Париж Олимпиадасына 90-ға жуық жолдама алуды көздеп отырмыз — Елсияр Қанағатов
Биылғы жылдың басты додасы Париж Олипиадасына Қазақстан құрамасы 90-ға жуық лицензия жеңіп алуды көздеп отыр.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің дене шынықтыру және спорт, ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеу салаларындағы 2023 жылғы қызметі мен 2024 жылға қойылған негізгі міндеттері туралы кеңейтілген Алқа мәжілісінде Олимпиада ойындарына дайындық жөніндегі штабтың басшысы Елсияр Қанағатов мәлім етті.
«Қазіргі таңда Олимпиада ойындарының жолдамаларына таласатын 160-тан астам спортшы іріктеліп, қызу дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Маусым айының соңына дейін 70-ке жуық халықаралық іріктеу турнирлеріне қатысып, 90-ға жуық лицензияға қол жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз», — деп атап өтті Қанағатов.
Сондай-ақ ол Олимпиада ойындарына дайындық жөніндегі штабтың атқарып жатқан жұмысының басты бағыттары туралы да атап өтті.
«Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдау кезіндегі Президенттің тапсырмасын орындау үшін Туризм және спорт министрінің бұйрығымен қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасына және жазғы Олимпиада, Паралимпиадаға дайындық мәселелерін үйлестіру үшін Спортты дамыту дирекциясының, Ұлттық Олимпиада комитетінің және федерациялардың білікті мамандарымен жасақталған арнайы штаб құрылды. Қазіргі таңда штаб өзінің жұмысын жоспар бойынша атқаруда. Штабтың жұмысы Жасөспірімдер Олимпиадасына дайындық мәселелерін ұйымдастырудан басталды. Осы кешенді жарысқа қатысу бойынша Министрліктің, Ұлттық Олимпиада комитетінің, федерациялардың қолдауымен барлық жағдай жасалды. Соның арқасында біздің спортшыларымыз жақсы нәтиже көрсетіп Қазақ елін жақсы жағынан дүние жүзіне таныта білді. Қазіргі таңда Штаб Париж қаласында (Франция) өтетін 2024 жылғы XXХIII (33) — жазғы Олимпиада, XVII (17) Паралимпиада ойындарына ұлттық құрама командаларды даярлауды қамтамасыз ету бойынша жұмыс атқарып жатыр», — деді штаб басшысы.