміз, келешекте жас ғалымдардың ғылыми еңбектерінің өндіріске еніп, еліміздің инновациялық жобаларының игілігін көруге мүмкіндік береді», – дейді ол.

«Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір»

Ерлан Ерубаев Ғылым және жоғары білім министрлігі жыл сайын жариялап отыратын «500 ғалым» жобасын іске қосқанын айтады. Аталған жоба арқылы өңірлік университеттердің ғалымдары әлемнің үздік ЖОО мен лабораторияларында және ғылыми зерттеу институттарында тағылымдамадан өтеді.

«Мемлекет Scopus және  Web of Science Core Collection деректер базасында бірінші квартильдің ең беделді Q1 журналдарындағы жарияланымдардың санының артуына ықпал етіп отыр. Мәселен отандық ғалым­­дар жыл сайын ұйымдас­ты­рылатын «Scopus Awards» сый­лығын иеленіп жүр. Тіпті про­фессорларымыз алдыңғы қатары әлемдік беделді ғалымдардың 2 пайызына кірді. Ғалымдардың беделді шетелдік ғылыми басы­лымдарға тұрақты мақала жазуы елімізде тың жаңалықтың бар екенін аңғартады.

Ал өңірлік ғылымға келетін болсақ, ғылыми зерттеу жұмыстары  өңірлерде орналасқан университет пен институттар да іске асырылып жатыр. Қазіргі таңда, өңірлік ЖОО ғылыми дәрежесі бар жас ғалымдар аз болып отыр. Ашығын айтсақ өңірдегі ғылымның дамуын үлкен қаладағы ғылымының дамуымен салыстыра алмаймыз. Содықтан да, Үкімет өңірлік ЖОО-да жас ғалымдардың санын арттыруға көңіл бөле бастады. Өңірлік ғылымды дамыту үшін Ұлттық академия ұсынған «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» бастамасын іске асыру аясында,  Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті мен М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті өз жұмыстарын бастап кетті.

Осы мәселені шешу үшін аталған университеттер шетелдік серіктестермен бірлесіп, еліміз үшін өте маңызды су мәселесі мен тыңдайтқыш өндірісін дамытуға ден қойып, тіпті жас ғалымдар ғылы­ми зерттеулерді  бастап кетті.  Қазіргі таңда аталған университеттер де еліміздің экономикасына үлес қосатын бағыттар бойынша жобалар іске асырылуда. Атап айтқана су ресустары, энергетика және химия саласы бойынша жұмыстар жүріп жатыр», – дейді ол.