Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты басқа жұмысқа ауысуына байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров NEGE басылымына хабарлады.
«Бұл шешім Президенттің арнаулы қызметті реформалау жөніндегі тапсырмасын табысты орындау үшін басшылық құрамда кадрлық ротация жүргізу қажеттігін ескере отырып қабылданды.
Ермек Сағымбаевты қызметінен босату туралы шешім қабылдағанда Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлық ісіне қатысы бар адамдардың ұсталуын да, әрине, ескерді. Президенттің пікірінше, күштік құрылымдар қателік жіберген. Осыған байланысты ішкі істер министрі Ержан Сәденовке де тәртіптік жаза қолданылды.
Сол күні Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен жұмыс кеңесін өткізді. Президент қызметтік тәртіпті нығайтуды және «Заң мен тәртіп» қағидатына сай қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлық деңгейін арттыруды тапсырды».
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке полицияның қатардағы қызметкерлері мен офицерлері арасында тәрбие жұмысын күшейту қажеттігі айтылды.