ALASHORDA Мәзір
Саясат

Олжас Бектенов Орынбор облысының губернаторы Евгений Солнцевті қабылдады

Олжас Бектенов Орынбор облысының губернаторы Евгений Солнцевті қабылдады

Премьер-министр Олжас Бектеновтің Ресей Федерациясы Орынбор облысының губернаторы Евгений Солнцевпен кездесуі барысында сауда-экономикалық және өңіраралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Орынбор облысы – Қазақстанның негізгі шекара маңындағы әріптестерінің бірі. Нақтыланған мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы облыспен Қазақстан өңірлерінің тауар айналымы 13,7%-ға өсіп, $641,7 млн-ға жетті, осы жылдың қаңтар-қыркүйегінде бұл көрсеткіш $400,5 млн болды.
 

— Қазақстан мен Ресей көшбасшылары арасында тұрақты әрі сенімге негізделген диалог орнатылды. Бұл екі елдің, жекелеген өңірлер мен кәсіпорындардың экономикалық байланысын дамытуға берік негіз қалайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы шамамен $27 млрд-қа жетті. Қазіргі таңда мемлекеттер басшылары алға қойған міндеті – тауар айналымын $30 млрд-қа дейін жеткізуге жақындап келеміз. Орынбор облысына келер болсақ, биылғы көрсеткіштер көңіл қуантады, өзара сауда көлемі артып келеді, $640 млн-нан астамы Орынбор облысына тиесілі, - деді Олжас Бектенов.

Орынбор облысының губернаторы сауда-экономикалық қатынастардың тұрақты түрде нығайып келе жатқанын атап өтіп, шекара маңындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударды.
 

– Қазақстан – біздің ірі сауда серіктестеріміздің бірі. Қазақстанның үлесіне Орынбор облысының барлық әріптес өңірлермен жиынтық сыртқы сауда айналымының шамамен 20%-ы немесе бестен бір бөлігі тиесілі. Біз сіздерге ауыл шаруашылығы өнімдері мен өнеркәсіптік тауарлар жеткіземіз, Қазақстаннан кабельдік және химиялық өнімдерді, азық-түлік өнімдерін, тұтыну тауарларын аламыз. Жыл сайын өткізу пункттері арқылы жолаушылар мен жүк ағындары артып келеді. Өнеркәсіптік кооперация ерекше маңызға ие. Біз АӨК саласындағы экономикалық байланыстарымызды едәуір нығайта алатынымызға сенімдімін, - деп атап өтті Евгений Солнцев.
 

Өзара сауданың бүгінде бар әлеуетін аша түсуге арналған бағыттар атап өтілді. Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, авиациялық қатынастарды, өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы кооперациясын кеңейтуге, мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылға назар аударылды. 

Кездесу қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға бірлескен бастамаларды жүзеге асыру кезінде қажетті жәрдем көрсету жөнінде бірқатар тапсырма берілді.