Бишімбаев ісі: Байжанов 4 жылға сотталды

Қуандық Бишімбаевтың қылмысын жасырды деп айыпталған экс-министрдің інісі Бақытжан Байжанов сот үкімімен 4 жылға сотталды.
Ол сот процесі басталғаннан бері өзінің кінәсіз екенін айтып, марқұм Салтанат Нүкенованың туыстарынан бірнеше рет кешірім сұраған болатын.
«Салтанат қорылдап ұйықтап жатты. Жаман ой келмеді. Жедел жәрдем шақырып, дабыл қағуым керек еді. Осы сұмдық оқиғадан қабырғасы қайысып отырғандарға шын жүрегіммен жаным ашиды. Салтанаттың туған-туыстарына көңіл айтамын. Маған сенбейтін шығарсыздар. Бірақ жүрегім ауырып, қайғырамын. Себебі, Салтанатты өте жақсы қырынан танитынмын. Мен бәрінен кешірім сұраймын. Ең бірінші, Салтанаттың туыстарынан, достарынан, өзімнің ата-анамнан, жұбайым мен балаларымнан кешірім сұраймын. Мен жауапкершілікті толықтай мойныма аламын. Сол қайғылы күні жағдайды толық түсініп, бағамдай алмағаным үшін өкінемін», — деген еді Байжанов алдыңғы сот процестерінің бірінде.