Алматыға қалың қар түсті

Алматыда күні бойы қар жауды. Қазіргі сәтте қала аумағында қардың қалыңдығы 10 см, ал тау бөктерінде 15 см жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қар жауа бастаған сәттен көктайғақтың алдын алу үшін жолдарға, қиылыстарға, жолайырықтарының кіре берістеріне мұз ерітетін қоспалар шашылды, жауған қар сыпырылды. Жалпы, бүгін көктайғаққа қарсы 450 тонна материал пайдаланылды. Тротуарларды, жаяу жүргіншілер аймақтарын, қоғамдық көлік аялдамаларын, автотұрақ «қалталарын», жерүсті өткелдерін, саябақтар мен скверлерді тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Қарды тазарту таулы, тау бөктеріндегі аудандарда, сондай-ақ жаяу жүргіншілер аймақтарында жүргізілді. 159 текше метр қар қала сыртына шығарылды. Қардан тазарту жұмыстарына 621 бірлік арнайы техника, 201 құмшашқыш және 1532 жол жұмысшысы жұмылдырылды. Аудандық әкімдіктер мен мердігер ұйымдарда қардан тазарту жұмыстарының өндірісін бақылау үшін тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырылды. Қазгидрометтің болжамы бойынша 10 ақпанның таңына дейін қар жауады деп күтілуде. Түнде ауа температурасы -4…-6. Тұман, көктайғақ болады.