Атырау облысындағы Көздіқара ауылының тұрғындарын эвакуациялау басталды

Атырау облысында Ойыл өзенінің арнасынан асқан тасқын судың қаупі әлі сейілмей тұр. Бүгін Қызылқоға ауданындағы Көздіқара ауылынан 30-дан астам тұрғын эвакуацияланды.

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, су полициясының қызметкерлері тұрғындарды эвакуациялауға көмекке келді.

«Тасқын су Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы ауылынан шығатын айналма жолды шайып кетті. Қазір жол қозғалысы тоқтады. Су полициясының қызметкерлері ауданға келген гуманитарлық көмекті моторлы қайықпен жеткізуге атсалысуда. Кеше, 1 сәуірден бері тасқын су басқан Тайсойған ауылынан 100-ден астам тұрғын моторлы қайықпен эвакуацияланды. Бүгін, 2 сәуірде таңғы сағат 7-ден бері Көздіқара елдімекенінен 30-ға жуық тұрғынды эвакуациялау басталды», — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.