Депутат валюта нарығына қатысты: Адамдар үнемі девальвацияны күтумен өмір сүреді

Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов валюта нарығындағы алыпсатарлықты тоқтату бойынша іс-шаралар жүрізуді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк инфляцияның 2022 жылы 4 – 6% және 2025 жылы 4% нысаналы дәлізіне қол жеткізу үшін тәуелсіз ақша-кредит саясатын, бұл ретте барабар ақша-кредит саясатын жүргізуге тиіс екенін атап өтті. Ұлттық банктің есепке алу мөлшерлемесін және валюталық интервенциялар (сату немесе сатып алу) арқылы теңгенің бағамын реттеу ҰБ-ның инфляциялық таргеттеу бойынша негізгі экономикалық құралы болып табылады. Тұтастай алғанда, 2021 жылғы қараша мен желтоқсанда валюталық сауда-саттық көлемі 3,6 және 4,2 млрд долларды құрады. 2022 жылғы 12 – 31 қаңтар аралығында – 2,5 млрд доллар. Сомасында – соңғы 3 айда 10 млрд АҚШ доллары. Бұл Қазақстан тарихындағы валюталық сауда-саттықтың орасан зор көлемі. Әрі осы сауда-саттықтың басым бөлігі Ұлттық банктің қатысуымен өткізілді», — деді А. Жамалов Мәжілістің жалпы отырысында жолдаған сауалында. Оның айтуынша, теңгенің бағамын ұстап қалу үшін 2022 жылғы 12 және 13 қаңтарда Ұлттық банктің валюталық интервенцияларының көлемі 240 млн АҚШ долларын құрады. Ал бұл жалпы сауда-саттық көлемінің шамамен 50%-ы болып отыр. Ұлттық банк валюталық интервенцияларды 2021 жылғы қараша мен желтоқсанда да жүргізді – олар бойынша сальдо 500 млн АҚШ долларына жуық болды. «2022 жылғы қаңтардағы валюталық интервенциялар туралы деректер әлі күнге дейін жарияланған жоқ. Алайда, бұл цифрлардың өзі де ауқымдылығымен таңғалдырады. Көлемі бойынша оларды Денсаулық сақтау немесе Білім және ғылым министрліктерінің шығындарымен салыстыруға болады. Кімнің мүддесінде интервенциялар жүргізіліп, резервтер жұмсалды? Бұл импорттық мәмілелерді жүргізу үшін емес, алыпсатарлық сұранысты қанағаттандыру үшін жасалды. Қарапайым сөзбен айтқанда, ақшасы барлар долларды Ұлттық банк есебінен «жақсы бағам» бойынша сатып алды. Әрі бұл ақша шетелге шығарылған сияқты. Бірақ неліктен алыпсатарлардың сұранысын қанағаттандыру үшін резервтер жұмсалады? Бұл не деген монетарлық саясат өзі?», — деді депутат. Осы орайда ол елімізге резервтер елдің қажеттілігі үшін жеткілікті импорт көлемін қамтамасыз ету және сыртқы қарыздар бойынша төлемдерге кепілдік беру үшін қажет екенін, осының өзі валюталық бағамды тұрақтандыратын мықты фактор болып саналатынын жеткізді. «Бұл ретте әрбір баспасөз-релизінде және көпшілік алдында сөйлейтін сөздерінде біз Ұлттық банктің еркін құбылмалы бағам мен тұрақтылықты ұстанатыны туралы мантраны естіп келеміз. Өкінішке қарай, теңге бағамының тұрақтылығы оның тұрақты құлдырауын білдіреді. Сөзі мен ісі арасында қайшылық туындайды. Еркін нарықтық бағамды декларациялай отырып, Ұлттық банк белсенді түрде әрі кімнің пайдасына екені белгісіз интервенциялар жүргізеді. Ұлттық банктің орындауындағы еркін құбылмалы бағам елес сияқты – бәрі ол жөнінде айтады, бірақ оны ешкім өз көзімен көрмеген. Тіпті нарыққа кәсіби қатысушылар да теңгенің бағамы неге байланысты екенін түсінбейді. Мұнай бағасы өседі немесе төмендейді, бағам өзгермейді немесе мүлдем басқа жаққа қозғалады. Ұлттық банк валюта нарығына араласады, бірақ өзі бағамның қандай нысаналы мәндерін қолдайтынын түсіндірмейді. Екінші жағынан, еркін құбылмалы бағам туралы мәлімдейді», — деді А. Жамалов. Оның пайымынша, бағамның алдын ала болжап білуге болмайтыны оған деген сенімсіздіктің басты себебіне айналды. Сондықтан, адамдар үнемі девальвацияны күтумен өмір сүреді. «Мемлекет басшысы бағамның күрт алыпсатарлық ауытқуларын болғызбау үшін теңгеге деген сенімді қалпына келтіру қажеттігі туралы айтқан болатын. Бірақ бұл ашық әрі адал жасалуға тиіс», — деді депутат. Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, мыналар ұсынылды: — Ұлттық банк Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, валюта нарығындағы алыпсатарлықты тоқтату бойынша іс-шаралар әзірлеу; — Ұлттық банк басқа елдердегідей, валютаны сату мен сатып алуды қоса алғанда, күн сайынғы негізде валюталық интервенциялар туралы деректердің жариялануын қамтамасыз ету; — Қаржылық мониторинг агенттігі валютаны сату мен сатып алуды қоса алғанда, соңғы 3 айдағы валюталық интервенциялар туралы ақпаратты талдау қажет.