Маңғыстауда 120 келіден асатын бекіре балығы тәркіленді

Маңғыстауда 120 келіден асатын бекіре балығы тәркіленді, деп хабарлайды Alashorda.kz сайты Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

«Браконьер» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында биыл 10 наурызда Маңғыстау облысы ПД патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Ақтау-Форт-Шевченко тас жолының 29-шы шақырымында табиғатты қорғау полициясымен бірлесіп Lada 2112 маркалы күдікті автокөлікті тоқтатты. Автокөлікті тексеру барысында жүксалғышта жалпы салмағы 124 келі болатын 33 дана заңсыз ауланған бекіре балығы табылып, тәркіленді»,-делінген хабарламада.

Полицейлер 26 жастағы күдіктіні ұстады. Тәркіленген балық «Kazakh Osetr» ЖШС-не тапсырылды. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етілмейді.

Бұл дерек ҚР ҚК 339-бабы (өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша Түпқараған ауданы полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген.


ТегтерПолиция