Орталық Азияның бірыңғай нарық құруына Кремль неге қарсы?

Eurasianet басылымы Орталық Азия елдері сауда кедергілерін жойып, аймақта бірыңғай нарықты қалыптастырудың алғышарттарын жасап жатқанына назар аударды, деп жазады Азаттық радиосы.

Бірақ Кремль бұған алаңдаулы, себебі Орталық Азиядағы еркін сауда Ресейді айналып өтетін коммерциялық байланысты күшейтеді.

АҚШ қолдауымен іске асып жатқан B5+1 форматының мақсаты − аймақта тауар мен қызметтің еркін қозғалысына жол ашатын бірыңғай нарық құру. Business 5+1 – АҚШ пен Орталық Азия елдерінің бизнес-қауымдастығы мен үкіметтері арасындағы диалог алаңы. Бұл форматтағы алғашқы форум наурызда Алматыда өтті.

B5+1 аймақта кеден процедурасын жеңілдетіп, коммерциялық дауларды реттеу мен меншік құқығын қорғайтын механизмдерді дамытуды көздейді, бұл көбірек инвестиция тартуға және Батыспен тауар айналымын арттыруға жол ашады. Басылым сәуір айында аймақта дипломатиялық белсенділік Орталық Азияның бұл жоспарды іске асыруға құлықты екенін көрсетеді дейді.

Сәуірде Қазақстанға келген Қырғызстан басшысы Жапаров пен ел президенті Тоқаев трансшекаралық тасымалды жеңілдететін келісімдерге қол қойды. Осы айда Өзбекстан президенті Мирзяев пен Тәжікстан президенті Рахмон 28 келісімге қол қойды, оның екеуі сауданы жеңілдетуге бағытталған.

Орталық Азияның сауда тосқауылдарын жою әрекеті Мәскеуді алаңдатып жатқанға ұқсайды. Кремльшіл «Независимая газета» басылымы 21 сәуір күнгі мақалада аймақта бірыңғай нарықтың жұмыс істеу мүмкіндігіне күмән келтіруге тырысты. Мәскеу мемлекеттк халықаралық қатынастар институтының ғылыми қызметкері Александр Князев аймақта экономикалық интеграция туралы сөз қозғау ерте, көпжақты сауда жайлы келіссөз бірыңғай нарықты қалыптастыра алмағанын айтты. Ол B5+1 концепциясын сынап, аймақта сауданы «қиялдан туған көпжақты формат» емес, екіжақты келісімдер қалыптастыратынын жеткізді.

Eurasianet Алматыда өткен B5+1конференциясының қорытынды құжатында аймақ елдері адамдар мен тауардың трансшекаралық қозғалысына кедергілерді жою арқылы сауда шығынын азайтуға келіскенін келтіреді.