«Президенттің жас ғалымдарға тегін үй беруі көпшілікті қуантып тастады»

Соңғы жылдары Үкімет тарапынан ғылымды қаржыландыруға көңіл бөліне бастады. Бұл Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры Шахислам Лайсхановтың пікірі. Сондай-ақ ол жас ғалымдарды әлеуметтік қорғау жұмыстары да қолға алынғаннан кейін жастардың ғылымға деген қызығушылығы артқанын айтты.

Географ-ғалым,  PhD докторы Шахислам Лайсханов соңғы жылдары елімізде жас ғалымдарды қолдау өте жоғары деңгейде екенін айтады.  Мәселен ол жас ғалымдардың қаржыландырудан бастап, баспаналы болуына дейінгі әр түрлі іс-шаралар қолға алынғанын ескертті.

«Шыны керек 2020 жылдан бастап ғылым саласы тұрақты қаржыландырылып келе жатыр. Мысалы елімізде ғалымдарға берілетін гранттық қаржыландырудың сомасы өсті. Ғалымдардың арасында өтетін конкурстар және жас ғалымдарға арналған гранттық қаржыландырудан бастап,  2023-2025 жылдарға арналған «Жас ғалым» жобасы іске қосылды. Бұдан бөлек соң үш жылдан бері университет пен институт оқытушыларының арасында «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» деген конкурс ұйымдастырылып келе жатыр. Аталған конкурстың 30 пайызы 15 жылға дейін жұмыс өтілі бар жас ғалымдарға тиесілі.

Сонымен қатар әлеуметтік көмек көрсету жағы жақсарып келе жатыр. Ғылым және жоғары білім министрлігі «Отбасы банкпен» меморандумға отырып, жеңілдетілген пайызбен баспана беру мәселесі қарастырылып жатыр. Осы келісімнің арқасында жас ғалымдар үйлі болып, отбасын қуанышқа бөлеп жатыр. Әрине жас ғалымдар жаппай баспанаға ие болмаса да ғылым саласында жетістікке жеткен белсенді азаматтар үйлі болып жатқанын көріп жүрміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев маусым айында Алматы қаласындағы Ғылым ордасында жас ғалымдармен кездесті. Аталған кездесуде президент 10 жас ғалымға тегін үй беріп, көпшілікті қуантып тастады. Сол кездеуде «Бұл бастама жүзеге асады. Жыл сайын жас ғалымдарды 100 үймен қамтамасыз етеміз» деп айтылған болатын. Өкінішке қарай бұл бастама ары қарай тоқтап қалған секілді. Мүмкін жылдың соңына дейін тағы да жас ғалымдар баспаналы болып қалар? Ашығын айтсақ мемлекет басшысының бұл игі бастамасы жас ғалымдарға үлкен үміт сыйлады. Егер жас ғалымдардың баспана мәселесі оңынан шешілетін болса, ғылымға қызығушылардың саны артар еді. Қоғамда «Жастар ғылым саласына келмейді?» деген сын жиі айтылады. Өкінішке қарай «Сананы тұрмыс билейтінін» естен шығарып аламыз. Егер баспана мәселесі түпкілікті шешілсе, жастардың ғылымға деген қызығушылығы жоғары болатын еді», – дейді Шахислам Ұзақбайұлы.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ