Әкімдердің саяси партияға мүшелігін тоқтату қосымша зерделеуді талап етеді
Әкімдердің саяси партияға мүшелігін тоқтату қосымша зерделеуді талап етеді. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың Мәжілістің таратылған 7-шақырылым депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды Alashorda.kz сайты ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
«2022 жылдың 5 қарашасында «2022 жылдың 16 наурызындағы Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулермен толықтырулар енгізу туралы» заң мен «Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» заңының 4-бабына әкімдер мен олардың орынбасарларына саяси партия филиалдары мен өкілдіктерінде лауазым атқаруға тыйым салуды көздейтін толықтыру енгізілді», — деді Премьер-Министр жауабында.
Үкімет басшысының атап өтуінше, әкім және оның орынбасарлары тағайындалған не сайланған сәтте саяси партия филиалдары мен өкілдіктерінде лауазымды қызмет атқарса, онда олар тағайындалған немесе сайланған күннен бастап 10 күннің ішінде ол қызметтен босатылуы тиіс.
«Сонымен бірге әкімдердің саяси партияларға мүшелігін тоқтату туралы ұсыныс алдыңғы қатарлы әлемдік тәжірибені ескере отырып, қосымша зерделеуді талап етеді», — деді Әлихан Смайылов.