Қаңтарда ЖІӨ өсімі 3,9 пайыз болды
Қаңтарда еліміздің жалпы ішкі өнім өсімі 3,9 пайыз болды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.
«2023 жылы Қазақстан экономикасы жылдық 5,1 пайызға өсті. Экономиканың барлық негізгі салаларында іскерлік белсенділік кеңейді. 2024 жылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім жылдық 3,9 пайызға артты. Іскерлік белсенділік одан әрі кеңеюде. Құрылыс, көлік, ақпарат және байланыс салалары ең жоғары өсу қарқынын көрсетті. Өңдеу өнеркәсібінде іскерлік белсенділік артты. Оның ішінде химия өнеркәсібі, машина жасау, металл бұйымдары және металлургия салалары өсіп келеді. Бөлек айта кететін жайт, 2023 жылы егіннің аз жиналуынан туындаған құлдыраудан кейін ауылшаруашылық өндірісі өсу аймағына өтті», — деді Тимур Сүлейменов Ұлттық банкте өткен брифингіде.
ҰБ басшысының айтуынша, ішкі сұраныс бағаға қысым көрсетіп, тұрақты қалпында қалды. Оны бөлшек тауар айналымының, жекелеген тұтыну тауарлары импортының және тамақтану, қонақүй қызметі деректерінен көруге болады. Халықтың нақты жалақысының өсуі және тұтынушылық кредиттеу ішкі сұранысқа қолдау көрсетті.
«Инвестициялық белсенділік артып келеді. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсімі экономиканың барлық саласында байқалды», — деді ол.