2026 жылы Қазақстанда тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған бірқатар мемлекеттік ипотекалық бағдарлама өз жұмысын жалғастырады, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Осы ретте "Отбасы банк" АҚ Басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимовадан биылғы жылы қандай мемлекеттік бағдарламалар іске асатынын сұрадық.
«2026 жылда тағыда наурыз айында «Наурыз» бағдарламасын бастаймыз. Бағдарлама өзіндік брэндке ие. Жас мамандар мен жас отбасылар осы төрт айдың арасында екі млн алғашқы жарна жинап, қатыса алады. Әскери баспана бойынша «наурыз әскери» бойынша төрт мың отбасы баспаналы болады. Олардың өтініштерін бір екі жылдың ішінде барлығын қарап шығамыз. Шешім шыққаннан кейін оларға пәтер іздеуге алты ай уақыт беріледі» - деді "Отбасы банк" АҚ Басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова.
krisha.kz порталы биыл азаматтар қандай бағдарламалар арқылы баспана ала алатынына шолу жасады.
«Наурыз» ипотекалық бағдарламасы
Отбасы банкінің дерегінше, «Наурыз» бағдарламасы кемінде 2031 жылға дейін іске асырылады. 2026 жылы өтінім қабылдау уақыты әзірге нақтыланбағанымен, көктем мезгілінде басталуы мүмкін.
Бағдарлама шарттарына сәйкес, пайыздық мөлшерлеме 9%, ал әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін 7% деңгейінде белгіленген. Алғашқы жарна таза әрлеудегі пәтер үшін 10%, қара әрлеудегі тұрғын үй үшін 20% болады.
Несие сомасының шекті мөлшері Астана мен Алматы қалаларында 36 млн теңгеге дейін, басқа өңірлерде 30 млн теңгеге дейін. Қарыз мерзімі — 19 жыл. 2025 жылы бұл бағдарламада бір орынға орта есеппен төрт үміткерден келген.
«Наурыз жұмыскер» бағдарламасы
«Наурыз жұмыскер» ипотекасы да алдағы алты жыл бойы қолданыста болады. Бағдарлама өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы, энергетика және су ресурстары саласында еңбек ететін азаматтарға арналған.
Бағдарламаның негізгі шарттары «Наурыз» ипотекасымен бірдей. Жаңа өтінімдерді қабылдау 2026 жылдың көктеміне жоспарланып отыр.
«7-20-25» мемлекеттік ипотекасы
Мемлекеттік «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы 2026 жылы да жалғасады. 5 қаңтарда бағдарламаға 25 млрд теңге көлемінде жаңа транш бөлінуі көзделген.
Бағдарлама бойынша пайыздық мөлшерлеме 7%, алғашқы жарна 20%-дан басталады, ал несие мерзімі 25 жылға дейін.
Максималды қарыз сомасы өңірлерге қарай белгіленген:
- Астана, Алматы, олардың маңындағы елді мекендерде, сондай-ақ Ақтау, Атырау және Шымкент қалаларында — 30 млн теңге;
- Қарағанды қаласында — 25 млн теңге;
- басқа өңірлерде — 20 млн теңге.
2025 жылы бағдарлама аясында несие лимиттері ұлғайтылған.
Әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекасы
«Ұмай» әйелдер ипотекалық бағдарламасы 2025 жылы іске қосылады деп жоспарланғанымен, басталмай қалды. Қазіргі уақытта бұл бағдарламаның 2026 жылы қайта іске қосылуы мүмкін деген болжам бар.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, бастапқы пайыздық мөлшерлеме 14,4%, кейін ол 3,5–5% дейін төмендеуі ықтимал. Алғашқы жарна 15–20%, несие мерзімі 25 жылға дейін, қарыз сомасы 50 млн теңгеге дейін болуы мүмкін. Алайда нақты қаржыландыру көлемі мен мерзімі әзірге жарияланған жоқ.
«Жасыл ипотека»
Отбасы банкінің «Жасыл ипотека» бағдарламасы энергоүнемдейтін әрі экологиялық талаптарға сай тұрғын үйді сатып алуға арналған. Бағдарламаға қатысатын үйлер LEED, BREEAM, ГОСТ немесе OMIR сертификаттарына ие болуы тиіс.
2025 жылы бұл бағдарлама аясында 570 несие рәсімделіп, жалпы көлемі 14,7 млрд теңгені құраған. 2026 жылы да бұл бағыттағы ипотека беру жалғасады.
Бағдарлама шарттары бойынша қарыз сомасы 50 млн теңгеге дейін, алғашқы жарна 20%-дан, ал тұрғын үй төлемдерін алатын азаматтар үшін 15%-дан басталады. Пайыздық мөлшерлеме 12,5%, ал қарыздың 50%-ы жиналғаннан кейін ол 3,5–5% дейін төмендейді.
«Жасыл ипотека» арқылы пәтер сатып алуға болатын тұрғын үй кешендерінің тізімі Отбасы банкінің ресми сайтында жарияланған.
«Әскери баспана» бағдарламасы
Сонымен қатар, «Әскери баспана» бағдарламасы қайта жанданатыны туралы ақпарат тарады. Алайда бағдарламаның нақты шарттары мен іске қосылу мерзімі әзірге белгісіз.