Әлихан Смайылов Азия елдерін Транскаспий халықаралық көлік бағдарын белсенді түрде пайдалануға шақырды
Боао қаласында (ҚХР) Боао Азия форумының пленарлық сессиясының ашылу рәсімі өтті. Биылғы форум «COVID-19 пандемиясы және әлем: халықаралық дамуға бірлесіп ықпал ету және ортақ болашақ құру» тақырыбымен өтіп жатыр.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов іс-шара қатысушыларына бейнебайланыс арқылы сөз сөйледі. Өз сөзінде ол қазіргі уақытта Үкімет қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру мен сапалы дамуды қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар экономикалық реформаны жүзеге асырып жатқанын атап өтті.
«Биыл наурыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жаңа саяси реформалардың ауқымды бағдарламасын ұсынды. Маңызды саяси реформаларды және дағдарысқа қарсы кешенді шараларды іске асыру үшін жалпыұлттық жоспар бекітілді. Бұл шаралар мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін іске асыруға және орнықты дамуға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді», — деді Ә. Смайылов.
ҚР Премьер-Министрі форум тақырыбы пандемиядан кейінгі дамуға әлемдік қоғамдастықтың алаңдаушылығын толық көрсететінін атап өтті. Өз кезегінде, Қазақстан пандемиядан туындаған дағдарысты тез арада еңсеруге және тұрақты халықаралық экономикалық байланыстарды қалпына келтіруге мүдделі.
Осыған байланысты ҚР Үкіметінің басшысы ДДСҰ-ның COVID-19-ға қарсы жаһандық вакциналауды қамтамасыз ету жөніндегі стратегиясын ұстанып, вакциналар мен емдеу құралдарын әділ бөлу жөніндегі ережелер жинағын әзірлеуді ұсынды.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында ықпалдастықтың жоғары серпінін қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстан “Жібек жолының экономикалық белдеуінің” негізгі буыны ретінде халықаралық транзиттік тасымалдарды үздіксіз қамтамасыз етуді күшейтеді. Осыған байланысты шетелдік әріптестерге тасымалдау қауіпсіздігінің жоғары талаптарына жауап беретін және жүктерді трансконтиненталдық тасымалдауға деген сұранысты толық көлемде қамтамасыз етуге қабілетті Транскаспий халықаралық көлік бағдарын белсенді түрде пайдалануды ұсынамыз», — деді ҚР Үкіметінің басшысы.
Шараға онлайн-форматта Израиль, Филиппин, Моңғолия, Непал мемлекеттерінің басшылары, сондай-ақ Лаос Премьер-Министрі мен бірқатар халықаралық ұйым басшылары қатысты.