Қазақстанда DiDi такси қызметі жабылатын болды

4 наурыздан бастап Қазақстандағы DiDi таксиі өз қызметін тоқтатады, деп хабарлайды Alashorda.kz сайты ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

«Біз DiDi-дегі миссиямызды – күнделікті өмірді ыңғайлы ету деп білеміз, яғни жолаушылар мен серіктестер үшін ең жақсы сервистерді ұсынғымыз келеді. Өкінішке қарай, бұдан былай Қазақстанда мұны қамтамасыз ете алмаймыз, осыған байланысты DiDi 2022 жылғы 4 наурыздан бастап елдегі жұмысын тоқтатады», — деп жазылған компанияның Facebook парақшасында.

Жолаушылар мен жүргізушілер 4 наурызға дейін DiDi такси қызметін әдеттегідей қолдана алады.

«Біздің қызмет іске қосылған сәттен бастап қолдау көрсеткен бүкіл жүргізушілер мен жолаушыларға алғыс айтқымыз келеді. 4 наурызға дейін DiDi әдеттегідей жұмыс істейді» — деді такси қызметі.

Айта кетейік, DiDi – такси, каршеринг және райдшеринг қызметтерін көрсететін қытайлық конгломерат.

Компания 2012 жылы Бейжің қаласында құрылған.

Қазіргі уақытта компания Еуропа, Азия, Аустралия, Латын Америкасындағы елдерде миллиондаған адамға қызмет көрсетеді.


ТегтерDIDIТакси