Ұлттық банк «Бәйтерекке» 170 млрд зейнетақы қаржысын салды
Ұлттық банк БЖЗҚ-дан «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ облигацияларына 173 миллиард теңге инвестиция салды. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаты ірі жобаларды қаржыландыруға бағытталмақ.
Белгілі болғандай, облигациялардың жылдық кірісі 13% болады, ал айналым мерзімі – 15 жыл.
Ұлттық банкте облигацияларды сатып алу туралы шешім экономиканың нақты секторының ұзақ мерзімді ірі жобаларын қаржыландыру үшін 2024-2025 жылдар ішінде жоспарланған БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялау шеңберінде қабылданған.
Ұлттық банктің мәліметінше, Қазақстан қор биржасында облигацияларды орналастырудың жалпы көлемі – 190 миллиард теңге.
«Облигацияларды сатып алу салымшылардың зейнетақы жинақтары бойынша сақтауды қамтамасыз ету және нақты табысты алу жөніндегі ұзақ мерзімді мақсаттарға сәйкес келеді», — деді Ұлттық банктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Ұлттық банк «Бәйтерекке» салынған зейнетақы қаржысы мерзімінен бұрын қайтарылатынын айтты.
«Эмитент жыл сайын 5 жыл өткеннен кейін ұстаушыларға тиесілі облигациялардың бір бөлігін олардың талабы бойынша номиналды құны бойынша бастапқы орналастыру көлемінің 10 пайызына дейінгі мөлшерде сатып алуға міндетті», — деп толықтырды ведомство.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ қаражаты көлік инфрақұрылымын дамытуға жұмсалмақ.