«Әділет» партиясы айлауалды штабтардың жұмысын түйіндеуде. Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен қорытынды отырыста үгіт-насихат науқанының нәтижесі шығарылды және сайлаушылардың ұсыныс-тілектерін ескере отырып, сайлауалды міндеттемелерді іске асыру бойынша алдағы мақсаттар айқындалды.
Өз сөзінде Айбек Дәдебай ауқымды жұмыс атқарған партияластарға алғыс айтып, осы жыл еліміз үшін тарихи маңызға ие болғанын атап өтті. Мемлекет басшысының бастамасымен мемлекеттің басқару жүйесін ғана емес, тұтас қоғамды қамтитын ауқымды өзгерістер жалғасып жатыр. Осы жылдың басты оқиғаларының бірі – азаматтардың кең қолдауына ие болған жаңа Конституцияның қабылдануы.

Партия төрағасы Мемлекеттің алдағы даму барысы туралы айта келе, Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерге тоқталды. Олардың қатарында экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту, өңірлердің әлеуетін нығайту және цифрлық технологияларды дамыту қадамдары бар. Бұл өзгерістер ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр.
«Бұл – елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған, баршамызға ортақ жауапкершілік жүктейтін міндеттер. Осы оң өзгерістердің Тәуелсіздігіміздің 35 жылдық тұғырлы белесімен тұспа-тұс келуінің де үлкен елдік символы бар. Осы жылдар аралығында халықтың бірлігі мен ынтымағы ел дамуының өзегіне айналды. Бүгінде Тәуелсіз, Әділетті, Қуатты Қазақстанды бірге құрудамыз», – деді партия төрағасы.
Үгіт-насихат науқанының қорытындысын партия төрағасының орынбасары Асхат Оралов таныстырды. Партия барлық деңгейдегі мәслихат сайлауына партиялық тізімдер мен бірмандатты сайлау округтері бойынша 3 817 кандидат ұсынды. Бір айда партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері арқылы ел тұрғындарынан 5 мыңнан астам ұсыныс-тілек келіп түсті.
«Бір ай бойы еліміздің барлық өңірінде 6,5 мың адамды ортақ мақсат төңірегінде топтастырған 246 сайлауалды штаб жұмыс істеді. Осы уақыт аралығында кандидаттарымыз бен партия белсенділері жалпы саны 5,6 млн адамды қамтыған 106 мыңнан астам үгіт-насихат іс-шарасын өткізді. Науқан жұмысына 9200 сенімді өкіл тартылды. Ал дауыс беру күні сайлау учаскелерінде 22 мыңнан астам байқаушы жұмыс істейді», – деді Асхат Оралов.
Сонымен қатар партия Президент Жолдауын түсіндіру аясында түрлі кездесу өткізді. Қазақстанның барлық өңірінде жалпы саны шамамен 1 млн адам қамтылған 28 мыңнан астам іс-шара болды. Құрылтайдағы «Әділет» фракциясының 32 депутаты еліміздің барлық өңірін аралады. Сондай-ақ партияның барлық 3562 бастауыш партия ұйымында тұрғындармен кездесулер өтті. Ал «Bir Tolqynda» жастар диалог алаңдары мыңдаған жас қазақстандықтың басын қосты.
Отырыс соңында, партия төрағасы науқан аяқталғаннан кейін де сайлаушылармен жүйелі жұмыс жүргізуді жалғастыру қажет екенін айтты.
«Біз Құрылтай және мәслихат сайлаулары кезінде халық алдында нақты міндеттерді алып, сайлау алды уәделерімізді жарияладық. Ендігі басты міндетіміз — сол уәделердің барлығын кезең-кезеңімен орындап, нақты нәтижеге қол жеткізу. Өйткені халықтың бізге білдірген сенімі — үлкен жауапкершілік. Сондықтан сайлау науқанымен шектеліп қалмай, бұдан да белсенді түрде сайлаушылармен байланысты жалғастырып, күшейтіп, бәріміз бірлесіп, тұрғындар көтерген мәселелерді нақты шешімдерге ұластырамыз», – деді Айбек Дәдебай.

Сондай-ақ ол жақында Мемлекет басшысымен өткен кездесу қорытындысы бойынша жүктелген міндеттерге тоқталды. Онда Құрылтай мен партия қызметінің нәтижелері таныстырылды. Президент қабылданып жатқан заңдардың тиімділігіне, олардың орындалу барысын қадағалауға және сайлауалды міндеттемелерді іске асыруға ерекше назар аударды.
Сессия басталғалы бері Құрылтай 19 заң қабылдады, тағы 37 заң жобасы қаралуда. 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет қабылданды. Бұдан бөлек, партия Үкіметпен бірлесіп, 2026-2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картасының жобасын әзірледі. Онда 303 нақты іс-шара көзделуде.
Айбек Дәдебай партия филиалдарына әкімдіктермен бірлесіп, өңірлік сайлауалды бағдарламалардағы барлық міндеттемені өңірлерді дамыту бағдарламаларына енгізуді тапсырды.
«Өңірлерде көтерілген өзекті мәселелер Құрылтай мінберіне жетіп, қажет болған жағдайда заңнамалық тұрғыдан шешімін табады. Ал қабылданған заңдар мен мемлекеттік бастамалардың жергілікті жерлерде тиімді жүзеге асырылуына мәслихат депутаттары да белсенді атсалысуы қажет. Осылайша, орталық пен өңірлердің арасындағы байланысты сапалы түрде күшейтіп, халықтың талап-тілегін тез әрі нақты іске айналдыратын тиімді жүйені қалыптастырамыз», – деп түйіндеді Айбек Дәдебай.