Маңғыстау облысында бірнеше елді мекенді су басты

Нөсер жаңбырдың салдарынан Маңғыстау облысындағы 2 қала мен 3 ауданындағы 9 елді мекенді су басты. Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Бекболат Әбдіқадыров нөсер салдарын жою жұмыстары туралы мәлім етті, деп хабарлайды Alashorda.kz сайты ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Атап айтқанда, Ақтаудың 14 көшесінен 16 420 текше метр су сорылған.

Жаңаөзенде 88 тұрғын үйді, 43 аула аумағын, 27 көше, 3 мектеп пен 1 балабақшаның жертөлесін су басты. Қала бойынша 130 қап инертті материал төселіп, 17 300 текше метр су тартылды.

Қарақия ауданының Бостан ауылында 5 үй мен «Тұрмыс-сервис» ММ сораптық станциясына кірген жаңбыр суы тазаланды. Сенек ауылындағы 23 үй, 25 аула, спорт мектебінің жер төлесіне ағын су жайылды.Құрық-Жетібай автожолының 4-шақырымындағы су жиналатын нүктеде сорғыту жұмыстары жүргізілді.

Маңғыстау ауданындағы Шетпе ауылында 2 үй мен 10 ауланы су басты. Ақтау-Қаламқас жолының 97-шақырымына ағын су жайылды.

Мұнайлы ауданындағы Дәулет, Маңғыстау, Басқұдық, Баянды және Батыр ауылдарында 1 үй мен 18 аулада су сорғытылды.

«Жаңбырдан кейінгі салдарды жою жұмыстарына ТЖД-нің 93 қызметкері, 22 техникасы мен 28 мотопомпа, жергілікті атқарушы органдардың 142 жұмысшысы, 56 техникасы мен 10 мотопомпа, 85 ерікті жұмылдырылды», — деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары, подполковник Бекболат Әбдіқадыров.

Еске салсақ, Жаңаөзенде жаңбырдан кейін үш мектеп пен балабақшаны су басып қалған. Нөсер салдарын жоюға Ұлттық ұланның жауынгерлері тартылды.