«Ұлттық қор – балаларға»: 7 млн жуық баланың шотына қаражат аударылды

Жыл басынан бері «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 6,9 млн баланың есепшотына қаражат аударылды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Бюджеттік кредиттеу, ҚР Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаментінің директоры Айбол Арғынғазинов мәлімдеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске асырылады бастады. Бұл жаңа Қазақстанды құру мен экономиканың іргелі заңдылығы – ұлттық байлықты әділетті бөлуге бағытталған алғашқы қадам деп айтуға болады. Ұлттық қордың соңғы 18 жылдағы қалыптасқан орташа инвестициялық кірісінің мәні 695 519 269 АҚШ доллары сомасындағы қаражат 6 919 131 балаға теңдей бөлініп, әрбір баланың есепшотына 100,52 АҚШ доллары мөлшеріндегі нысаналы салым түсті», — деді А. Арғынғазинов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, биыл «Ұлттық қор – балаларға» қаражатын 304 815 бала пайдалана алады.

«Қазіргі таңда салалық министрліктердің бұйрықтарымен қаражатты білім алу мен тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдалану тәртібі айқындалған», — деді ол.