Футбол: Нұрәлі Әліп Ресейдің «Зенит» командасына ауысты

Қазақстандық футболшы Нұрәлі Әліп Ресейдің «Зенит» командасының ойыншысы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Бұл жөнінде ресейлік клубтың баспасөз қызметі мәлім етті. Нұрәлі Пактұлы Әліп 1999 жылдың 22 желтоқсанында Ақтау қаласында дүниеге келген. Сегіз жасында жергілікті «Каспий» командасында футболдың алғашқы әліппесін ашты.

2015 жылдан бастап «Кайрат» академиясына ауысып, үш жылдан кейін алматылық клубтың негізгі құрамында тұсаукесер ойынын өткізді.

Қазірге дейін ол «Қайрат» құрамында 99 ойын өткізген. Нәтижесінде қарсыластар қақпасына бес гол соғып, әріптестеріне төрт нәтижелі пас берді. Команда құрамында ел чемпионы атағына ие болып, екі мәрте Қазақстан кубогына қол жеткізді.

Ұлттық құрама сапында 12 ойын өткізіп үлгерді.

Биылғы жылдың қаңтарында «Зениттің» оқу-жаттығу жиынына шақырту алды. Atlantic Cup кубогында Данияның «Мидтьюлланд» және «Брондбю» командалары қақпасына екі гол соқты.

Ол өзінің жаңа клубында 28 нөмірлі жейдеде ойын көрсетеді. Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан ел біріншілігі 5 наурызда басталатыны хабарланды.