Самат Әбіш жас балалары болған соң 8 жылға сотталды

Сот өкілдері Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісінің құпия ісіне түсініктеме берді, деп хабарлайды alashorda.kz сайты.

«Билікті асыра пайдаланды деп айыпталған Самат Әбішке қатысты қылмыстық іс (ҚР ҚК 362-бабы, 4-бөлігі) қаралды. «Құпия» белгісін ескере отырып, сот отырыстары жабық форматта өтті», — деп хабарлады Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты.
Сотта прокурор соттан Самат Әбішке 10 жылға белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Алайда жаза пробациялық бақылауды белгілей отырып, сол мерзімге шартты түрде соттау туралы үкім шыққан.

«Сотталушы кінәні толығымен мойындады және шын жүректен өкініш білдірді», – деп хабарлады соттағылар.
Сотталушының жас балаларының болуы және оның шын жүректен өкінуі соттың жеңілдететін мән-жайлары деп танылды. Ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ.
ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіш қаңтар оқиғалары туралы іс бойынша шартты түрде сегіз жылға сотталғанын депутат Ермұрат Бәпи хабарлаған еді.
Самат Әбіш қаңтар айындағы оқиғалардан кейін көп ұзамай қызметінен айырылып, ҰҚК-нің бұрынғы басшыларына қатысты іс бойынша куәгер болған.