Күрес түрлерінен ұлттық құрамадағы жаңа есімдер анықталды

Елордада күрес түрлерінен Қазақстан кубогы өз мәресіне жетті. Жарысқа ұлттық құраманың үздіктері қатысқанына қарамастан, жас балуандар өз әлеуеттерін көрсете білді. Толығырақ Olympic.kz сайтында. 
Жарыс шымылдығын еркін күрес шеберлері ашты. Жарыстың алғашқы күнінде-ақ фавориттер өздерінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Мысалы, Начын Куулар (65 келіге дейін), Болат Сақаев (86 келіге дейін), Әлішер Ерғали (125 келіге дейін) чемпион атанды. Айта кетерлігі, жарысқа Нұрқожа Қайпанов, Ризабек Айтмұхан сынды балуандар қатыспады.

Ризабектің салмағында (97 келіге дейін) Бекзат Үркімбай алтыннан алқа тақты. Сонымен қатар Нұрқожаның салмағында Әлібек Әбдіқасымов үздік атанды. Жарыстың екінші күнінде де құрама үздіктері өздерін тағы бір мәрте дәлелдеді. Атап айтсақ, Азамат Дәулетбеков (92 келіге дейін), Дәулет Ергеш (79 келіге дейін). Ұлттық құрамадағы орынға талас тартысты өткені анық.

“Қазақстан кубогы жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырылуы және төрешілер жағы жақсы қызмет атқарды.

Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама сапына іріктеу жұмыстары әлі де жалғасады”, – дейді ұлттық құраманың бас бапкері Мадияр Құрамысов.

Сондай-ақ, бас бапкер Қазақстан кубогы қарсаңында ұлттық құраманың алдағы дайындық жоспарларымен бөліскен болатын. Алдағы іріктеу турнирлері жайлы осы сілтеме арқылы оқи аласыз.

Ал, грек-рим күресінде жағдай өзгеше. Ұлттық құраманың негізгі көшбасшылары жүлдеге жетпей қалса, жас буын өкілдері алтын жүлдегер атанды. Атап айтар болсақ, Әлімхан Сыздықов (130 келіге дейін), Ержет Жарлықасын (67 келіге дейін) алтынға қол жеткізе алмады. Дегенмен, Ержет ақтық белдесуге дейін барған еді. Алайда, жарақатына байланысты жарыстан бас тартып, жас спортшы Сұлтан Әсетұлы жеңіске жетті.

Ал, Әлімхан болса, 2020 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Мансур Шадукаевқа есе жіберді. Сонымен қатар 77 келіге дейінгі салмақта өте тәжірибелі спортшылардың бірі Ибрагим Магомадов үздік үштікке кіре алмады. Ұлттық құрама бас бапкерінің міндетін атқарушы Нұрым Сапарұлының айтуынша жарыс қорытындысы бойынша іріктеу жұмыстары жүргізілген.

“Жарыс қорытындысындағы ең басты ерекшелік – қазір құрамда жасару кезеңі өтіп жатыр. Мысалы, 87 келіге дейінгі салмақта Ислам Евлоев, Мақсат Сайлау сынды жас спортшылар чемпион атанды. Сонымен қатар 60 келіге дейінгі салмақта Айдос Сұлтанғали жеңіпмаз болғанмен, үздік үштікке жастар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері Айбек Айтбеков те кірді.

Жаңа олимпиадалық цикл басталды. Біздің құрамда жас буын өкілдері өте көп. Мықты жігіттер бар, солармен жұмыс істеу қажет. Енді алда әлем чемпионаты тұр. Оған дейін маусым айында Түркияда және шілде айында Венгрияда іріктеу турнирлері өтеді. Жігіттерді сол жерде сынап көреміз. Содан кейін, осы екі жарыстың қорытындысы бойынша әлем чемпионатына баратын нақты құрам жасақталады”, – дейді Нұрым Сапарұлы.

Әйелдер күресінде жағдай бірқалыпты десек те болады. Жүлдегерлердің барлығы ұлттық құраманың балуандары. Бұл туралы ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сағадиев Olympic.kz сайтына берген сұхбатында айтып берді.

“Жарыс нәтижелеріне көз жүгіртсек, үздік үштікке енген балуандардың барлығы – ұлттық құрама сапындағы спортшылар. Бұл құрамның мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдесе, соның ішінде көзге түскен жастардың бірі – 57 келіге дейінгі салмақта белдескен Анна Стратан. Ол биыл алғаш рет ересектер арасындағы бәсекеге қатысып, тәжірибелі қарсыластарын ұтып, қола жүлдеге ие болды. Сонымен қатар Анна – жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Болашағынан зор үміт күттіретін спортшы.

Қазіргі таңда ұлттық құраманың басты мақсаты – алда келе жатқан әлем чемпионаты мен Азия ойындары. Сонымен қатар команда Түркияда өтетін біріккен оқу-жаттығу жиындарына қатысып, кейіннен беделді “Яшар Догу” халықаралық турнирінде бақ сынайды. Маусым және шілде айларында өтетін осы жарыстар – балуандардың физикалық және психологиялық дайындығын бағалауға мүмкіндік береді. Ал әлем чемпионатының алдында екі кезеңнен тұратын арнайы жаттығу жиындары жоспарланған”, – деп түйіндеді ұлттық құраманың бас бапкері.