Назарбаев Тоқаевтың саяси бағытын қолдайтынын айтты
Нұрсұлтан Назарбаев қоры биліктің су тасқынының салдарын жою бойынша жүргізген шараларын тұтас қолдайтынын мәлімдеді. 16 сәуірде қор мәлімдеме таратып, елде су тасқыны жалғасып жатқан шақта «Назарбаев қоры биліктің беделін түсіруге талпынып жатыр» деген тұжырымды жоққа шығарды.
Қордың мәлімдеуінше, бұған дейін «кейбір әлеуметтік медиада» Нұрсұлтан Назарбаев қоры «биліктің беделін түсіру және қоғамды тұрақсыздандыруға» бағытталған ақпараттық кампанияны жүргізіп жатқаны жөнінде мәлімет жарияланған.
Қор өкілдерінің айтынша, мәліметті анонимді дереккөзі жариялаған және оны жекелеген медиа тұлғалары да қайталап, «негізсіз жала жапқан».
«Нұрсұлтан Назарбаев қоры бұл жарияланым мен мәлімдеменің ешқандай объективті әрі нақты негізі жоқ деп мәлімдеме жасау қажет деп санайды» деп жазылған хабарламада.
Қор сонымен бірге «қоғамға шынайы және сенімді ақпарат берудің маңыздылығын» атап көрсеткен.
«Нұрсұлтан Назарбаев қорының қызметінде саяси да, ақпараттық-манипуляциялық та сипат жоқ. Қордың жұмысы тек әлеуметтік жобалар мен азаматтық бастамаларды дамытуға, жастарды қолдауға, қайырымдылық көмек көрсетуге бағытталған» деп жазылған хабарламада.
Қордың мәлімдемесінде экс-президенттің ұстанымы да жазылған.
«Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты және оның саяси бағытын әрдайым қолдағанын және қолдайтынын айтамыз. Осы күндері ел азаматтары сияқты тұңғыш президент те су тасқынынан зардап шеккен жандарға алаңдап отыр. Біз мемлекет басшысы мен үкіметтің ел өңірлерінде бұрын-соңды болмаған су тасқынының салдарын жою жөніндегі шарасын толығымен қолдаймыз.» деп жазылған хабарламада.
Мәлімдемені бұрынғы президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай X желісіндегі парақшасында таратты. Президенттің өзі су тасқыны ахуалына байланысты пікір білдірген жоқ.
Elbasy.kz-тен Nazarbayev.kz болып өзгертілген экс-президенттің ресми сайты кейінгі күндері ашылмайды.